Үкімет • 16 Қаңтар, 2020

Асқар Жұмағалиев Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен кездесті

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Асқар Жұмағалиев Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен кездесті

Қазақстанды қазіргіден де қалай «Цифрландыруға» болады, «Төменнен - жоғарыға» бастамашылық ететін жобалар не үшін қажет және әртараптандырудың маңыздылығы неде? Осы және өзге де тақырыптар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесуі барысында талқыланды. Кездесуге цифрландыру және IT, байланыс, сондай-ақ, ғарыштық технологиялар салаларында жұмыс істейтін резервшілер қатысты.

«Бүгін біз өздеріңізбен сіздердің идеяларыңыз бен жоспарларыңыз туралы әңгімелесу және оларды жүзеге асыру жолдары мен мүмкіндіктерін талқылау үшін кездесіп отырмыз. Сіздердің араларыңызда кейбірін жұмысқа қабылдап үлгердік, қазір 10-ға жуық кандидатты жауапты позицияларға тағайындау үшін оқытып жатырмыз. Жалпы, біз әлеуеті жоғары, білімді де өршіл жастарды көріп отырмыз. Сондықтан сіздерге цифрландыру, телекоммуникация және ғарыш секілді маңызды салаларда өз идеяларыңызды жүзеге асыру үшін жағдай жасауға дайынбыз» деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, резервшілер қатаң іріктеуден өтті және осы жолда жұмсаған күш-жігерлерінің арқасында өздерінің жоғары кәсіби біліктілігін ел игілігіне қолдану үшін көптеген жаңа мүмкіндікке қол жеткізді.

Елімізде 300 білімді жас іріктеліп алынған Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды. Кадрлық резервті қалыптастыру бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының басты тармақтарының бірі еді. Жобаның мақсаты - жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру.