Знаменка ауылындағы «Органико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы қыста екінші рет дән егіп жатыр. Алдыңғы сепкендерінің өнімі көз қуантып самсап тұр. Серіктестік Есіл ауданының ғана емес, Көкшетау мен Қостанайдағы сауда нүктелеріне тәп-тәуір бәсекелестік туғызуда.
– Өткен жылы аудан орталығындағы сауда сөрелерін экологиялық таза өнімімізбен жаулап алдық, – дейді жылыжай шаруашылығының жетекшісі Виталий Кореньков, – кейін алыстағы тұтынушылар да құлақтанып, өздері іздеп келе бастады. Мәселен, Қостанай қаласының тұтынушылары аптасына бір жарым тоннаға дейін алады. Дәл осындай көлемде аудан орталығында сатылады. Көкшетаулықтарға 650-700 кило төңірегінде өтіп тұр.
Жылыжай шаруашылық жетекшісінің айтуына қарағанда, ең бастысы сапа екен. Өнімің сапалы болса, бәсекелестікте бәсің жоғары болмақ. Содан соң бағаны да ескермей болмайды. Серіктестік бір маусымда 30 тоннаға жуық өнім өндірген. Енді бірер күннен кейін жаңа өнімді жинау басталады. Сол кезде кіріс те көбейіп қалмақ.
Жылыжай – жергілікті «Тіней-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамдас бөлігі. Инвесторлар тарапынан экономикалық тиімділігі бар екеніне әлдеқашан көз жеткен. Олай болмағанда ше? Жергілікті жерде органикалық тыңайтқыш иен тегін, су да өздерінікі. Жылуға да оншалықты қиналып отырған жоқ. Көмірден істі бастағанда-ақ бас тартқан. Арнайы жабдықталған пеште серіктестіктің егін алқаптарынан дестеленіп жиналған сабанды жағады. Осының барлығы өзіндік құнының арзандауына тәп-тәуір әсер етеді. Оны айтасыз, қалған күл де тыңайтқыш ретінде кәдеге жарап жатыр. Жаңалыққа жаны құмар жандар еңбек десе жанып тұрады. Мәселен, жылыжайдың алғашқы корпусы салынып бітісімен онда қиярдың құлағы қылтия бастады.
Жергілікті жерде қасқалдақтың қанындай болып есептелетін көкөніс өсіру қолға алынғалы ондаған адам жұмыспен қамтылып, уақтылы жалақы алып отыр. Қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді екені көзге ұрып тұр. Көршісінің қарекетін көріп біздің ағайын да бел буса дейсің осындайда.
Ақмола облысы