Аймақтар • 15 Қаңтар, 2020

Шымкент: Абай ауданының әкімі есеп берді

799 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ғ.Төлепов 2019 жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп берді. Кездесу Ақжар тұрғын алабындағы №122 мектепте өтті.

Шымкент: Абай ауданының әкімі есеп берді

Әкім өз баяндамасында өткен жылы шешілген және шешуін күтетін маңызды мәселелерді шолды. Олардың ішінде табиғи газ, ауызсу және жарықтандыру, сондай-ақ мектеп ғимараты сияқты қордаланған мәселелер көптің талқысына түсті.

– Аудан аумағы бойынша 22 елдімекен ауызсумен қамтылса, ал 12 елдімекен құдық және тасымал су пайдаланады. 2019 жылдың соңында аудан аумағы бойынша 24 елдімекен (78,5%), толық ауыз сумен қамтылды», - деді Ғалымжан Әнуарұлы.

Әкім аудан аумағындағы 24 елдімекен (67,1%) мемлекеттік электр жарығымен, 25 елдімекен (82,2%) табиғи газ жүйесімен қамтылғанын да тілге тиек етті.

Биылғы есептік кездесулердің бір ерекшелігі сол, әкімнің баяндамасынан кейін ешқандай жарыссөз болмады. Бірден сұрақ-жауапқа өтті. Қазығұрт шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбекұлы Құрсай елдімекеніндегі 900 орынды №49 мектепте 3000-нан аса оқушы 4 ауысыммен білім алып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар 700 мың халық саны бар елдімекенге заманауи жаңа емхананың, учаскелік полиция пунктінің қажеттігін алға тартты.

Аудан әкімі барлық мәселелерді мұқият тыңдап, шешімін табуына тікелей атсалысатынын айтты. Биыл Қазығұрт шағынауданында жаңадан Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылатынын да сүйіншілей кетті.