Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Нұржан Әлтаевпен кездескен тұрғындар талап-тілектерін ашына айтты.
«Әкімдер жарты жыл сайын ауысады. Жаңа келгендері құрғақ уәдемен қарық қылып тастайды. Осында тұрып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Әлі көшеде белуардан лай кешіп жүрміз. Ауылдағы жағдайды бүкпесіз айтар болсам, тұрғындар ауыз суды ауладан кезекке тұрып, тасып ішіп, тамақты баллондағы газға жасап жүр. Ал қыстыгүні жылытқышты қосуға мәжбүр. Осылайша, бір пәтерде бір бөлме ғана жылып, тұрғындары сыртқы киіммен бүрсеңдеп жүр», дейді Алтыншаш Есенгелдиева.
Анығында, Абай ауданына қарасты бұл елді мекеннің қала қатарына қосылғанына 4 жыл болса да инфрақұрылым жүйесі әлі реттелмеген.
Тұрғындармен тек депутаттар келгенде ғана кездескен аудан әкімі Ғалымжан Төлепов Жаңаталапқа ауыз су тарту үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін ауыз су әр үйге тартылып, мәселе оңды шешім табатынына сендірмек болды.
Үшінші мегаполиске қосылған елді мекенде кәріз жүйесі қарастырылмағандықтан ауылдың ішкі атмосферасы да бұзыла бастаған. Өркениеттен алшақтап қалған елді мекенге кәріз жүйесі тартылмайынша Жаңаталап күлімсі иістен арыла қоймасы анық.
Естеріңізге салар болсақ, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов былтыр күз айында қалаға қосылған елді мекендерді аралап, «қаланың шеткі аудандарын Шымкенттің орталығындағыдай етуге қызмет етемін», деген еді. Тіпті республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының қомақты бөлігін осы елді мекендердегі ауыз су, автожол, жарық, көгілдір отын, қоғамдық көлік, кәріз жүйесін реттеуге жұмсайтынын хабарлаған болатын.
«Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Менің басты мақсатым – шалғайда орналасқан елдімекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау», деген-ді үшінші мегаполис басшысы.
Алайда, әзірге жарығы жайнап, жолы даңғырап, қоғамдық көлігі үзіліссіз қатынап жатқан елді мекен көрмедік. Сол баяғы жүнжіп отырған көнбіс қара халық. Мың сан шаруасы шешілмей қалаға қосылған жұпыны ауылдар жетерлік.
Қаланың шалғай елді мекені түгілі шаһардың қақ ортасындағы «Тұран» шағын ауданында да әлеуметтік түйткілді мәселе шаш-етектен...
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент