Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Жастар жобасы жалғаса береді

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында ерікті жастардан құрылған топ бар. Жұртқа жақсылық жасауды көздеген еріктілердің басын қосқан «Жаңарған Жаңақорған жастары» атты осы ұйымға Еркінбек Айнақожаев атты азамат жетекшілік етеді.

Жастар жобасы жалғаса береді

Осыдан 4 жыл бұрын құры­лып, ешкімнің нұсқауынсыз әлеуметтік жобаларды жүзеге асыра бастаған олар былтырғы Жастар жылында ресми түрде тіркеуден өтті. Аудан басшылығы жастардың жұмыс жоспарымен танысып, олардың әлеуметтік дүкен ашуына септігін тигізді. Кенттегі «Ордакент» ресурстық орталығынан арнайы бөлме берді.

Еріктілер өткен жылы өз қа­тарларын «Тазалық табал­ды­рықтан басталады» атты 2 күн­дік акцияға жұмылдырды. Нау­рыз мерекесіне орай қайы­рым­дылық шарасын өткізіп, талай жанның жанына шуақ себетін игілікті іс ұйымдастырды. Таны­мал айтыскер ақын Ақмарал Леубаева бастамашы болған «Ана­­­­ға хат», «Әкеге хат» жобаларын Жаңақорғанда жалғастырды. Бар уақытын ұялы телефонға тел­­мірумен өткізетін жастарға ата-анасына хат жаздырып, үздік шыққандар аудандық мәдениет үйінде марапатталды. Оларға табыс етілген бағалы сыйлықтарды жер­­гілікті кәсіп­керлерді жа­­ға­ла­ған осы ерікті жастар тапты.

Жастар ұйымдастырған жақсы істің бірі – баспана қиын­дығын тартқан отбасыларға асар әдісімен үй салып беру. 2018 жылы бір отбасына 4 бөлмелі үй салып берсе, былтыр тағы екі шаңырақты қуанышқа бөлеп, оларға жаңа үйдің кілтін табыс етті. Күзде тағы бір үйдің іргетасын қалады, күн жылына құрылыс жалғасады.

Жаңалықшыл жастар әлеу­меттік көмек сұраушылар арасында сауалдама жүргізіп, оған қатысқандардың икеміне қарай құрал-жабдықтар алып беріп, бизнеске баулуға бастамашы болды. Былтыр осы жоба аясында 3 отбасына тігін машинасы, тағы бір үйге электр пеші, тұшпара жасап, кәсіп бастаған тұрғынға мұздатқыш сатып алып берді.

«Ауылдан – Олимпиадаға» атты жоба шеңберінде өңір­ден шыққан спортшылар мен жастардың кез­десуін ұйымдастырды. Арыс­тағы төтенше жағдайға байланысты 12 тонна азық-түлік, киім-кешек пен 2 миллион теңге жинап, оны апат абыржытқан ағайынға табыс етті. Еріктілер еңбегі ескеріліп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші жобасы аясындағы «Жомарт жүрек» облыстық конкурсында «Жаңарған Жаңақорған жастары» «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына ие болды.

Биылғы Волонтер жылы жаңа­қорғандық жастардың жандарына жігер, істеріне серпін береді. Осы жылы да еріктілердің жақ­сы істері жалғасын таба бермек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА