Аймақтар • 15 Қаңтар, 2020

Аграрлы-индустриялы бағыт тиімді

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығы, БАҚ пен саяси партиялар өкілдері, қатысқан кеңейтілген отырыс өтті. Жиын барысында экономиканың барлық саласы бойынша жаңа жылдағы жұмыс жоспары жарияланды.

Аграрлы-индустриялы бағыт тиімді

Алдымен ауыл шаруашы­лығы басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің, индус­триялық-инновациялық даму бас­қармасының бастығы Ар­ман Оразғұловтың, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­­қармасының бастығы Серiк Мұ­хамедиевтің және тағы бас­қа­ларының баяндамалары тың­далды. Онда айтылғандай, би­ыл өндіріске отандық және шет­елдік 226,3 млрд теңге капитал құйылып, соның нәтижесінде 34 жоба іске асырылмақ. Бұл жа­ңадан 3000 жұмыс орнын ашу­ға жол ашады.

Агроөнеркәсіп саласына был­­тыр салынған және жаңа жылда жалғасатын инвестияция мен іске асырылатын жобалар тура­лы айтылды. «Жалпы, бұл сала бойынша 2020 жылы біз 13 ірі ин­вестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оған 22,8 млрд теңге салы­нып, жаңадан 300 жұмыс орнын ашу жоспарланған», деді тиісті басқарма басшысы Е.Бекшенов. Оның айтуына қарағанда, облыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір амалы ретінде тауарлы-сүт фермаларын көптеп құруға назар ауда­рып отыр. Мәселен, былтыр «Қы­зылжар-Сүт» ЖШС сүт өн­діруге 2,1 млрд теңге құйы­лып, 720 орындық кешен са­лынған. Алдымыздағы көктемде 1,8 млрд теңгеге Австриядан 360 бас сүтті сиыр жеткізіледі, сөй­тіп жа­ңадан 35 жұмыс орны ашы­лады.

Жалпы, сүт фермасын ашу­ды көздеп отырған шаруа­лар баршылық. Айталық Ғабит Мү­сірепов ауданындағы «Воз­вышенка СК» 600 орындық сүт ке­шенін салуды қолға ал­ған. А.Нукаев басшылық ете­тін бұл серіктестік жобаға 1,2 млрд теңге құюға дайын. Сондай-ақ А.Сапаров басқаратын «Ноғайбай» ЖШС да осындай жобаны жүзеге асырып жатыр.

Асыл тұқымды мал басын көбейту ісі де назардан тыс қал­­майды. Мәселен, Ақжар ауда­нындағы Т.Арғынбаев бас­қа­ратын «Береке-Ақжар» ЖШС 2500 бас бұқа өсірмек, соны­­мен қатар 3000 бас мал семірту алаңын салып жатыр. Бұл жұ­мысқа «Береке – Ақжар» бар­лығы 2,5 млрд теңге қаражат жұм­салмақ. Серіктестік қазірдің өзінд­е мал сатып алу үшін Авс­трияның фирмасымен келісім­шарт жасап қойған.

Осындай мал семірту алаң­­дарын «Елецкое» ЖШС, «Жер­қуар» агрофирмасы, «Ас­тық сату компаниясы» ЖШС қол­ға алып отыр. Әрқайсысы бұл іске 2-3 млрд теңгеден ақша құя­ды. Құс етін өндіру бойынша «Якорьская птицефабрика» ЖШС өндірісті дамытуға 0,6 млрд теңге құйып, құс санын қосымша 75 мыңға арттырмақ, бұл жұмыртқа өндіру көлемін тәулігіне 100-ден 150 млн данаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ет-сүт өнімдерін шығару бо­йын­ша алдағы жылы «Масло-Дел» ЖШС атты ірі фирма өн­діріске 4,2 млрд теңге құйып, жыл­­­дық қуаты 32 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Швей­царияның Эксойл Групп май шығару зауы­ты­­мен бірлескен жа­ңа кә­сіп­орын салу бойынша келіс­сөздер жүргізілуде.

Облыс орталығында көптен бері бос тұрған жерде былтыр «Dostyk Mall» сауда орталығы ашылып, оған мемлекет пен же­кеменшік капитал бірлесіп 5,4 млрд теңге инвестиция құй­ғанын айта кетейік. Қазір сауда орталығы шаһардың да сәнін арттырып тұр.

Ал Айыртау ауданында отан­дық инвестор «Energo Trust» ЖШС желден қуат алатын парк салуды жоспарлап отыр. Жалпы облыста барлығы 25 жел генераторы орнатылады деп күтілуде. Егер олардың бәрі орнатылса, 50 мегаватт электр қуаты өнді­ріл­мек.

«Бұл жобалар өңір экономикасына тың серпін береді. Біз­дің мақсатымыз – экономиканы аграрлы-индустриялы ету. Жаңа кәсіпорындар ашып, өндіріс кө­лемін ұл­ғай­ту керек», деді Құмар Ақ­са­­қалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы