Әлем • 20 Қаңтар, 2020

Ресей Конституциясына өзгеріс енгізбек

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресейді үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өткен аптада ел президенті Владимир Путин халыққа жолдау жариялап, бірқатар өзекті мәселені қозғады. Сондай-ақ Дмитрий Медведев бастаған үкіметті таратты. Сарапшылар Путиннің мұндай қадамын билік транзитіне дайындық деп бағалайды.

Ресей Конституциясына өзгеріс енгізбек

 

В.Путин халыққа жолдауында негізі­нен әлеуметтік мәселеге екпін салды. Атап айтар болсақ, бала туылғанда бері­летін жәрдемақы көлемін ұлғайту, аталған көмекті бірінші баладан бастап беру қажет екенін атап өтті. Осылайша, «Ана­лар капиталы» 466 617 рубльді құ­рап отыр. Кремль басшысы мұндай қа­дам­ға баруды елдегі демографиялық ба­лан­стың бұзылуымен байланыстырады.

Бұдан бөлек, Ресей президенті аз қам­тылған отбасылардың балаларына берілетін жеңілдіктерді арттыру, білім саласын жетілдіру, жастарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласын дамыту секілді көптеген өзекті мәселе туралы айтты.

В.Путин конституцияға өзгеріс енгізілетін кез келгенін де ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Ресейдің негізгі заңы ширек ғасыр бұрын, аумалы-төкпелі заманда қабылданған. Қазір жағдай өзгергендіктен, оған өзгеріс енгізу қажет.

«Расында, еліміздің негізгі заңына құқықтық кеңістікте Ресей конституциясына басымдық беретін бірқатар өзгеріс енгізетін сәт келді», деді В.Путин.

Ресей президентінің сөзіне сүйенсек, конституция реформасы негізінен Мемлекеттік кеңестің, парламент пен премьер-министрдің рөлін арттыруды қамтиды. Осы орайда, Мемлекеттік кеңес туралы бап солтүстіктегі көршіміздің негізгі заңына алғаш рет енгелі отырғанын айта кеткен жөн.

Мемлекеттік думаның құзыретіне үкімет басшысын ғана емес, вице-премьерлерді және министрлердің бәрін бекіту беріледі. Президент депутаттар ұсынған кандидатты мақұлдауы тиіс, бірақ одан бас тарта алмайды. Сонымен қатар мемлекет басшысы күштік құрылымдар басшылары мен аймақтық прокурорларды тағайындау үшін Федерация кеңесімен ақылдасып алуы керек. Қысқасы, В.Путин билік құрылымына қатысты көптеген өзгеріс жөнінде баяндады. Жолдаудан кейін іле-шала премьер-министр Д.Медведев өз кабинетінің таратылатынын мәлімдеді. Сөйтіп, солтүстіктегі көршіміз жаңа жылды жаңа үкімет басымен бастамақшы.

В.Путиннің жолдауы аяқтала сала әлемнің түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдегі билік транзиті туралы әңгіме желдей есті. Бұл түсінікті де. 2024 жылы Путиннің президенттік өкілеттілігі аяқталады. Конституцияға сәйкес, екі рет қатарынан ел басқарған адам қайта сайлауға түсе алмайды. Сондықтан В.Путин 2008 жылғы сайлауда Д.Медведевтің кандидатурасын ұсынып, өзі премьер-министр лауазымын атқарған. Кейіннен ол өз тағына қайта жайғасты.

«Экономика жоғары мектебі» ұлттық зерттеу университетінің профессоры Алексей Макаркиннің пайымдауынша, Путин 2008 жылғы жасаған айласын қайта қолдануы неғайбыл.

«Жолдаудан кейін үкіметтің таратылуы Д.Медведевтің резервке қойылғанын аңғартады. Оның Қауіпсіздік кеңесі төр­ағасының орынбасары болып тағайын­далуы ештеңені білдірмейді. Кейінгі кезде Медведевтің келесі қызметі, нақтырақ айтсақ қайтадан президент болып сайлануы туралы айтыла бастаған. Алайда мұндай тәсілдің ықтималдылығы төмен. Біріншіден, конституцияға ұсынылған өзгеріске сай келмейді. Оның үстіне, Медведевтің тұсында зейнеткерлік жастың ұлғайғаны туралы тұрғындар ұмыта қойған жоқ», дейді А.Макаркин РБК сайтына жазған бағанында.

Көптеген сарапшы В.Путин прези­денттік мерзімі аяқталған соң биліктің бірқа­тар тетігін қолында ұстап қалуды көздей­тінін айтады. Саясаттанушы Конс­тантин Калачев РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында Путин айла жасады деп есептейді.

«Оның президенттік мерзімі аяқталған соң мынандай сұрақ туады: ол қандай қыз­мет атқаруы мүмкін. Мына нәрсе анық. Путин мәңгілік президент болуды көз­демейді. Яғни билік ауыспақ», дейді ол.

Кейбір сарапшылар Ресей президенті билік транзитінің қазақстандық нұсқасын таңдағанын алға тартады. Deutsche Welle агенттігіне берген сұхбатында саясаттанушы Екатерина Шульманның сөзіне сүйенсек, солтүстіктегі көршіміздің алдында билік транзитінің үш нұсқасы – қытайлық, беларусьтік және қазақстандық тәсіл болған.

Алайда В.Путин қазақстандық нұсқаны бейімдеуді жөн көрген сыңайлы. Өйткені Қазақстандағы билік транзитін табысты өтті деп айтуға толық негіз бар. Президенттің бірқатар міндеті парламентке, үкіметке жүктелді. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі құрылып, оның да құзыреті кеңейді. Сол секілді В.Путин де Ресей Мемлекеттік кеңесінің беделін арттырып, қазақстандық тәсілге сүйенуді жөн көрген.

Foreign Policy журналы да Ресейдің Қазақстаннан үлгі алғанын жазған. Сонымен қатар The Guardian, The New York Times, Financial Times секілді басылымдар да қазақстандық тәсіл Ресейде қолданылады деп есептейді. Алайда В.Путин келешекте қиындыққа кезігуі мүмкін деген де пікір бар. Мельбурн университетінің профессоры Уильям Партлетт мырзаның сөзіне сүйенсек, «тоғызыншы территорияда» табысты аяқталған билік транзитінің моделі Ресейде сәтті жүзеге аспауы мүмкін. «Өйткені – дейді У.Партлетт. – В.Путин Қазақстанның тұңғыш Президенті секілді өз елінде беделге ие емес. Сондықтан президенттік мерзімі аяқталған соң оның саяси аренадағы күші әлсірейді», дейді профессор.

Қысқасы, В.Путиннің жолдауы Ресейде үлкен өзгерістің басталғанын көрсетті. Билік транзитінің қалай жүзеге асатыны, саяси элитаның келесі қадамы қалай болатыны уақыт еншісінде. Бір нәрсе анық, 2024 жылы Ресейде жаңа президент сайланады.