– Берік Ілесбекұлы, осыдан 24 жыл бұрын Памир тауындағы Пшихавр шатқалында бес сағатқа созылған қарулы қанды қақтығыс кезінде ішкі әскердің 17 қазақ жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і ауыр жарақат алды. Моджахедтер тәжік-ауған шекарасы арқылы енгісі келгенімен, біздің жігіттер оларға ерлікпен төтеп беріпті. Сол жылдарды тағы бір ой елегінен өткізсеңіз?
– Боздақтардың қазалы өлімін өз көзіммен көргендіктен, бұл оқиға жаныма қатты батады. Олардың бар көретін қызықтары әлі алда еді. Жау осал болмады. Моджахедтер соғыс өнеріне әбден машықтанып, ұрыстың айла-тәсілдерін жетік меңгерген. Сұрапыл шайқаста бізді құтқарған 40-50 метрдей жерде тұрған көпір болды. Біз осы тауды тесіп өтетін көпірге бекініп алып, жауға тойтарыс бермегенде аман қалуымыз екіталай еді.
Бұл көпір – стратегиялық маңызы зор нысан. Одан өтетін жолдың бірі – Калай-Хумб елді мекеніне, екіншісі Душанбе қаласына өтеді. Шайқастан соң рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров жауынгерлердің үлкен ерлік жасағандарын айтып, оларға өз ризашылығын білдіріп, елге қайтқысы келетіндерге рұқсат берілетінін жеткізді. Сонда рота жауынгерлері бірауыздан қаза болған жауынгер жолдастарының кегін алмай елге қайтпайтындарын айтты. Мұны естігенде бойымды мақтаныш пен қуаныш сезімі биледі.
Қаза тапқан сарбаздардың барлығы 1996 жылдың 20 қарашасында Елбасы Жарлығымен жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды. Бүгінде бұл жауынгерлердің туып-өскен жерлеріндегі мектеп, көше, саябақтар солардың есімдерімен аталады.
– Бесікте жатып «Батырлар жырымен» сусындап, «Ер Төстік» ертегісімен есейетін ұландарымыз намысшыл, елжанды, батыр болып өсетінінің бір көрінісі ғой бұл…
– Әрине. Сол тәлім-тәрбиенің арқасында шапса тұлпардың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын осыншама жер атадан балаға мирас болып келе жатқан жоқ па?! Сонау замандағы жоңғармен шайқастағы, кешегі Ұлы Отан соғысындағы, одан кейін Ауғанстандағы ұрыстағы бабаларымыздың, аталарымыз бен ағаларымыздың жауынгерлік дәстүрлерін бүгінде еліміздің Қарулы Күштеріндегі, соның ішінде Ұлттық ұландағы жауынгерлер лайықты жалғастыруда.
Мәселен, өткен жылдары қатардағы жауынгерлер Ербол Отарбаев, Нұрасыл Мүбәраков, Алтынбек Қабылбеков, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров қауіпті қылмыскермен күресте ержүректік таныта білді. Олар Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік марапат – «Айбын» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алды. Өрт кезінде адам өмірін сақтап қалғаны үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлері подполковник Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
– Соңғы қызмет орныңыздағы, яғни «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы қызметіңіз жөнінде айта кетсеңіз…
– Әскери бөлімде тәрбие жұмысына үлкен мән беріледі. Себебі біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау болсын, қай-қайсының да өзіндік қиындығы бар.
Қолбасшылық тарапынан осы қиындықтарды еңсеруге жағдай жасалып қана қоймай, сонымен қатар тәрбиелік жұмыстардың да ойдағыдай жүруіне мән беріледі. Сондықтан әрбір сардар жеке құрамның арасында тәрбие жұмысын талапқа сай жүргізуге тырысады. Жеке құрамның мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне тәрбие жұмыстарының қосар үлесі зор.
– Берік Ілесбекұлы, әскери өміріңізде кімді үлгі тұтасыз?
– Халқымызда батырлығымен, шешендігімен, ержүректігімен тарихта қалған тұлғалар жетерлік. Барлығынан да үлгі алуға тырысамын. Солардың ішінде көзі тірісінде халық батыры атанған, өмірден өткен соң Кеңес Одағының батыры атағын иеленген, тұла бойы намыстан жаратылған хас қаһарман Бауыржан Момышұлына қарап бой түзеп келемін. Жалпы, батыр ағамыз әр әскери қызметшінің үлгі тұтар ұстазы ғой. Ол туралы әрбір деректен халқына деген жанашырлықтың, батырлықтың ерен үлгісін, Отанын шексіз сүюді көруге болады.
– Әскери салаға қалай келдіңіз?
– Әскери қызметке келуіме ішкі істер органдарында көп жылдар қызмет атқарған әкем Ілесбек Өмірзақұлы ықпал етті. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекциясының бастығы қызметінде жүріп, милиция майоры шенінде зейнеткерлікке шықты.
Өзім 1989-1993 жылдары Ленинградтағы жоғары әскери-саяси училищесінде оқыған кезімде алдымнан өзге әлем ашылғандай болды. Әскери жарғыны қатаң сақтау, әскери антқа адал болу, бұйрықтар мен өкімдерді бұлжытпай орындау мен үшін айнымайтын қағидаға айналды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Шымкенттегі ішкі әскерлердің Оңтүстік құрамасына қарасты әскери бөлімге келіп, патрульдік рота командирінің орынбасары қызметін атқардым. Ал 1995 жылдың наурызында ТМД елдерінің өзара ұжымдық қауіпсіздік туралы келісіміне сай, оның сыртқы шекарасын күзету мақсатында еріктілер қатарынан құрылған құрама ротаның сапында үш ай мерзімге тәжік-ауған шекарасына Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге аттандым.
Одан кейін Ақтау қаласындағы 6656 əскери бөлімінде батальон командирінің орынбасары, Атырау қаласындағы 5546 əскери бөлім командирінің орынбасары, 6655 əскери бөлімінде тəрбие бөлімінің бастығы қызметін атқардым.
Одан кейін қызметім елордада жалғасын тапты. Бұнда 5570 əскери бөлімі командирінің тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметінде болдым. Кейін Ішкі əскерлер комитетінде тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасында қызмет еттім. Ал 2003 жылдан Өскемендегі шығыс құрамасы командирінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. Шығыс құрамасында төрт жылдай болып, Ресей Қарулы Күштерінің Əскери университетінде білім алдым. 2009 жылы Əскери институт бастығының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ал 2014 жылдың жаз айында еліміздің батыс өңірінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне кірісіп, былтыр маусым айында зейнетке шықтым.
– Балаларыңыз әке жолын қуса қарсы болмайсыз ба?
– Тұңғышым Айдар Ұлттық Ұланның әскери бөлімдерінің бірінде қызмет етіп жатыр. Қызым Майра тұрмыста, жоғары оқу орнын тәмамдады. Кіші ұлым Исатай Түркия әскери университетінің үшінші курс курсанты. Балаларым мамандықты өз қалауларымен таңдады. Біз оларға Отанға адал қызмет етуді, әділ болуды, жауапкершілік пен тәртіпке мән беруді үйретудеміз.Тек олардың мен жеткен жетістіктен асып түсіп, әріптестері мен ел-жұртының алдында үлкен беделге ие болуын тілеймін. Ең бастысы, жастар Отанға қызмет ортақ парыз екенін ұмытпауы шарт.
– Салиқалы әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ерболат СҰЛТАНОВ,
подполковник, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
ОРАЛ