25 наурызда Татарстанның жаңа президенті Рүстем Миннихановтың инаугурациясы өтті.
Осы тарихи оқиғаға орай шақырылған жоғары мәртебелі қонақтар арасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бастаған қазақстандық делегация да болды. Құттықтау сөз сөйлеген министр Қазақстан мен Татарстанды түркі тілдес бауырлас елдерге тән мәдени қатынастар ғана емес, сонымен бірге ортақ тағдыр, ортақ мүдде мен мақсат біріктіретіндігін атап өтті.
Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын соңғы жылдары экономикалық даму, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету көрсеткіштері бойынша қарқынды дамып келе жатқан солтүстік көршілес елдегі ірі аймақ – Татарстансыз елестету мүмкін емес, – деді Ж.Түймебаев. – Сіздің алдыңызда елдің көшбасшысы ретінде көптеген маңызды мәселелерді шешу міндеті тұр. Оның барлығын Татарстан халқы мүддесіне сай шешетініңізге сенімдімін. Жауапты жаңа мемлекеттік қызметіңізде табыс тілеймін.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Татарстанның бұрынғы басшысы Минтемир Шаймиевке еліміздің І-дәрежелі “Достық” орденін салтанатты түрде тапсырды.
“Егемен-ақпарат”.