Руханият • 20 Қаңтар, 2020

Сарайшық – Жошы ұлысы билеушілерінің пантеоны

1287 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде Жошы Ұлысы – Алтын Орда тарихындағы шешімін тап­паған мәселенің бірі – Сарай­шықтағы пантеон және ондағы жерленген ел билеген тұлғалар тарихы болып отыр. Сарайшық пантеоны 1475 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынған.

Сарайшық – Жошы ұлысы билеушілерінің пантеоны

Италиялық картограф оны күм­безбен белгілеп, «Билеушілер қабір­станы» деп көрсетеді. Фра Мауро кар­тасындағы деректі ХVІІІ ғасыр­дағы П.И.Рычков, П.С.Паллас, ХІХ ғасырдағы А.И.Левшин, 1861 жылғы топограф А.С.Алексеевтің еңбектері кеңірек тарқатады. Оларды саралап, Сарайшықта алғашқы кешенді археологиялық қазба жүргізген сара­товтық археолог Н.Арзютов болды. 1950 жылы Г.И.Пацевич Рашид-ад-дин, В.В.Бартольдтың еңбектеріне сүйене отыра, «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын орда хандарының жерленген орны болғандай» деп түйіндейді. Дегенмен Сарайшық тарихына қалам тартушылар Сарайшықта жатқан біртуар тұлғалардың аттарын атамайды. Олай болса, ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Шынияз Шанайұлы Сарайшықта жерленген хандардың санын нақты неге сүйеніп жазды? Біз оны тарихи шындық ретінде неге сүйеніп қабылдадық?

Жазушы Әнес Сарай «Ноғайлы» еңбегінде жазғандай, ақын өлеңдерінің бірінші басылымында «Сарайшықта бар дейді, тоғыз ханның моласы» деген өлең жолдары қай уақытта 7 ханға өзгерген? Неліктен 1983 жылы кеңестік тарихшы В.Л.Егоровтың: «Вполне возможно, что именно здесь находится также место захоронения самого Бату и других золотоордынских ханов, не принявших ислама. В этом случае похоронный обряд совершался в соответствии с канонами монгольской языческой традиции, т.е. в глубокой грунтовой могильной яме без каких-либо обозначений ее на поверхнос­ти земли. Можно предположить также, что в четырех мавзолеях Лапаса погребены четыре хана-мусульманина: Берке, Узбек, Джанибек и Бердибек» деген болжамы қабылданбады? Соған қарамастан бүгінгі Сарайшық музей-қорығындағы хандар кесенесінде жазылған Алтын Орданың үш ханы – Мөңке Темір, Тоқтағу, Жəнібек, Қазақ хандығының билеушісі Қасым, Ноғай ордасы билері Əмір Оқас, Шейх-Мамай, Жүсіп билер қандай тарихи дерекке негізделген?

Осындай сан түрлі пікірлерге қа­ра­мастан 1999 жылы 3 қыркүйекте Сарайшықта хандар кесенесі ашылған кезеңде оны орнатушылар бір ортақ пікірге келгендей. Оның дәлелі тарихшы-археологтар З.Самашев, М.Б.Қо­жа, Д.А.Талеевтің еңбектері. Олар Са­райшықта жерленген Алтын Орда хандарынан Мөңке Темір ханды (1266-1280), Тоқты ханды (1290-1312), Жәні­бек ханды (1342-1357), Бердібек ханды (1357-1359), Тоқтамыс ханның ба­сын, қазақтың Қасым ханын және Ноғай билері Едіге, Шейх Мамай, Жүсіп, эпи­калық батырлар Ер Тарғын, Қамбарды көр­сетеді. Ал тарихшы М.Қасенов ті­зімге Ақ орда ханы Барақ ханды қосады.

Тарихи тұлғалар арасынан Тоқты мен Жәнібек, Қасым хандар ғана талас тудырмайды. Өйткені Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін кезінде Н.М.Ка­рамзин, В.В.Вельяминов-Зер­нов жазса, кейін кеңестік тарихшы А.П.Чу­лош­ни­ков 1925 жылы: «Хана Касима в это время не было живых, он умер еще за нес­колько лет до этого (около 1518-20 гг.), в г. Сарайчике, где и был похоронен, уже как повелитель и Дешт-Кипчака» дей келе, түсініктемесінде «мы говорим Деш­ти-Кипчака – имея в виду пространство от среднего течения реки Урала до такового же р. Сыр-Дарья. Ибо в более широком смысле Дешти-Кипчаком называлась вся степь от самого Дуная. Еще в начале ХVІІ в. в г. Сарайчике можно было видеть гробницу хана Касима» деп нақтылаған-ды.

А.П.Чулошников пікірін М.Тыныш­паев «По киргизским преданиям он похоронен в Сарайчике» деген еңбегінде, Әлкей Марғұлан 1950 жылы тамыз айында Сарайшықтағы археологиялық қазбадан соң: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хан­­дары Жәнібек пен Қасым ханға Сарайшықта тұрғызылды... 1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы – Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көзде­рінен белгілі» деп дәлелдей түседі. Де­генмен Ә.Марғұлан осы бағыттағы зерт­теулерін аяғына жет­кізбеді. Оның Алтын Орда тұлғаларын арнайы зерт­теуі кеңестік билікке ұнамады. Со­ңын­да ғалым қудалауға ұшырап, Са­рай­шық бағытындағы зерттеулерін бір­­жолата тоқтатуға мәжбүр болады. Ал Ә.Марғұлан жазған қазақ ханы Жә­нібектің Созақта жерленгені кейінгі жылдары анықтала бастады.

Тарихшылар сүйенген Сарайшық пантеоны туралы құнды ақпаратты ХVІІ ғасыр басындағы Қадырғали Жа­лайы­ридің «Жылнамалар жинағы», ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы Әбілғазының «Түрік шежіресі» жә­не эпикалық жырларымыз береді. Қа­дырғали Жалайыри Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақы­рында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жа­тыр» десе, ал Әбілғазы Алтын Орда хандары Тоқтағу хан Мөңке Темірұлын «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді», Жәнібек хан Өзбекұлын «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп анық жазады. Дегенмен Әбілғазы еңбегін пайдаланған ресейлік тарихшы, ноғайтанушы В.Трепавлов Тоқтағу мен Жәнібектің Сарайшықта жерленгеніне күмәнмен қарап, «мүмкін ол Еділ бойындағы Сарай болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды. Біздіңше ата-баба тарихына келгенде хан тұқымынан шыққан Әбілғазының қателесуі мүмкін емес және ол Сарай мен Сарайшықты жақсы білетіндігіне толық сенім білдіруге болады.

Қадырғали мен Әбілғазы еңбек­терінде өзге хандардың тікелей Сарай­шықта жерленгенін жазбайды. Соған қарамастан жоғарыдағы қазақстандық тарихшы-археологтар Мөңке Темір мен Бердібекті Сарайшықта жерленгендер қатарына қосады. Әбілғазы еңбегінде Мөңке Темір туралы артық әңгіме бол­мағанымен, «Жәнібек хан өлгеннен соң Тебризден Бердібек хан Сарайшыққа келді», содан билікті қолға алғанын, «екі жылдан кейін 762 жылы опат болды» (б.ж.с. 1359 жылы – Ә.М.) деп түйін­дейді. Ал ХVІ ғасырдың ортасында түркі тілінде жазылған «Шыңғыс-наме» бо­­йынша Бердібек хан: «Три года был государем в городе Сарай, затем скончался» деп Сарайдың қай қала екенін анық жазбайды.

Біз Әбілғазы дерегін негізге алып Бердібектің Сарайшықта хан болғанын алға тартып, Сарайшықтағы әкесінің жанына жерленуі әбден мүмкін деп түйіндейміз.

Соңғы жылдары татар ғалымдары аударған «Шыңғыс-наменің» жаңа нұс­қасында қазақ хандарының атасы Барақ ханның Сарайшық маңында қаза тап­қаны туралы құнды дерек береді. Еңбекте «Барақ елі Жайықтан өтіп Жем­ге жетті. Шайқас Қайнар Сағызда болды. Қыпшақ Айас Барақты ұстап басын алып, Мұхаммед хан мен Қади бекке берді. Өзі Сарайшық даруғасы (қала басшысы – Ә.М.) болды» деп жазылған. Осы деректі Қ.Жалайыри Барақ хан: «Ақыр аяғында Еділ төңірегінде, Жайық бойында Сарайшық қаласына жақын жердегі Қас, Наурыз өңірінде опат болды» деп тарқатады. Дегенмен Жалайыри еңбегіндегі Қас пен Наурызды Шыңғыс-наме Едіге бидің балалары ретінде жаз­ғанын атап өтеміз. Жоғарыдағы ақ­паратты Абдулгаффар Қырымидің 1747 жылғы «Умдет-ал-ахбар» еңбегі де толық­тыра түседі. Қырыми зерттеуінде «Орыс хан ұлы Барақты халық хан сайлады. Ол қазақ жайлауында орналасты» дей келе, ханның Күшік Мұхаммед ханмен шайқасын баян­дайды. Зерттеуші жазбасынан: «Затем напали на след Барак хана. Он был ранен, из-за этого не мог взобраться на коня, и остался на вершине холма только с одним слугой. Кыпчак Айас бег, отрезал ему голову, вместе с ханом привел к Гази беку. Ему в руки был дан ярлык и должность даруги города Сарайчык, с выплатой каждый год тридцать тысяч золота. Это и является причиной того, что по сегодняшний день они называют себя правителями кыпчакского народа в Сарайчыке. В это время Курлевут Магреб бег во время упомянутой битвы, ранил Барака. Он пел на пьяных торжествах: «мой палец, который стрелял в Барака – жив, моя глотка хочет меда» деген жолдарды оқимыз. Бұдан шығатын қорытынды: Барақ хан өлтіріліп, Сарайшыққа жеткізілген. Яғни, Барақ хан Сарайшықта мәңгілік мекенін тапты деуімізге әбден болады.

Дегенмен Барақ хан Моғолстанда өлтірілді деген де пікірлердің бар еке­нін айтуға тиіспіз. Егер ол Моғол­стан­да өлтірілсе, сонау батыстағы Сарай­шық­қа қалай әкелінеді? Тарихшы Н.Кен­жеахмет: «Шахрухтың орда тарихшысы Абд ар-Разақ Самарқанидің (1431-1482) мағлұматы бойынша, Жәнібектің әкесі Барақ хан 1429 жылы Моғолстанда Сұлтан Махмуд оғлан дегеннің қолынан қаза табады» деп жазған болатын.

Сарайшық Мәскеуді бағындырған Тоқтамыс ханның да мәңгілік мекеніне айналғандай. Тоқтамыс Жошының ұлы Тоқай Темірден тарайтын Тайқожаның ұрпағы еді. Тарихшылар оның 1406 жылы Түмен маңында Едіге бидің ұлы Нұрадынның қолынан өлтірілгенін жаз­ғанымен, оның басының Сарайшыққа әкетілгенін нақтыламайды. Ал ол турасында аңыз-әңгімелер жетерлік. Оған негізгі дерек ретінде ноғай халқының «Едіге» жыры алынады.

Біздіңше, жырдағы ақпаратқа толық сенуге болады. Өйткені Нұрадын әкесі Едігенің кегін қайтарып, ханның басын көпке көрсету үшін ноғайлар қоныс тепкен Сарайшыққа әкелуі заңдылық.

Жоғарыдағы деректерді негізге ала отыра, Алтын Орда хандары Жошының Батуынан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу Мөңке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәнібекұлы, Жошының То­қай Темірінен тарайтын Тоқтамыс Тай­қожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарайтын қазақ хандарының атасы Ақ орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәні­бекұлы Сарайшықта жерленген деген қорытынды жасаймыз. Ал Сарайшық кесенесіндегі Бату хан немересі Мөңке Темір Тұқанұлын археолог ғалымдар «осында жатыр» деп көрсеткенімен, оны айғақтайтын деректер әзірше сенім­сіздеу. Ол тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Болашақта жаңа деректермен Сарайшықта жерленген хандар тізімі толығады деген сенімдеміз.

Сарайшық Ноғай ордасының да астанасы болғандықтан ноғай билерінің осында жерленгені еш талас тудырмайды. Дегенмен нақты кім жерленген, оны қандай деректер дәлелдейді деген сұрақтар көзі қарақты оқырманды қызықтырады. Орыс архивтерінде ол турасында әзірше дерек кездеспегенін ноғайтанушы А.Исин зерттеулері айғақ­тайды. Әнес Сарай «Ноғайлы» зерт­теуінде «Ноғай билері мен мырзала­рының орыс патшалығына жазған хаттары мен қарым-қатынас жолдамаларында: «Жайықта біздің зиратымыз», «Жайықта, Жайықтағы Сарайшықта біздің ата-бабаларымыз жатыр» деп талай мәлімдеген. Тарихи оқиғалардың даму барысына қарағанда Жаңбыршы, Мұса, Орақ, Мамай, Жүніс сынды та­рихи тұлғалардың қабірлері осы Са­райшықта», ал кесенеде жазылған Шейх-Мамайды «1549 жылы өз өлімімен өліп, Ор (Орск) бекінісі ірге­сінде, Ыр­ғызға баратын қара сүрлеудің жиегіне жерленген» деп жазғанымен оны қандай деректен алғанын көрсетпейді. Ноғай билерінің ішінен атақты Едігенің де Са­рай­шықта жерленгені туралы жазылып жүргені белгілі. Бұл пікірге қа­рама-қайшы Едіге бидің мәңгілік меке­ні Ұлытауда, Ақтөбе жерінде, Маң­ғыстауда, Ресей Федерациясындағы Ас­траханьның шығысында екенін жазып жүргендер де баршылық. Оларға енді эпикалық жырлардағы Ер Тарғын, Қамбар батырларды қосыңыз. Мұның өзі ортағасырлық Сарайшықтың ел билеп, жауға шапқан тарихи тұлғаларының пантеоны екенін дәлелдегенімен, оларды те­рең зерделеу қажеттігін айғақтайды. Ол тарихшылардың алдағы міндеті бол­мақ.

 

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры