Руханият • 16 Қаңтар, 2020

Жыржыс қожа мешіті

765 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыржыс қажы Қаржас еліне сіңіп, өсіп-өнген қожалар әулетінен. Жыр­жыс қажының ардақты есімі жадымызда өзінің мұсыл­ман­дық қасиетті парызын адал атқарып кеткен жерлесіміз ретінде сақ­талып қалды. Қажы атқарып кеткен ізгі істің негізгі мәні, оның Қарағанды мен Кереку өңірлерінің арасындағы тоғысқан жері Мәдрәсі қыстауында, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ата қоны­сы­на жақын тұста мешіт ашып, медресе салдырғанында еді.

Жыржыс қожа мешіті

Бұл XX ғасырдың жаңа ғана бас­талған кезі болатын. Аталған кезеңде осы өңірдегі мешіт­тер саны аға сұлтан, патша әске­рі­нің полковнигі шенін­де­гі Мұса Шорманұлының Бая­на­уыл­­дағы, хакім Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай қажының Қар­қа­ра­лы­да­ғы және Қазақстанға кеңінен танымал мемлекет қайраткері Қамза Бижанұлы Жұмабековтің әкесі Бижан қажының Павлодар қала­сында салдырғандары сияқты бір қолдың саусағымен ғана санар­лық­тай некен-саяқ болатын.

Мұны бірінші десек, ал екін­ші­сі – оның жоғарыда айтылып өткен Аллаға жағымды істерді атқар­ған­ды­ғы үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны болып кеткендігі еді.

1929 жылдың ақырған ақпан айында, ел адамдары әлі күнге дейін «Мәдрәсі» деп атайтын қыстауына сотқа апару үшін екі милиционер келеді. Сон­да­ғы Жыржыс атамыздың жазығы, бар болғаны мұсылман діні­нің өкілі екендігінде еді. Сая­си жағдайды терең түсіне білген сезімтал жан, жерлестері және ту­ған-туысқандарымен бақұл­да­сып қоштасады. Үйінен аттанарын­да барлығына, Жаратқанға жалбарынып, өзінің «Алланың сотын ғана мойындап, адамның сотын» көр­гі­сі келмейтінін жеткізеді. Ауы­лынан бірнеше шақырым шық­­қаннан кейін Қажы атамыз намаз оқып алуға рұқсат сұрайды. Орган қызметкерлері рұқсаттарын бе­реді. Намазын оқып болып, атқа мінген кезде Қажы атамызға Алла­ның жазып берген дәм-тұзы да тау­­сылады. «Аллаһу әкбар», деген соң­ғы сөздерімен ана дүниеге аттана­ды. Міне, осыдан кейін, Қа­жы атамызды қалай ғана «қасиет­ті» деп айта алмаймыз?!

Бір қызығы, Жыржыс қа­жы­ны тергеуге шақырған сот төра­ға­сы да атамыздан дәріс алған шәк­ірт­те­рінің бірі болған деседі. Ол да өз ұста­зымен «осындай кездесуді» қала­маса керек.

Қажының қазасына берілген аста Мәшһүр Жүсіп өзінің бата­сын­да: «Аллаға керек нәрсені Жыр­жыс атқарды, Жыржысқа керек нәрсені Алла берді», деген екен.

Шынында да, Жыржыс қажы мешіт пен медресе ашып, Аллаға ұнамды іс атқарды, Алла да оның тілегін бірден қабыл қылды емес пе!

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Жыржыс атамызбен қасиетті Түр­кіс­тан қаласынан 25 шақырымдай жердегі, рухани ілім, өнер және мәдениеттің белгілі орталығы бол­ған Қарнақтағы медреседе бірге оқыған екен. Бұл медресе Орталық Азиядағы ең ежелгі оқу орын­да­ры­ның бірі болған.

Ел адамдарының айтуы бо­йын­ша, Қаныш Сәтбаевтай ұлы ғұламаның  әкесі Имантай ақса­қал Баянауылдан келе жатып, өзі­нің нашарлағанын сезісімен, қа­сындағы серіктеріне тез арада Жыржыс қажының мешітіне жет­кізу­­ді сұраса керек. Сондықтан жолдастары тоқтамастан, шұғыл түрде атаған жеріне жеткізіп, сол жерде бақилық болған де­се­ді. Жыржыс атамыз да осын­дай елге сыйлы адамның соң­ғы демі шыққанша қасында бо­лып, дұғасын оқып отырған екен. Кейінірек жаназасын да шыға­рып­ты.

Жаңа ғасырдың басында, 2001 жылы Жыржыс қажының шө­бересі, академик Арстан Мәулен­ұлы Ғазалиев бабасының қабірінің ба­сына ескерткіш орнатты. Бұл 5 мамырдың бұлыңғыр күні еді. Күні бойы соғып тұрған жел жаң­быр­ға ұласты, арты бұршаққа айна­лып, қар да жауды. Кешке қарай, ескерткіш орнатылып біт­кен кезде, автокөліктерде жылынып отырған ақсақалдар құран оқуға шақырылды. Бір ғажабы, құран­ның алғашқы сөздері оқыла бастаған кезде тынымсыз соққан суық жел кілт тоқтап, енді бір сәт­­те күн көзі де көрініп, шай­­дай ашыл­­ған сәулесі адамдар отыр­­ған жерді шамамен алғанда диа­­метрі 200 метрдей болатын конус түрінде жап-жарық қылып жі­бер­ді. Құранға қатысып отырған адам­дар­дың бәрі де осыған таңға­лып, таңдай қақты. Біз шын мә­нін­де бір ғажайып істің еріксіз куә­герлері сияқты болдық. Мұны табиғаттың ерекше бір құбылысы дейміз бе, әлде Қажының тағы да бір қасиеті ме еді?!

Жыржыс атамыз 1929 жылы қайтыс болса да артында мешіті мен медресесі қалған еді. Қажы­ны­ң өзі болмаса да, көзі болып тұр­ған осы қасиетті білім мен ру­ха­ни мекен Кеңес өкіметінің де көз құртына айналды. Өлкеміздің өткен XX ғасырдағы Жыржыс қа­жы, Имантай ақсақал, Мәшһүр Жүсіп сияқты ұлы тұлғаларының өмір жолдары тоғысқан мешіт пен медресе де шолақ белсенділерге тілсіз жау болып көрінсе керек. Олар осыларды бұзып, олар­дың кірпіштерін осы Мәдрәсі қыс­тауынан жеті шақырымдай жер­де­гі жаңа ғана құрылған Ақжар кол­хозына әкеліп, бастауыш мектеп салыпты.

Әрине іштерінен қасиетті адам­ның аруағынан қорыққан болу­ла­ры да керек, бірақ өздерін «Біз бұл кірпіштерден білім ордасының қа­быр­ғасын қаладық», деп те ақ­тал­­ған шығар.

Аллаға жағымды істер ылғи да жалғасын таба береді. 2019 жыл­дың қараша айында өңірімізде тағы да бір айтулы оқиға болды. Бұқар жырау ауданының орта­лығы Ботақара кентіндегі Жыр­жыс қажы мешіті күрделі жөн­деу­ден өтіп, жаңғыртылды.

Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары мешітке арнап берілген бұрынғы аудандық тұрмыс ком­би­натының ғимараты аудан тұр­ғын­дарының бүгінгі талаптары мен тілектеріне сәйкес келмейтін болып шықты. Соңғы 10 жыл бойы қа­жының шөбересі Арстан Мәуленұлы мешітке жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырғанына қарамастан, соңғы жыл­дары ол күрделі жөндеуге мұқтаж болып, құлазыңқырап қалған еді.

Мына қызықты қараңыз, бір жыл бұрын ғимараттың күрделі қайта жөндеуін мойнына алатын азамат та аяқ астынан табылды. Биіктігі 15 метр мұнара салынды, мешіттің сырты толығымен сапалы қызыл кірпішпен қапталып, ғимараттың ішінде де кең көлемді жөндеу жүргізілді. Мешіттің аула­сында 300 орындық асхана құры­лы­сы да басталды.

«Азамат аяғын туған жерге, арқа­сын туған елге тірейді», деген, осы Аллаға жағымды істер­дің басы-қасында қазір Нұр-Сұлтан қала­сында тұратын, өз өңі­рі­міз­ден шыққан жас кәсіпкер Қанат Нұрмағамбетов сияқты азамат тұр­ды. Оның анасы жоғарыда ай­тыл­ған Жыржыс қажының мешіт ашып, медресе салдырған Мәд­ре­се қыстауына жақын жердегі Ақжар ауылынан екен. Қанына тартқан аза­матқа бір Алланың өзі жөн сілте­гендей емес пе?!

Аллаға жағымды істі бастамас бұрын, Қанат бір күні таңертең ұйқысынан оянған кезде, арқа­сы­ның бір жері ісінгенін сезіп, зайы­бына көрсетеді. Ал жары болса оның арқасындағы ісінген жерде араб жазуына ұқсас белгі­лер­дің пайда болғанын айтып, суретке түсіріп алады. Осыған қай­ран қалған Қанат өзінің Қа­зақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасында істейтін танысына оқыт­са, арқасында «Алла береді», деген сөздер жазылған екен. Бұдан әрі не істеу керектігін білмеген Қанатқа ол Аллаға жағымды бір іс атқаруға тиіс екенін айтып, кеңесін де береді. Осыдан кейін Қанат Ботақараға келіп мешіт салмақшы болады.

Осы жағдаят болардан бір жұ­ма бұрын Жыржыс қажы ме­шіті­нің имамы Рүстем қажы да бір Ал­ладан мешітке күрделі жөндеу жүргізуге көмек беретін адам та­уып беруді сұрап, ниет қылған екен.

Міне, осы кезде осындай ниетпен келген Қанатқа Рүстем имам жаңа мешіттен бұрын, бар мешітті қайта жаңғыртуды сұрайды. Бұған келіскен Қанат бауырымыз да бел шешіп іске кірісіп кетеді.

«Аллаға жағымды, адамға та­ғы­­­лым­ды», осы іс те уақытымен біт­ті, былтыр 6 қарашада аудан орта­­лығы Ботақарада, қайта түлеп, қайта көркейген Жыржыс қажы ме­шітінде салтанатты жиын өтті, құ­ран оқылып, ас берілді.

Аудан тұрғындары мен бас­шы­лығы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және басқа қалалардан келген қонақтар да Қанат Нұрмағамбетов сияқ­ты Алланың нұры жауған аза­мат­қа баталары мен алғыстарын жау­дырды. Біз болсақ, Жыржыс қажы бабамыздың тағы да бір қасие­тіне куә болдық!

 

Бораш ТӨЛЕУОВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор

 

Қарағанды облысы