Қоғам • 14 Қаңтар, 2020

Мемлекеттік мүддені аяқ асты еткен мемлекеттік қызметкерлер

515 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласындағы «Ивушка» бала бақшасындағы қазақ тобы жабылады деген әлеуметтік желілердегі тосын хабар еліміздің барлық түкпірін елең еткізді. Кеше осы мәселе облыстық «Nur Otan» партиясының филиалында Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның қатысуымен талқыланды.

Мемлекеттік мүддені аяқ асты еткен мемлекеттік қызметкерлер

Алдымен облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Владимир Ткаченко баяндама жасап, былтыр «Ивушка», «Ақ Бота» және «Балдәурен» балабақшаларының сенімді басқаруға берілгендігін айтты. Оларды «Бал Арман» ЖШС алыпты. Жарты жылға жетпей «Ивушка» балабақшасын алған серіктестік ата-аналардың төлемін 23 мың теңгеге дейін көтерген. Өйткені, олар 21 млн. теңгенің инвестициясын салды деді шешен. Сонымен бірге он төрт адамдық қазақ тобын жабу туралы шешім қабылдаған.

Осыдан біраз бұрын «Хабар 24» телеарнасының тілшісі балабақша басшылары төрт орыс тобына қазақ тілінде тәрбиеленетін он төрт балалы топты бөлеміз, сөйтіп бәрін тек орыс тілінде тәрбиелейтін боламыз, деп айтқанын жеткізген. Ал қазақ тобын алып қаламыз, олардың орыс тобының есебінен толтыруға тырысамыз дегенді сенімді басқаруға алған орыс тілдестер ойына да алмайтын болса керек. Орыс топтарын қазақ балаларымен бір топқа қосайық десек, олардың ата-аналары шу шығарады және ата-аналар жаңа төлемақыны көтере алмайтынын балабақшаның меңгерушісі Зинаида Токарева айтқан.

Ал «Хабар-24» тілшісінің айтуына қарағанда мемлекет әрбір бала үшін сенімді басқаруға алғандарға 30 мың теңгеден төлейді екен. Қалған шығындар кәсіпкердің мойнында. Шағын сюжеттен түсінгеніміз – сенімді басқаруға алған кәсіпкер қазақ тобын жауып, тек қана орыс топтарын қалдыруды ғана алдына мақсат тұтқан. Өзінің қай мемлекетте қызмет істейтінін де ескермеген.

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманмен болған кездесуде аталмыш балабақшалардың бәрі қалыпты жұмыс істеп тұрған мекемелер екендігі белгілі болды. Ендеше оларды сенімді басқаруға берудің де мәжбүрлігі жоқ. Алайда қалалық Білім басқармасының бастығы Сара Миронқызы Рамазанова деген ханым бұл балабақшаларды жамандауға тырысты. Орыс тілдес әйел қазақша қойылған сауалдарға да жауап бере алмай, тосылып, тұрып алды. Сонымен бірге оның Мамлют ауданынан келгендігі, ал жап-жақсы балабақшаларды сенімді басқаруға алған кәсіпкер де сол аудандікі екені белгілі болды. Журналистердің сіз ол кәсіпкерді білетін бе едіңіз деген сауалына Миронқызы жауап бермеді. Кездесуге қатысуға келген Амандық Жантеміров деген ақсақал осы кәсіпкерді білетінін және оның аз уақыттың ішінде балабақшаны көркейтуге 21 млн. теңге инвестиция салғанына шүбәлі екенін айтып салды. «Мен оның ешқандай артық ақшасы жоқ екенін жақсы білемін» деді ақсақал.   

Ал осы жолдар авторының облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары В.Ткаченкоға: «сенімді басқаруға берілген келісімшартта айтылған бейінділікті сақтау туралы міндеттеме» талабын орындамағаны үшін сенімді басқарудан қайтадан алып қоюға болмады ма және осы істі қадағаламаған жауапты шенеуніктер қалай жазаланады деген сауалы да жауапсыз қалды. Мұндайды Ткаченко өмірінде бірінші рет естігендей иығын қиқаңдатуды білді.

Ұзын сөздің қысқасы, облыстың демесек те Петропавл қаласы Білім басқару саласында мемлекеттік мүддені сақтайтын және оның бұзылмауына жол бермейтін мемплекеттік шенеуніктер жоқ па деп қалдық. Саланы басқаратын С.Миронқызы деген шенеунік оны керек қылып тұрмағаны да көрініп тұр. Тиісті органдар бұл мәселеге назар аударар деген үміттеміз.