Хоккей • 15 Қаңтар, 2020

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Салават Юлаевты» ұтты

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанда өткізген жергілікті «Барыс» Уфадан келген «Салават Юлаев» клубына сан соқтырды.

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Салават Юлаевты» ұтты

Бірінші кезеңде көрермендер қақпаға соғылған үш шайбаның куәсі болды. 5 минутта Дастин Бойд есеп ашса, 9 минутта Владислав Каратаев таразы басын теңестірді. Арада бес минуттан аса уақыт өткеннен соң дәл сол канадалық легионер «Барысты» қайта алға шығарды.

Үзілістен кейін Аркадий Шестаков үшінші голды қақпаға тоғытса, Александр Кадейкин есеп айырмашылығын қысқартты.

Үшінші кезең басталған бетте қорғаушыларымыздың қателігін ұтымды пайдаланған қонақтар есепті теңестіріп кетті. Десек те бұл жағдай біздің жігіттердің жігерін жасыта алған жоқ. Кездесудің соңына таман бас-аяғы бір минут аралығында айдын иелері қатарынан екі мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдың авторлары – Аркадий Шестаков пен Атте Охтамаа.

Осылайша, аса шиеленісті өткен бәсекеде «Барыс» 5:3 есебімен жеңіске жетті.

Осы күнге дейін 48 ойын өткізіп, 63 ұпай жиған «Барыс» қазіргі кезде тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде жетінші орынды иеленуде. Шығыс конференциясында жерлестеріміз үшінші орында тұр. Енді өзінің келесі кездесуін олар Нұр-Сұлтанда Магнитогорскінің «Металлург» клубына қарсы өткізеді.