Руханият • 21 Қаңтар, 2020

Қайық күткен күн

276 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Атырауда өткен жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев атындағы III республикалық театр фестивалі – «Рухани жаңғыру» аясында аймағымызда ұйымдастырылған дәстүрлі ірі мәдени шаралардың бірі. Тоғыз театрдың басын қосқан өнер аламанының бел ортасында болып, бес күн бойы көрнекті қаламгердің шығармашылығымен тыныстадық. Той тарқады, көңілде көрікті ой қалды.

Қайық күткен күн

Аяқталмаған ән

Фестиваль шымылдығын  Нұр-Сұлтан қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры «Әміре» қойылымымен ашты.  Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жұманиязов. Басты рөлді сомдаған – актер Қ.Бұғыбай.

Әміре  – Францияда. Париж консерва­ториясының профессоры, француз әйелі бір топ өнерпаздармен аудармашы арқы­лы тілдесіп: – Кешіріңіздер, мұндай ғала­мат дауыстың болуы мүмкін емес! Ол тама­ғына дыбыс күшейткіш салып алған! – деп Әміреден көзін аудармай, ұзақ қарап қалды. Әншінің жанындағылар: – Біттің, Әміре дос, мына ханым қазір сенің аузыңды ашып, көмейіңді қопарады, – деп күліп, әзілге кезек береді.

Иә, француздарды осылай таңғал­ды­рып қайтқан әйгілі Әміре ғой ол. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедия­сындағы Жапал рөлін алғаш болып сом­даған оның арманы асқақ еді...

Драмада 1925 жылы Парижде өт­кен дүниежүзілік көрмеде кеңестік деле­гацияның құрамымен бірге өнер көр­сеткен Әміре Қашаубаевты сол елде эмиграцияда жүріп, елді сағынған Мұстафа Шоқай іздеп келеді. Алғашқы және ақыр­ғы кездесу. Әншінің бұдан кейінгі он жыл өмірі тыңшылардың тепкісінде ит қорлықпен өтеді. Айыптың басы – Мұс­тафамен танысып, бірге суретке түсіп, оның аманаттап тапсырған хатын елге жеткізгені.

Қойылым соңында Әміренің сахнада аунап-қунап сағынышын басып: – Сенде кеу­деме сыймай соққан жүрегімнің дүр­сілі бар. Өзіңе табан басқанымда бар қай­ғы-қасіретімді ұмытып, халқымның қоше­метінен төбем көкке жеткендей болушы еді. Қайран бұйырмаған дүние-ай! Қайран Төлеген, Шеге! Ақан сері ағатайым! Өмірге ән болып келген Әміре, ән болып кетті дегейсіңдер, деп қайыр-хош айтысуы көрерменді мұңайтты. Өнер бәйгесінде театр ұжымы І орынды иеленді.  

 Сексеуілге балта өтпейді

Фестиваль барысында Түркістан қала­лық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры сахналаған «Мұстафа Шоқай» дра­масының да көрермені болдық. Мұс­тафаның жас кезін Ж.Маханов ойнаса, орта жасын М.Құрманбеков сомдады. Қоюшы режиссеры – А.Наурызбаев.

Қоғам қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов және М.Шоқайдың мәжілісінде олардың бірігуге анттасуы – драмадағы тарихи оқи­ғалардың басым тұстарының бірі.

– Аз халықтың серкесі болғанша, көп халықтың еркесі болған жақсы екен, дүние-ай! – деп кеудесі күйінішке тол­ған Мұстафаның көрешегі көп болды. Дәм айдап, немістің де нанын жеді. Сол жерде тұтқынға түскен қандастарына кезікті. Концлагерьдегі тесік төбеден су сорғалап, бұрыштан егеуқұйрық жор­ғалап, қабырғасы көгерген дымқыл, сызды жерде биттеп, кірден шіріп иістеніп, қотыр­дан қышынып, жұқпалы дерттен, аштықтан өлімші халге жеткен тұт­қындарға қарап, жаны түршікті. «Мұс­тафа, бауырым!» деп аңқылдап, өзіне қарай емпеңдеп жүгірген қазақтың көз алдында оққа ұшқанын да көрді. Көре-көре көңіл суынды, жүрек қарайды.

Кең ашылған қазақы құшаққа еніп, мол жайылған дастарқан басында малдас құрып отырып, дархан даланың саф ауа­сымен кеудесін керіп тыныстай алмай, шеттеп жүріп, шерменде боп өткен есіл ер­ге туған жердің торғын топырағы да бұйыр­мады. Бұл да өмірдің өксігі ғой. 

Міне, «Мұстафа Шоқай» драмасынан алған әсеріміз осындай.

Өрмекшінің торы

Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атын­дағы драма театры көрерменге «Түнек торы» (Нашақор туралы новелла) дра­масын ұсынды.  Басты рөлді жас актер С.Әріп­ханов сомдады. Қоюшы режиссері – Е.Қабдыл.

Қойылым бір топ жас пен тәртіп сақшысының арасындағы қақтығыспен басталды. Келесі көріністе арбаға таңыл­ған профессордың отбасындағы мамыра­жай тіршілікке көңіл аудардық. Бас кейіпкер Жалқытай ата-анасына Тоғ­жан есімді бойжеткенді таныстырды. Дас­тарқан басындағы жаймашуақ бұл бас­қосуды кенеттен соғылған қоңырау үні бұзды. Телефонның арғы жағынан естіл­ген «қарызыңды қайтар, әйтпесе...» деген өктем дауыс шаңырақтың жалғыз ұлын түн төрінде сайран құрған нашақорлар әле­міне сүйреп әкетті. Айдың-күннің ама­нында бота тірсек бозбала өрмекшінің торына барып топ ете түсті. Бұл шыр­мауықтың ішінде пайдакүнемдік, екіжүз­ділік, сатқындық, сайқалдық, алдау, арбау... небір пәленің бәрі бар. Бұл тор маңына жуығанды он орап алады. Жары­ғы жоқ түнектен кері жол тауып, шығып көр...

Пьеса авторы адасып барып тәубеге келген Жалқытайдың өксікке толы жас  өмірін суреттеу арқылы батыр халықтың бүгінгі ұрпағына тажал болып төнген нашақорлықты қоғамнан аластауға үн­дейді. Үздік сценография аталымының жеңім­пазы болған жетісайлық театрдың қойылымына жиналған жастардың көптігі бізді қуантты.

 Соңғы аялдама

«Фариза ақын неге жалғыздықты таң­дады?» деген сұраққа жауап іздеген­дер жанында жүрген жігіт-желең арасынан дос таба алмай, қарындасқа мұ­ңын шаққан Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» деген өлеңіне үңіледі. Пәни дүние­ден пәруана боп өткен ақынның қалам­дасқа деген қамқор көңілінен, тілеу­лес ниетінен сыр іздейді. Мүмкін өр мінезді қыздың мысы басып, маздаған бір сезім жігіт кеудесінде тұншығып жатып сөнді ме екен?.. Пенделер осы жайтты бі­луге неге құштар?

«Фариза мен Мұқағали» драмасы осын­дай тұманды ойлардан арылтып, адамдар арасында сезімнен де биік тұра­тын рухани жақындықтың барын алға тартады. Жеткізбейтін дүниені қуып, жанталасып жүргендермен ісі жоқ, өлең­нен берік қамал тұрғызып, өздерінің әле­мінде өмір сүрген қос ақынды өзара мұң тарқатуға жетелейтін де осы поэзия құді­реті.

Фестиваль барысында бұл қойылымды екі өнер ұжымы –  Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры мен Қарағанды облыстық С.Сей­фуллин атындағы академиялық қа­зақ драма театры көрермен назарына ұсынды. Екі қойылымның да режиссері – Н.Жұманиязов. Мұқағали рөлінде А.Иманқұлов (Маңғыстау), Н.Қалкенов (Қарағанды)  ойнаса, Фариза рөлін Э.Керімбаева (Маңғыстау), Д.Заитова (Қарағанды) сомдады. Өнер додасында қарағандылық актриса Д.Заитова «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы бойынша  мара­патталып, ал Ақтау театры ІІ орынды иеленді.

 Темірбектің тілегі

Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атында­ғы драма театры «Темір-Нарком» тарихи дра­масын сахналады.

Темірбек Жүргеновтей көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткерінің сахналық образын жасау үшін автор көп ізденді. Режиссер қанша уақытын сарп етті екен? Ал актер ше, ол қандай сезімді бас­тан кешті? Қойылымнан кейін басты рөлд­і сомдаушы 28 жастағы жас актер Н.Өтеғұ­ловпен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.  

– Қоюшы режиссер М.Хабибуллин маған ұсыныс білдіргенде аз-кем ойланып қалдым. Бұл кісі өмірде болған адам. Кө­зін көргендер бар. Сондықтан нақты дерек­терге жүгініп, жіті зерттеуді қолға алдық. Тарихшылармен кездестік. Оның еліміз үшін қандай істер атқарғанын толықтай білген кезде шынымды айтсам, көзіме жас алдым. Маған «Темкең болмағанда бізде өнер болар ма еді?» деген ой келді. Ол кісінің киесінен қорық­тым. Оның үстіне естуіміз бойынша, Р.Отарбаев сондай кісі... премьера ұна­май ма, орнынан тұрып кетіп қалады. Осыны да ойлап қатты уайымдадым.

Автор көзі тірісінде өзі қойылымды көріп, бағасын беріп кетті. Көрсетілімнен кейін талқылау болған кезде Рахымжан ағаның айтқан бір сөзі көңілімді босатты.­ Ол кісі «Мен Темірбекті Ақтөбеден тап­тым» дегенде еңкілдеп жыладым. Өте ауыр дүние. Мұндай үлкен пьесаны бір сағат он бес минутқа сыйғызу да – ре­жиссердің шеберлігі. Рөлді ойнау барысында мінезім өзгерді. Өйткені өмірде жұм­сақ адаммын. Темірдей қатты, тісті адам­ды сомдау үшін маған үлкен дайын­дық керек болды, дейді актер. Ақ­тық мәреде ақтөбелік театр ІІ орынды иеле­ніп, актер Н.Өтеғұлов «Үздік ер адам бей­несі» аталымы бойынша марапат­талды.

 Сұлтанның сағынышы

Сахнада – құл базары. Қожайын сату­ға шығарылған құлдардың бәсін бел­гілеуде. Кезек Бейбарысқа жетті. Тәртіп бойынша шыққан тегін түгендеп, Жамақ ханның ұлы екенін айтқан бозбаланы кекетіп, мұқатқан шонжар: 

– О-о-о,  ханның ұлымын де! Өзіңді зор санап тұрсың ғой.Түсір төмен басың­ды! –деп бұйырып, жанарына мұң тұн­ған бозбалаға көз тоқтата қарады. Сол­ сәтте оның түюлі жұдырығына наза­ры түсті.

– Қолыңда не бар? Қане, көрсет!

Бұйрық екі рет қайталанған соң, Бей­барыс амалсыз алақанын жазып көр­сетті. Қолына қысып ұстағаны – шөкім­дей ғана бір уыс шөп екен. 

– Иісі қандай жаман еді?! Құрт көзін!

Қожайын бозбаланың қолын қағып жібергенде, алақандағы жусан жерге төгі­ліп түсті. Бұл үстемдікке Бейбарыс іш­тей ширығып, есейіп, алдағы көрежақ күн­деріне тас-түйін боп бекініп, белін буды. Басты рөлді сомдаған актер С.Тав­геньнің өзіне сенімділігі бізді оқи­ғаның қою­ланар жуан ортасына қарай жетелей түсті.

Ақмола облыстық орыс драма теа­тры сахналаған «Бейбарыс сұлтан» драмасының өзіндік  жаңалығы мол болды. Адамзатпен бірге туып, бірге жасап келе жатқан бақталастық пен жау­гершілік заманның қиян-кескі ұрыс қимыл­дарын шалт қозғалыс, қылыш, садақ, ой, музыка, пластика арқылы бей­нелеп, көрерменге тілсіз түсіндіру – қоюшы режиссер О.Луциваның сәтті шешімдерінің бірі болды. Бұл еңбек бағаланып, ол «Үздік режиссер» атанды.

 Бас пен бәс

Жоғалған басқа бәс тігілген күнді де көрген бұл қазақ. Мұндайда аяқ астынан жоқ іздеушілер де табылады. Сүйіншіге берілер доллардың буы қойсын ба, жұрт алаөкпе шабысқа түсіп, бас іздеп жүр...

Шымкент қалалық Ж.Шанин атын­да­ғы академиялық Қазақ драма театры сахналаған «Бас» драмасын көріп отырмыз. Дүркін-дүркін сахнадан Махам­бет­тің жалынды жырлары хормен айтылып, заманның зары санада жаңғыра түседі. 

Шолақ ғұмыр шолтаң ете түскенімен, көзінің тірісінде Махамбет бабамыз ға­зиз басын ешкімге қорлатпаған болатын. Көресіні өлген соң көрді… Р.Отарбаев­тың «Бас» деп аталатын сюрреалистік дра­масында батырдың рухын мазалаған тірілердің хикаясы баяндалады.

Археолог Ноэль, бас сүйектен ат-тон­дарын ала қашып, кейін оны жабылып, сабылып жүріп іздеген шенеуніктер (бү­гінгінің Ықыластары), ауыл ақсақалы Құ­рақ қарияның дұға-тілегі, Жәңгір хан, бей­біт күннің Исатайы мен Махамбеті, ама­натқа адал Дәулет... бірі түңілдіреді, бірі сүйіндіреді.

Қойылымнан жас актерлармен бірге әлі де сапта келе жатқан аға буын өкілін көріп, көңіл сүйсінді. Ұстаздары мықты бұл шәкірттер шаш селдіреп, шаттық сиреген кемел жаста да еңбекқорлығымен дараланып тұрады. Сондай талантты тұл­ғаның бірі – Шымкент театрының ақ­сақал актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров. Фес­тивальды қорытындылау сәтінде Құ­рақ рөлі үшін М.Ілиясқаров «Көрермен көзайы­мы» атанды. «Рахымжан Отар­баев­тың Руханият қоры» тағайында­ған ар­найы жүлде режиссер Қ.Қасымовқа берілді. Театр ұжымы ІІІ орынды иеленді.

 Жалғыздық

Фестивальдың шымылдық жабар қойы­лымы – Атырау облыстық Махамбет атын­дағы академиялық драма театры сах­налаған «Жалғыздық» драмасы болды. Қоюшы режиссері –  М.Томанов. Басты рөлде – актер Б.Зинуллин, Ана бейнесінде – актриса Г.Көшербаева ойнады. Сондай-ақ пластика арқылы бас кейіпкердің өткен шағы мен арман-аңсарын бейнелеп жеткізер жиынтық образды сомдаушы бір топ актерлар құрамының да (Е.Шаманов, А.Бәдел, Е.Жұматов, т.б.) атқарған өз мис­сиясы бар.

Жазушы, драматург Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шығармасы анасы Шәмен­нің (Шәмсия) рухына арнап жазылған болатын. Режиссер М.Томанов осы не­гізге сүйене отырып, көрерменге екі дүние­ден бір-біріне қол созған ана мен бала арасын жалғап тұрған жібек жіпті – ғұмыр­лық махаббатты ұғындыруға күш салды. Шығармада өзен жағасында қайық күткен жолаушы бұл сапарға отбасымен шықса, сахналық нұсқасында ана рухымен оңаша сырласады. Бұл пьеса сөзді көп керек етпейді, бас кейіпкердің ара-тұра көмейінен лықсып шығатын жалғыз ауыз сөзі жеткілікті, түсінікті.

– Атыраулық театр халықтың зор сүйіс­пеншілігіне ие болды. Көрермен тал­ғамын осындай туындылармен көтеру керек. Әлемдік масштабтағы қойылым болды деп баға беремін,  – деді  Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, әділқазылар алқасы­ның төрағасы Асанәлі Әшімов.

Ал жазушының қызы, журналист Қарагөз Рахымжанқызы болса: – Соңғы уа­қытта әкем шаршадым деп көп айтатын. Мен оның өмір бойы анасын аң­сап, жоқтап өткенін жақсы білемін. Шағын әңгімеден сахналық туынды жасап, көп сөзсіз-ақ әкемнің жан жарасын, сағы­нышын жеткізе білген атыраулық театр­ға рахмет! – деп қойылым соңында өз әсе­рі­мен бөлісті.

Байрақты бәйгеде мерейі үстем бол­ған атыраулық театр Бас жүлдені жеңіп алды. Әділқазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов айтқандай, бұл жетістік – өнер ұжымының маңдай терін бес сылып алған әділ жеңісі!

... «Жалғыздық»  драмасы ішкі са­райыңды мұңға орап, көп ішінде жалғыз, жалқы екенімізді еске салады. Дара дауы­сымыз естілмей, тобыр арасына жұты­лып, жоғалып бара жатқанымызға өкін­діреді. Жан-жағыңда – жыртқыштар, айналаң толған ит-құстар... мейірімге мұқ­тажбыз. Кең дүние тарлық етіп, бір-бірі­мізді иығымызбен қағып өтіп, күресу мен тіресуден қалжыраған тәнімізді оңа­ша аралға жеткізер қайық керек, қайық!

Әдебиет әлемінің аса ірі өкілі, драматург Рахымжан Отарбаевтың ұлттық драматургияға қосар үлесі, тындырар тірлігі әлі де алда болатын. Сөз зер­гері­нен күтеріміз көп еді. Алайда, жазарын сарқып жазып кеткен жампоз бар ма?! Оның да сүрлеп сақтаған ең сүбелі дү­ниесі, ең соңғы сыры өз бойында кетті. Ғұмыр бойы іздеген жоғын тауып, көңілі жай­­ланардай талпындырған жетпістің жаға­лауы жеткізбеді...

 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

 

Атырау