Қоғам • 17 Қаңтар, 2020

Теңбілшерге «Аустралия» деп ат қойды

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Алматы жануарлар бағының «Бізде жағымды жаңалық! Зообағымызда ягуар туылды», деген сүйінші хабары тарады. Зообақ мамандары желі қолданушыларын ұрғашы теңбілшерге ат қоюға шақырды.

Теңбілшерге «Аустралия» деп ат қойды

Жағымды жаңалық дүние жүзі­нің желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Кіш­кентай ягуар­дың өмірге келуі өртке оранған Аус­тралия құр­лығының қайғысын бө­лісуге үндегендей еді... Иә, өрт­ке оран­ған Аустралия күллі әлем­ді күңі­­рентті. Әлемде сирек кездесетін мил­лиардтаған жа­нуарлар аралы қы­зыл жа­лын құрсауында қалды. Аус­тралия тұрғындарының жан күйзелісін бөліспек ниет­те әлеуметтік желі қол­да­ну­шы­лары кішкентай ягуар­ға ат қоюға, оның тіршілік әлеміндегі қадамына сүйіс­пеншілік білдіріп, көптеген есім ұсынды. Зообақ қыз­мет­керлері желідегі барлық ұсынысты сараптай келе, тең­біл күшікке «Аустралия» деп ат қойып, оның қырық күн ширауын күтті.

Ягуар күшігінің жағ­да­йымен таныс­тырған Жа­нуар­лар бағы Даму бө­лімінің мең­герушісі Ақжани Рахи­­мованың айтуынша, былтыр 9 қарашада туған ягуар күшігі мен ене­сін мамандар қырық күн күтіп бап­тады. Күш-қуат жиып, өздігінен тіршілік әлеміне қадам басуына ерекше көңіл бөлінді. Аустралияның анасы Момын 2010 жылы осы зообақта туған, Сара және Француз есімді ягуарлардың төлі. Ал әкесі 2014 жылы Но­восібірден әкелінген Вась­ка есімді ягуар. Олардың бес жылғы жұптасуынан кейін Аустралия өмірге келген. Бү­гінде зообақта 4 ягуар тір­шілік етуде. Жыртқыштар бө­лімінің меңгерушісі Дәу­рен Кенжебековтің айтуын­ша, қазір бауырын кө­терген теңбілшердің салмағы 5 килоға жуық­тады, қимылы ширақ. Өзін жиі сүйсіне ба­қылайтындарға да үй­ре­ніп қалғандай. Ягуар күшігінің мықты болып өсуі үшін ене­сіне қолайлы жағдай жа­салды. Зообақ қыз­меткерлерінің әлеу­­меттік желі арқылы тараған өті­нішіне орай қала тұрғындары зообақ­қа бес жүз­­ге жуық жаңа жылдық шырша әкелген. Шыршалар төрт аяқтыларға әрі тағам ре­тінде әрі көңіл алдарқату үшін қажет.

Зоология институты Те­рио­логия бөлімінің кіші ғы­лыми қызметкері Санжар Қаңтарбаевтың айтуынша, ягуардың отаны – Оңтүстік Аме­рика, Амазонканың тро­пикалық ормандары. Жырт­қыштардың, оның ішінде мы­сық тұқымдасқа жататын жануардың бұл түрін сақ­тау бойынша Қазақстан 1992 жылы Рио-де-Жанейрода қабылданған биологиялық әртүрлілікті сақтау конвенция­сына қосылған. Ягуарларды табиғатта немесе жасанды ортада сақтау ха­лық­аралық талаптар негізінде жүзеге асуда. Бүгінде Қазақстанды ме­кен­дейтін Түркістан сі­леусіні, қар барысы, манул, дала мысығы сияқты мы­сық тұқымдастар да ерекше қор­ғауға алынған.

 

АЛМАТЫ