Сенатор мұнай компаниясының қызметкерлерімен кездесу барысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің ережелерін қолдану мәселелеріне тоқталды. Компания өкілдері жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шартқа толықтыруларға қол қою кезінде құзыретті органның шешім қабылдау тәртібін оңайлату және оған «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңның ережелерін осы рәсімдерге қолдану мүмкіндігі жөніндегі ұсынысты жария етті. Әйнекті өнеркәсіптік тұрғыда қайта өңдейтін мамандандырылған кәсіпорында болу кезінде зауыт еңбеккерлері сенаторға жылыжай кешендеріне жергілікті әйнекті сатып алуға мүмкіндік беретін заң ережелерін қабылдауды қарастыру туралы ұсыныс айтты.
Депутаттың Бәйтерек ауданындағы Мичурин жалпы орта білім беретін мектеп-бақшасының мұғалімдерімен кездесуінде «Педагог мәртебесі туралы» заң талқыға салынды. Сенатор педагогтардың құқықтарын кеңейту, әлеуметтік кепілдіктері және оқушы мен мұғалімдерге жүктемені қысқарту туралы әңгімеледі. Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесу барысында Қанатбек Сафинов медициналық қызмет көрсетудің үш деңгейлі жаңа жүйесінің ерекшеліктеріне назар аударды.
Депутат жұмыс сапары аясында үй құрылысы комбинатының жұмысымен танысып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен әңгімелесті. Кездесуге қатысушылар ескі үйлерді ауыстыру және үй құрылысы комбинатының жұмысында жергілікті пайдалы қатты қазбаларды пайдалану мәселесін көтерді.
Теміртау қалалық аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдерімен кездесуде жоғарғы палата депутаты шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде инвестиция тарту арқылы табиғатты қорғауды күшейту мәселелері қаралды.
Сенаторлар Қанатбек Сафинов пен Ләззат Сүлейменнің қорытынды кездесуі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында «Kazenergy» қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен болды. Шарада жер қойнауын пайдалануды реттеу мәселелері және осы саладағы дауларды шешу тәртібі талқыланды.
Сенатор сонымен қатар азаматтардың шағымдарын қабылдады және олар уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.