Спорт • 14 Қаңтар, 2020

Жүзу: Дмитрий Баландин «Champions Swim Series» додасына қатысады

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қытайдың Шеньчжэнь қаласында Халықаралық су спорты түрлері федерациясының (FINA)  санатындағы «Champions Swim Series» жарысының бірінші кезеңі басталады.

 

Жүзу: Дмитрий Баландин «Champions Swim Series» додасына қатысады

Айтулы додада Олимпия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, Азиаданың үш дүркін чемпионы және үш дүркін қола жүлдегері Дмитрий Баландин де өнер көрсетеді. Ертең ол 200 метрлік қашықтыққа брасс әдісімен жүзу сайысында бақ сынайды. Бұл бәсекедегі оның қарсыластары – Олимпиада жүлдегері Джон Прено (АҚШ), әлем чемпионы Маркус Кох (Германия) және Европа чемпионы Арно Камминга (Голландия).

Естеріңізге сала кетейік, «Champions Swim Series» жарысына Қазақстаннан тек Баландин ғана қатысуда. Былтыр ғана тұсауы кесілген үш кезеңнен тұратын доданың екеуінен ол олжалы оралған еді. Атап айтсақ, Будапеште күміс медальді иеленсе, Индианаполисте қолаға қол созды. Сондай-ақ Гуанжоуда төртінші орында қалып қойды. Нәтижесінде жерлесіміз Токио Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.