Қоғам • 21 Қаңтар, 2020

Жетісу шенеуніктері жұртқа жақын ба?

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жем­қорлыққа қарсы күресте жеңіске же­ту­­дің бір жол оның салдарын анықтау емес, себеп­теріне үңілу болса керек. Бұл адам­ның пара беруге, пара алуға және сыбай­лас­тық­қа, тамыр-таныстыққа жүгінуге деген теріс көз­қарасын түбірі­мен жоюға бас­тай­тын ізгі әдетті қалыптас­тырмақ. Осы ба­ғыт­та елі­міз­­дің Сыбай­лас жем­қорлыққа қар­сы кү­рес агент­тігі ай­туға тұ­рарлық жұмыс атқа­рып отыр.

Жетісу шенеуніктері жұртқа жақын ба?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мем­ле­кеттік қызмет саласындағы заңсыздықтарды әш­ке­ре­леп, жүйені ниеті бұзылған шенеуніктерден тазалау да оңай шаруа емес. Ол үшін ұзақ зерттеу, сараптаумен қатар ар мен заң алдындағы жауапкершілікті сезіну алға шығуы тиіс. Аймақтардағы жұмыс бары­сында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агент­ті­гінің қызметкерлері осы ұстанымды басшылыққа ала­ды. Нәтижесінде, шенеуніктер арасындағы заң бұзушылық фактілері жиі анықталуда. Нақты айт­қан­да, 2019 жылы Алматы облысының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес қызметі 141 қылмысқа қа­тысы бар дерек тіркеген екен. Оның ішінде 101 іс жем­қорлыққа қатысты қозғалған. Яғни, сыбайлас жем­қорлыққа қатысты күдікке іліну дерегі бар­лық қы­лмыстық істердің 71,6 пайыз құрап отыр. Атап айтқанда, өткен жыл бойы 81 пара алу оқиғасы әш­кереленіп, қызмет бабын асыра пай­да­ла­нудың 11 дерегі анықталған. Нәтижесінде, жекелеген тұлғаға қатысты 63 қылмыстық іс ашылып, 43 адам сот­талған. Жауапқа тартылған қызметкерлер арасында 6 облыстық деңгейдегі басшы, 5 орта санат­тағы лауазымды тұлға бар. Бүгінге дейін 87 іс сотқа жіберіліпті. Сондай-ақ шенеуніктер тарапынан шағын және орта бизнес нысандарына қысым жасау азаймай отырған көрінеді. Дәл осындай маз­мұн­дағы 17 шағым қабылданып, 13 лауазым иесі жауап­кершілікке тартылған. 35 кәсіпкердің құқы қорғал­ды.

Айтпақшы, облыстағы сыбайлас жемқорлық деректері жиі байқалатын қызметтердің көшін әкімдік қызметкерлері бастап тұрғаны өкінішті. Өткен жылдың 11 айында шенеуніктердің пара алуына қатысты 26 оқиға анықталған. Жер қа­ты­нас­­тары бөлімінің қызметкерлері де әкім­дік өкіл­­де­рінен қалыспапты. Оларға қатысты 2019 жылдың жел­тоқсан айына дейін 12 дерек тіркелген. Ал жа­қында Алматы облыстық депар­та­ментінің мамандары жүргізген зерттеу бойынша Тал­ды­қор­ған қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналды шаруа­шы­лығы бөлімі жемқорлыққа бейім орта ретінде бағаланған. Бұл туралы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облыстық депар­та­мен­­ті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұма­баев мәлімдеді.

– Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жем­қор­лық тәуекелін анықтау бойынша арнайы мониторинг жүргізген болатынбыз. Оның нәтижесіне сарап­тама жасағанда бірқатар мәселе бары белгілі болды. Талдықорған қаласы бойынша айтар болсақ, тұр­ғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің жұмы­сына жасалған зерттеу бұл ортададағы жем­қор­лық тәуекелінің 9 дерегін анықтады, – дейді Жандос Жұмабеков.

Сараптама нәтижесінде Талдықорған қалалық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімі қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылыққа жиі жол берілетіндігі айқындалған екен. Оның ішінде баспана кезегіне қатысты шағымданушылар көп. Бөлім қызметкерлерінің тұрғын үй кезегін заңсыз өз­герту, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу ере­жесін өрескел бұзу, қарапайым тұрғындардың ке­піл­ді құқығын аяқасты ету, мемлекеттік қызмет көр­сету талабына сәйкес арыз-шағымдарды қарау тәртібін сақтамау сияқты айыптары көзге ұрып тұр екен. Айтпақшы, қазір арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй қорынан берілген қыз­мет­тік пәтерлердің заңдылығын да тексеруге кірі­сіп­ті. Оған коммуналдық меншіктегі пәтерлерде заң­ды иелерінің қоныстанбағаны және олардың ком­­мерция­лық мақсатта жалға берілетіні жайлы тұр­ғындар тарапынан түскен арыз-шағым негіз бо­лып отыр екен.

Жалпы, Жетісу өңіріндегі шенеуніктердің жұмы­сы­на қатысты сын Бас прокуратураға қарасты Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу ко­ми­теті тарапынан да айтылған. Осы комитеттің Алматы облысы бойынша басқармасы мамандары мәлімдегендей, 2019 жылдың 9 айында тұрғындарға тиісінше қызмет көрсету ережесін бұзған 24 әкімдік маманына қатысты құқықтық хаттама толтырылған. Бұл бойынша 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал тұрғындардың мемлекеттік қызмет алуға қатысты құқығы баспана кезегі мен жер теліміне қатысты жиі бұзылады екен. Былтыр облыс тұрғындарынан арнаулы қызмет алуға қатысты 70 мыңнан астам өтініш түссе, оның ішінен 174 өтініштің қаралу мерзімі мен орындалуына қатысты шешім шығарылуы қасақана шегеріліп, уақытын созу дерегі анықталған.

 

Алматы облысы