Бұл қазақтың баға жетпес киелісі не? Тәуелсіздігі. Елдігі.
Айбыны бөлек, ешнәрсеге – байлығыңа да, мансабыңа да, марапатыңа да, мақтангерлікке де, ауысып жататын бақ пен таққа да тең келмейтін – Азаттығы!
Содан болар, дүлділ ақын Несіпбек Айтұлының: «Өзегім талып жеткен Тәуелсіздік, Өмірде не бар екен сенен қымбат!» деуі.
Көне дәуірдегі бабаларымыз, Күлтегін мен Тоныкөктей ғұламаларымыз түп тамырымыздың түгел болуын тілеп: «Түркі халқы жойылмасын, Ел болсын!» депті.
Қазақтың ынтымаққа ұйып, ірі болған да кезі, аран-аран болып, адасқан да тұсы, жарасқан да сәті тарихтан белгілі.
«Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам!», деп толғапты Ақтамберді жырау.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Бұл да айнадай ақиқат, осы күні білімді аз ба?
«Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты», дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл да рас. Сөзге тоқтамай сүйреңдесең барыңнан да, нәріңнен де айрылмай қоймайсың.
«Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт. Тиянақ көрме жалғанды», депті Шәкәрім қажы. Сөзің мен ісің үйлеспесе – бұл келіспеген кемістік.
Иә, сансыз тосқауылдан өтіп, сұм саясаттың торын сыпырып тастап – сәулелі азаттық таңының саумал ауасын жұтып, сән-салтанатын көріп жүрміз. Бұл азаттықтың арқасы, Тәуелсіздіктің басқа қондырған бағы!
Қара сөздің қас шебері, кәусар ойдың кені Әбіш Кекілбайұлының зерделеуінше тәмсілдесек: «Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйсіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз». Тәубе, содан бері отыз жылға таяды, құлдық сана жоқ баяғы.
Кейде бір шолжаңдайтын еркелікті қойсақ: «Әрбір жұмысқа адалдық керек. Негіз керек. Әсіресе, саяси жұмысқа бұл сықылды сипаттар өте қажет. Негізсіз жасалған саясат – бояма саясат. Ондай саясаттың түбі қайырсыз», – деген қыршын жас Смағұл Сәдуақасұлының сөзіне бағып, оны ойымызға қорытсақ, қане!
Еркін елдің еркін ұрпақтың, азат қазақтың ұлттық тұрпатын қалыптастырды. Байтағымыз пейілімізге сай-пейіш төріндей кең екенін ұғынсақ, ұтылмасымыз анық.
Ендігі жерде: «Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын... Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!
Ұлы Абай өзінің Алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
«Бағытымыз – айқын, жолымыз ашық», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында.
Осы айқын бағытта тәуелсіздіктің туын биік ұстап, «Тәуелсіздік тұғырымыз – мәңгілік ғұмырымыз» десек, сол үшін қызмет етсек, елдіктің еңсесі биіктей береді.