Қазақстан • 20 Қаңтар, 2020

Қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларды ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.

Қоғамдық ұйым  өкілдерімен кездесті

Сонымен қатар кездесуге Ақпарат және қоғамдық да­му министрі Дәурен Абаев, Мәжі­ліс депутаттары, еліміздегі алдың­ғы қатарлы үкіметтік емес ұйым­дардың басшылары қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген Пре­мьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев қоғамның әр мүшесі мемлекеттің дамуына жауапты екенін айта келе, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің қарым-қатынасына тоқталды.

«Үкіметтің негізгі мақсат­та­ры­ның бірі – үкіметтік емес ұйым­дардың жұмысын жетіл­діріп, қоғамның әл-ауқатын арт­ты­ру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың, Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма­ларына сәйкес, Үкімет осы бағыт­та ауқымды шаралар атқарып келеді», деді Б.Сапарбаев. Сон­дай-ақ Премьер-Министр­дің орын­басары ҮЕҰ өкілдерімен кезде­су халықтың мұң-мұқтажын тың­дауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осылайша, аталған мә­се­ле­лерді ұтымды шешуге жол ашылады.

«Бәріміз де осы мемлекеттің дамуына, болашағына жауаптымыз. Кемшіліктер бол­са оған да жауап беретін – біз. Өйт­­кені бәріміз де қоғамның мүше­сіміз. Үкіметтің мақсаты – үкімет­тік емес ұйымдармен, қоғаммен жұмыс істеу. Үкіметтік емес ұйым­дар халықты толғандыратын мәселелерді біледі. Соны бізге жеткізіп, мәселелердің шешілуі жолында біріге жұмыс істеуіміз керек. Үкімет ҮЕҰ-мен бірге жұмыс істеуге әрдайым дайын. Бүгінге дейін көптеген жұ­мыс атқарылды. Мемлекет тарапы­нан көрсетілген қолдау аз емес. Әрине кей бағыттар әлі де жетіл­діруді талап етеді. Алайда, осындай кездесулердің, үкіметтік емес ұйым өкілдері айтқан ұсыныс­тардың маңызы ерекше», деді Б.Сапарбаев.

Іс-шарада Ұлттық сенім кеңе­сінің мүшелерін сайлау, оған үкіметтік емес ұйым өкілдерін қосу мәселесі де көтерілген. Б.Са­парбаев мұндай ұсынысқа қарсы емес екенін ескертіп, Кеңеске үкіметтік емес ұйым мүшелерін енгізуді қолдайтынын жеткізді.

«Халықтың шешілмей жатқан мәселелерін қоғамдық ұйымдар арқылы біліп, оңтайлы шешілуін қадағалау керек. Бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымдармен бірге атқарар шаруа­мыз аз емес. Диалог жасайтын алаңдар құрылып, қомақты қаражат бөлініп келеді. Қоғамдық ұйымдар арқылы атқарылып жатқан шаруа елге жетуі керек. Халықтың шешілмей жатқан мәселелері қоғамдық ұйымдар арқылы айтылып, шешімін табуы тиіс», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйым өкілдері елімізде жастар арасында суицидтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген. Б.Сапарбаев бұл түйткілді шешуге қоғам болып жұмылу қажет екеніне тоқталды.

«Бұған бәріміз кінәліміз. Өйт­кені олар біздің балаларымыз. Кінәні үкіметке ғана арту дұ­рыс емес. Олардың ата-аналары қайда қарап отыр? Әрине би­ліктің кемшілігі бар. Кей сәтті ескермей қалуы, кей салаға қар­жы аз бөлінуі мүмкін. Жасөс­пірімдердің бос уақытын тиімді пай­далануға бағытталған спорт­тық шаралар жеткіліксіз болуы ықтимал. Алайда, ата-ананың жауапкершілігін де ұмытпаған абзал. Сондықтан «Педагог мәрте­бесі туралы» заңда ата-ананың жауапкершілігіне ерекше назар аударып отырмыз. Бұл түйткілмен бірлесіп күресуіміз керек», деді Б.Сапарбаев.

Бұдан бөлек, жиын барысында азаматтық қоғамды дамыту, сенім мәдениетін қалыптастыру, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қарым-қатынасы, әлеуметтік кәсіпкерлік секілді қоғамдағы маңызды мәселелер талқыланды.