Руханият • 21 Қаңтар, 2020

Терезеден қарама...

3045 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Терезеден қарама...

Еһ, қаңтар! Қаңтар!..

Ата-бабаларымыздың сені неге бұ­лай атағанын енді ғана түсініп келе жатқандаймын.

Жол үсті жып-жылтыр мұз. Күн қақап тұр. Айнала ап­пақ тұман.

Шыбын жанды шүберекке түйіп, рөлге әзер ие болып келем. Аяқ астынан доңғалақ бұлт етіп оңға, иә болмаса, солға бұра тартып, тізгін бермей кетсе, құдай сақтасын, не іс­теріңді білмейсің. Сасқа­лақтап тежегішті кілт баса қойсаң, машинаның шыркө­белек айнала жөнелері анық.

Еһ, қаңтар! Қаңтар!.. Сенің атың мынау жұртқа: «Күн суытты. Қыс қаһарына мінді. Есің болса, енді ат-шанаңды, көлігіңді қаңтар! Алыс жолға шықпа. Абай бол!» деп тұр-ау!

Көңіл шіркін, тағат таппай, таң бозынан сапарға шыққан өзімді өзім аямай кінәлап келем. Әйтсе де, әупірімдеп Қордай асуынан өткен соң, күн қабағы ашылып, сұп-сұр дүниенің жабығынан жарық сығалай бастады. Бірте-бірте тұман да сейіліп, жол үсті жіпсіді.

«Шалқардың» радиотолқындары әуелеткен халық әні көңілімді көтеріп, онсыз да жып-жылы көліктің ішіне терезеден құйылған күн сәулесі жай­машуақ көктем лебін әкелгендей.

Кенет жол жиегін бойлап, аяғын нық басып, асықпай адымдап бара жатқан бір кісі көрінді. Үстіндегі қаракөк түс­ті курткасының арқасындағы ақ жо­лаққа жазылған «Күзет» деген жазу ба­дыра­йы­п алыстан көзге түседі екен. Иы­ғында шағын ғана жол қапшығы бар.

Жып-жылы көліктің ішінде көңілім шалқып, ән тыңдап келе жатқан менің санама: «Қандай тамаша көрініс, – деген ой келді. – Ақсіреу қарды сықырлата басып, асықпай адымдап бара жатқан еңбек адамы өз күшіне өзі сенімді, өз тіршілігіне ұқыпты!..»

Машина жақындай бергенде ол қолын көтерді. Мен тежегішті ақы­рын басып, әудем жерге өтіп барып тоқтадым. «Ала кетейін».

Ол машинаның артынан жүгіріп, ентігіп келіп есікті ашты. «Андағы ауылға дейін ала кетіңізші!..», деді ал­дыңғы жаққа қарай қолын сермеп. Суық сорған жағы әзер икемге келіп тұрған сияқты. Мен басымды изедім.

Оның өңі қап-қара болып түтігіп, енді болмағанда үсіп кетуге аз-ақ қалыпты. Машинаның артқы орын­дығында екі иығы дір-дір етіп, арқасы қушиып оты­рып: «Бізге келетін көлік бүгін бұ­зы­лып қалыпты...», деді.

Далада әлі де аяз құтырып, жел ысқырып тұрғанын сездім. Қыс ортасында ыстықтап, жайлауға шыққандай шалқып отырған көңілімнің хошы мынау жанға жайлы жапондық көліктің арқасында екені есіме түсті.

Кенет көз алдыма қыста жылы, жазда қоңырсалқын кабинеттің үл­кен терезесінен шағын қаланың бас даңғылына қарап, көңілі тояттап тұ­ратын жап-жас азаматтың бейнесі елестеді.

«Еһ, қаңтар! Қаңтар!» дедім әлде­кімге мұң шаққандай болып.

Содан соң, солтүстік облыстағы аудан­дардың бірінде әкім болып қыз­мет істейтін немере ініме жол-жөне­кей: «Ел тіршілігіне ешқашан да терезеден қараушы болма», деп смс хат жолдадым.