Үкімет • 16 Қаңтар, 2020

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз мәслихаты өтті

2448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз мәслихатына Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов; Академик, қоғам қайраткері, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Ғарифолла Есім, Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Ғани Мұратов қатысты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар туралы баспасөз мәслихаты өтті

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың төрағалығымен 2019 жылғы 26 сәуірде өткен кеңестің хаттамасына сәйкес 2020 жылы ұлы ақын, композитор және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу жөнінде тапсырма берілген болатын.

Сонымен қатар 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» № 55 Жарлығы және 2019 жылдың 26 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілді.

2019 жыл 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарының жобасын қарастырған.

Жоспар 82 тармақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар.

Қазірдің өзінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктері, мерекелеудің өңірлік жоспарлары бар.

«Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 2020 жылғы  21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді» деді министрдің орынбасары Н. М.Дәуешов.

Сол сияқты ол маңызды жобалардың бірі – Абай шығармаларының жинағын  шетелдің 10 тіліне аудару және шығару, Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен рөлі туралы үш деректі-қойылымдық фильмді шығару екендігін атап өтті.

2020 жылғы тамызда Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияға белгілі отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері шақырылады.

Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикацияландыру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылғанына тоқтала келе, Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов:

«Барлық оқу орындарында Абайдың өлеңдерін және қарасөздерін мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша  ашық сабақтар мен тақырыптық шығарма байқаулары өткізіледі. Республиканың барлық аймағында оқушылар үшін «Абай жеріне саяхат» атты Абай жерлеріне экскурсиялық турлар қарастырылған. Жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, әндерін орындау және шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар жоспарлануда. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды» деді.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында әрбір қазақстандық Абайдың шығармалары бойынша жалпыұлттық диктантқа қатыса алады. Сонымен қатар мерейтой аясында барлық мәдениет және спорт ұйымдарында әдеби оқулар, тақырыптық іс-шаралар, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, шығармашылық кештер, фестивальдер, әскери бөлімдерде белгілі ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдардың қатысуымен салтанатты іс-шаралар және т.б. өткізіледі.