Аймақтар • 15 Қаңтар, 2020

Қызылорда - инвесторлар үшін қолайлы аймақ

387 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Renovatio Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі серіктесі Джеймс Колтер Иеди, EDPR компаниясының өкілі Дуарте Нуно Менедес да Коста және BDC Consulting KZ компаниясының директоры Ахад Махмудовпен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қызылорда - инвесторлар үшін қолайлы аймақ

Аймақ басшысы мен инвесторлар кездесуінде облыста жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станциялары жобаларын жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылды.

200 МвТ күн электр станциясы құрылысының құны 100 млн АҚШ доллары. Жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласының сол жағалауынан  400 гектар жер таңдалған. Жоба 2020 жылдың ақпан айында басталмақ. Осыдан кейін екінші кезең аясында жыл соңына қарай электр станциясының құрылысы басталып, ол бір жылдан кейін  қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы мемлекетімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалғанын және екі мемлекет арасында бұндай жобаларды жүзеге асыру тиімді екенін атап өтті.

- Әлемде қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға байланысты өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор. Екі жақты жұмыс нәтижесінде соңғы 5 жылда Қазақстанның Португалиямен өзара саудасы 2,3 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде импорт көлемі – 81,2 млн АҚШ доллары. Қазақстандық экспортталушы өнімдер  қатарында: мұнай, мақта, қара металл бар. Ал, Португалиядан Қазақстанға электр машиналары, су көлігі, фармацевтикалық өнімдер келеді. Бұл ретте Қызылорда облысын  инвестиция тарту секторы ретінде таңдағандарыңызға қуаныштымыз. Аймақта табиғи ресурстар саны жетерлік. Облыстың жер қойнауында Менделеевтің кестесіндегі барлық элементтер бар, - деді облыс әкімі.

Өңірде жаңартылатын электр энергиясының көздерін дамыту қолға алынған.  Қазіргі таңда ұлыбританиялық, франциялық және болгариялық  инвесторлардың қатысуымен облыста осы бағытта 3 жоба іске асырылуда.