Үкімет • 14 Қаңтар, 2020

Шетелдік жұмыс күшіне шектеу қойылады

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте сыртқы еңбек көші-қонын реттеу мәселелері қаралды. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, шетелдік кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің басшылары қатысты.

Шетелдік жұмыс күшіне шектеу қойылады

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетовтің берген мәліметіне сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша шетелдік жұмыс кү­шін тартуға 19,1 мың рұқсат бе­рілді. Оның құрылымына келсек, 77%-ын басшылар мен білікті мамандар құрайды. Еңбек мигранттарының негізгі шығу елдері – Қытай, Өзбек­стан, Түркия, Үндістан және Ұлыбритания. 2019 жылдың қо­ры­тындысы бойынша жұмыс беру­шілер 8,2 млрд теңге көлемінде салық алымын төледі. Кадрлардағы қазақ­стандық қамту 96% деңгейінде қамтамасыз етілген.

30-дан астам шетелдік маман жұмыс істейтін 95 кәсіпорынды тексеру барысында еңбек және көші-қон заңнамаларын бұзудың 1008 фактісі, оның ішінде жергілікті және шетелдік жұмысшыларға еңбекақы төлеуде 479 сәйкес келмеушілік анықталды.

Сондай-ақ заң бұзушылықтардың қатарында еңбек жағдайлары мен са­ни­тарлық-тұрмыстық жағдайлар бо­йынша кемсітушілік, шетелдік жұ­мысшылар білімінің өздері­нің атқарып жүрген лауазымдарына сай келмеуі, рұқсатқа сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұ­мысты орындау және басқалары бар.

«98 млн теңгеден астам сомаға 397 әкімшілік іс қозғалды. 361 шет­ел­дік жұмысшының жалақысы қазақстандық жұмысшы деңгейіне дейін төмендетілді, ал 4 қазақстандық жұмысшы үшін жалақы шетелдік жұмысшы алатын ақы деңгейіне дейін көтерілді. 703 рұқсат қайтарып алынды, 507 шетелдік жұмысшы елден шығарылды»,  деді Біржан Нұрымбетов.

Ол мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу және азайту, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру тәртібін күшейту мақсатында министрлік бірқатар шараны қабыл­дап жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, жұмыс беруші­лердің жұмысшыларға теңдей сани­тарлық-құқықтық жағдайларды қамтамасыз ету міндеті заңнамалық тұрғыдан енгізіледі. Жыл сайын 30-дан аса шетелдік жұмыскерді тартатын, жұмысшыларының саны 250 адамнан астам болатын кәсіпорындарды жыл сайынғы жоспарлы тексерулермен қамту көзделген. 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 48,7 мыңнан 29,3 мыңға дейін қысқартылды. 4 санат бойынша жұмыскерлерге рұқсат беру тек ішкі нарықта жұмыскерлер болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар жұмыс берушілер заңнамалық негізде 3-4 санаттар бо­йынша тартылатын шетелдік жұмыс­керлерді қазақстандық кадр­лармен алмастыруға міндеттеледі.

Өз кезегінде Ішкі істер министрі­нің орынбасары Арыстанғани Зап­паров өткен жылы 531 еңбек рұқ­сатнамалары берілгенін атап өтті (жұмыс берушілердің – жеке тұлға­лардың жұмысын ІІМ квотасы бойынша атқару). Еңбек мигранттарының негізгі бөлігі жөндеу жұмыстарымен немесе құрылыспен айналысады, бала күтуші, аспаз және басқа да үй жұмыстары қызметтерін ұсынады. Бюджетке 6,5 млрд теңге төленді. 

«Талдау көрсеткендей, ТМД елдерінің азаматтарының заңсыз еңбекпен айналысуына көбіне Қазақстанға келудің және мұнда болудың жеңілдетілген тәртібі ықпал еткен. Олардың біздің елімізде болу кезеңіне уақыт жағынан ешқандай шектеу қойылмаған, себебі, мерзімі өткен соң шетелдіктер бірден шы­ғып, қайтадан Қазақстанға кірген. Осы­ған байланысты заңнамаға өзге­ріс­­тер енгізілді. Енді визасыз ре­жім­­де келетін шетелдік азаматтар Қазақ­­станда жарты жыл ішінде 90 күн­нен артық бола алмайды», деді А.Заппаров.

Сонымен қатар көші-қон заң­намасына енгізілген өзгерістер аясында еңбек мигранттарынан әр ай сайын 2 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейінгі мөлшерде табыс салығы бойынша алдын ала төлемдерді арттыру мәселесі талқылануда.

Кеңесті қорытындылаған Берді­бек Сапарбаев бірқатар нақты тап­сыр­ма берді. Атап айтқанда, ең­бек министрлігіне және жергілікті ат­қару­шы органдарға шетелдіктерге рұқсат беруді бақылауды күшейту тапсырылды.

«Шетелдік жұмыс күшін тарту – өте маңызды мәселе. Біздің міндетіміз – ішкі еңбек нарығын қорғау. Бұл бағыт­тағы алғашқы қадамды жасадық, сөйтіп шетелдік жұмыс күшіне квотаны 40%-ға – 29 мыңға дейін төмендеттік», деді ол.

Вице-премьер сонымен қатар еңбек мигранттары санының артуы­на назар аударды, олардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарына тартылған. Оның пікірінше, мұндай жұмыс орындарында жергілікті кадр­лар жұмыс істей алады.

«Тексерістер кезінде анықталған фактілер нақты жойылуы тиіс. Ин­женер болып жұмыс істеуге рұқ­сат алып, шын мәнісінде аспаз болып қыз­мет етіп жүрген мысалдар бар. Оған қоса, жалақыны инженер ретінде ала­ды. Осындай кәсіпорындардың басшы­ларына қатысты қатаң шаралар қабыл­дау қажет. Жұмыс берушілер мы­наны түсінуі керек: егер олар Қазақ­станда жұмыс істегісі келсе, заңдарды бұзуға жол бермеуі тиіс. Қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер үшін жалақы мөлшері де, еңбек шарттары да, әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайлар да бірдей болуы қажет. Алалау болмауы керек», деп түйіндеді Б. Сапарбаев.