Медицина • 16 Қаңтар, 2020

Зардабы ауыр дерт, науқас неге көп?

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында онкология дертіне шалдыққандар қатары азаймай отыр. Облыстың медицина саласына бөлінген қаржы жыл сайын көбейіп, мемлекеттік қолдаудың барлық түрі жасалғанына қарамастан «аты жаман аурумен» ауыратын адамдар саны да өсіп барады.

Зардабы ауыр дерт, науқас неге көп?

Мысалға, 2019 жылдың 9 айы ара­лығындағы көрсеткіш бойынша тексеруден өткен тұрғындардың 21,2 пайы­зынан онкология дертінің алғашқы белгілері анықталған. Арғы жылы бұл көрсеткіш тіркелген адамдардың 20 пайызы шамасында болған екен. Ал сырқаттың III-IV сатысындағы адамдар қатары Ақсу ауданында 12,5 пайыздан 28,6 пайызға, Кербұлақ ауданында 9,1 пайыздан 22,2 пайызға, Ұйғыр ауданында 30 пайызға және Жамбыл ауданында да 16,3 пайызға көбейсе, бұрын бұл дерт белгілері тіркелмеген Балқаш ауданында бірден 33,3 пайызға артуы байқалды.

– Облыс онкологтарының жанқияр­лық жұмысының нәтижесінде асқынған аурулардан қайтыс болатындар саны азайды. 2019 жылдың 9 айында 100 мың тұрғынға шаққанда 57,4 жағдай тіркелді. Бұрнағы жылы бұл көрсеткіш 61,9 оқиғаға дейін болған. Аурудың алғашқы белгілерін анықтау барысында жекелеген аудандарда қауіп сейілді. Ақсу ауданында 13 пайыздан 7,1 пайызға дейін, Ескелді ауданында 29 пайыздан 11,1 пайызға дейін І сатысындағы науқас саны төмендеді, – дейді Талдықорған қаласындағы облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Данияр Оралбаев.

Сондай-ақ Алматы облысында 2018 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2019 жылы құрт ауруына шалдыққандар саны азайған. Мәселен, 2019 жылдың 9 айында туберкулез диагнозы қойылған науқас саны 8,7 пайызға төмендеп, 665 дерек тіркелген. 2018 жылғы науқас адам саны 721 болған екен.

Жалпы, құрт ауруының жаңа пайда болған ошағын анықтау дерегі Іле, Кербұлақ, Райымбек аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша 5 пен 12 адамға дейін тіркелсе, Көксу, Сарқан, Ескелді, Талғар аудандарында бір-бір науқастан жұқпалы ауру табылған. Ал 100 мың адамға шаққандағы науқас адамдар үлесі Балқаш, Райымбек, Талғар аудандарында басым екен және дерттен көз жұмғандар санынан да осы өңірлер көш бастап тұр.

Әлеуметтік ауру саналатын туберкулезбен күресуді дәрігерлердің иығына жүк қылып артып қоюға болмайды. Бұл – мемлекет тарапынан шешілген мәселе. Оның ішінде ауруды емдеп, сауықтырудан бөлек, әлеуметтік қолдау арқылы оңалту шаралары бар. Яғни, құрт ауруымен ауырған адамның емделгеннен кейінгі жағдайын ойлау жергілікті әкімдіктерге жүктелген. Ал облыста дәл осы оңалту шараларына бөлінген бюджет қаржысы бірде жетпей қалса, бірде толық игерілмей отыр екен.

Мәселен, жыл сайын дерт жұқ­тырған 91 адамның жағдайын жасауға облыстық бюджеттен 99,1 млн теңге қаржы бөлінеді. 2019 жылдың 9 айы аралығында жергілікті әлеуметтік қорғау қызметіне 53,9 млн теңге бөлін­ген. Бұл – жоспарланған қара­жаттың 54,4 пайызы ғана. Осы мардымсыз ақшаның өзін тиісті мақсатқа жұмсамай отырған аудандар тағы бар. Дерек бойынша, Көксу ауда­нына бөлінген 3,8 млн теңге қаржының 0,6 млн теңгесі, Ұйғыр ауданы бойынша жоспарланған 1,7 млн теңгенің 0,4 млн теңгесі игерілсе, Сарқан, Кербұлақ, Ақсу аудандары мен Текелі қаласы бойынша да жұмсалған қаржы 50 пайызға да жетпей отыр. Осы қатарда құрт ауруы дендеп тұрған Балқаш, Райымбек, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласы да бар.

 

Алматы облысы