БАҚ өкілдеріменмен кездесу барысында Д.Эспозито ГРЕКО-ға кірудің артықшылықтары, оның жұмыс қағидаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы Еуропа кеңесінің конвенциялары мен мониторинг ерекшеліктері тұрғысында сөз өрбітті.
– Географиялық тұрғыда ГРЕКО Еуропа елдерін қамтиды. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының мүшелігіне мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ қабылданды. Енді міне оның құрамына Қазақстан да кіріп отыр. ГРЕКО – мониторниг жүргізетін халықаралық ірі 4 бастаманың бірі саналады. Бұл бастама құрамындағы мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Сондықтан Қазақстан да бұл бастаманың тең дәрежелі мүшесі деп айта аламын, – деді Д.Эспозито.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының атқарушы хатшысы Қазақстанның коммуникациялық, цифрлы инфрақұрылымының дамуына қатысты таңданысын жасырмады. Оның айтуынша, бұл жетістіктер сыбайлас жемқорлықпен бұдан арғы күресте аса маңызды. Себебі цифрландыру – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетін бірден-бір құрал саналады.
Д.Эспозито мемлекеттік органдармен, министрліктермен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл да аса маңызды екенін алға тартты. Себебі бір ғана агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарыс күрес саясатын толық жүзеге асыра алмайды. Бұл күрестің әрбір мемлекеттік органға қатысы бар.
Айта кетейік, өткен жылы 30 желтоқсанда еліміз тиісті заң жобасын ратификациялап, Қазақстан ресми түрде Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 50-ші мүшесі болып кірген еді. Ал күні кеше ГРЕКО-ның атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито Қазақстанға ресми сапармен келді.
Сапар барысында Д.Эспозито сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда Қазақстанның ақпараттық технологияларды пайдалану тәжірибесін таразылау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығының, Жоғары соттың ахуалдық орталығы мен iKomek орталығының жұмысымен танысты. Еліміздің технологиялық дамуына жоғары баға берді.
Қазақстанның ГРЕКО-ға кіруі аясында бірқатар кездесулер де өтті. Мәселен, ГРЕКО-ның атқарушы хатшысы өз сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына болды. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, құқық қорғау органдарының өкілдері және Д.Эспозито қатысқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі талқыланды.