03 Тамыз, 2013

«Бұзық» бұршақегіс алқабын отап кетті

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

буршакҚостанай облысында ауа райының жауын-шашындатып тұрғанына біраз болды. Өңір тұрғындары биылғыдай көл-көсір жаңбырды соңғы жылдары көрмеген болатын. Таяуда жаңбыр тіпті күндіз-түні тыйылмай жауды. Бірақ   оның арты бармақ басындай бұршаққа ұласады деп ешкім ойламаған. Облыстың біраз жерінде байқалған бұршақ, әсіресе, Меңдіғара ауданының шаруашылықтарына біраз залал келтірді. Осы аудандағы жайқалып тұрған мың гектарға жуық егін алқабын тып-типыл етіп отап кетті. Диқандардың шығыны миллиондаған теңгемен саналады.

 

Қостанай облысында ауа райының жауын-шашындатып тұрғанына біраз болды. Өңір тұрғындары биылғыдай көл-көсір жаңбырды соңғы жылдары көрмеген болатын. Таяуда жаңбыр тіпті күндіз-түні тыйылмай жауды. Бірақ   оның арты бармақ басындай бұршаққа ұласады деп ешкім ойламаған. Облыстың біраз жерінде байқалған бұршақ, әсіресе, Меңдіғара ауданының шаруашылықтарына біраз залал келтірді. Осы аудандағы жайқалып тұрған мың гектарға жуық егін алқабын тып-типыл етіп отап кетті. Диқандардың шығыны миллиондаған теңгемен саналады.

Жалпы, Меңдіғара жері қара топырақты, құнарлы аймақ. Диқандар жылда гектарынан кем дегенде 12 центнерден өнім жинайтын. Егіннің көгі биыл да жақсы еді. Шілденің аяғында бидай сабағының тұрқы жарты метр болып қалған. Фермерлер биыл гектарынан 18-20 центнерден өнім аламыз деп үміттеніп отырған. Бір шақырымдық жолақпен өткен ат құлағы көрінбес қалың бұршақ егісті жоқ қылды. Табиғаттың тамыршысындай болып қалған кәнігі диқандар да мұндай бұршақты бұрын көрмегендерін айтып отыр.

Егіс алқабы қатты зардап шеккен «Егін» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Марат Молдашев бармақ басындай бұршақтың қылыштың жүзіндей өткір қырлы болып жауғанына таңғалады. Егін тек жаншылып, қырқылмаған, бидай сабағын өткір пышақ жұмсағандай ортасынан тіліп өткен.

– Бұршақтан кейінгі алқап­қа қараудың өзі қиын. Жау шапқандай, алапат көрініс. Би­дай сабағын екі жерден қырқып әрі тіліп өткен. Бүкіл бір алқапты осылай турап тастаған. Бұршаққа ұрынған   алқаптың барлығы жарамсыз болатын түрі бар. Көмек керек, өйткені бізде егін егуден басқа кәсіп жоқ. Биылғы маңдай тердің барлығы құмға сіңгендей жоқ болды, – деп табиғаттың тосын қылығына қынжылады шаруашылық басшысы Марат Молдашев.

Ол биыл 3,5 мың гектарға егін еккен болатын. Соның 300 гектарынан астамы табиғат апатынан тып-типыл болды. Тағы да 500 гектардай бидай ішінара зақымданған. Алдын ала болжам бойынша бұл шаруашылықтың бұршақтан шеккен шығыны 12-15 миллион теңгеге жетіп жығылады. Осы аудандағы «Боровое» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шеккен зияны мұнан көп болмаса, аз емес көрінеді. Жалпы, Меңдіғара ауданында төрт шаруашылық бұршақ зардабын тартқан. Олардың бүлінген егіс алқабының көлемі мың гектардан асады. Зардап шеккен егістің көлемі мен шығынды арнайы комиссия анықтайтын болады. Диқандар сақтандыру компанияларына үміт артып отыр.

Меңдіғара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Александр Ковальчук алдымен бұршақтан бүлінген алқаптардың көлемі өлшеніп, нақтыланғаннан соң, шығын есебі шығарылатынын, содан кейін ғана сақтандыру компаниялары өз қорытындысын жариялайтынын айтады. Шығын толық өтелмесе де, ол диқандар қолына тиісті төлем тиеріне сенімді.

«Қазгидромет» РМК Қостанай облыстық филиалы мамандары мұндай алапат бұршақтан хабарсыз екендігін айтты.

– Шілде айының екінші жартысы Қостанай облысында жау­ынды-шашынды болды. Ауа ағысының құбылуына қарай нөсер де құйды, найзағай да көп байқалды. Бұршақтың жаууы әбден ықтимал, бірақ кең көлемді қамтымай, бір жолақ жерден өтуіне байланысты табиғаттың бұл құбылысын алдын ала тап баса алмадық, ауа райын болжау картасында көрсетпеуіміз де сондықтан. Тамыз айының алғашқы онкүндігінде де облыс аумағында жауын-шашын, әсіресе, өткінші жаңбырлар жауып тұрады. Негізінен күн жылы болады, бірақ ауа ағысына қарай кейбір жерлерде тағы да жаңбырдың бұршаққа айналмасына кепілдік бере алмаймыз. Тылсымы көп табиғат емес пе?.. – дейді «Қазгидрометтің» облыстық филиалы ауа райын болжау бөлімінің басшысы Валентина Загребина.

Көктен жауған бұршақтың «бұзықтығынан» тұзы сор бол­ған диқанның жағдайына енді сақтандыру компаниялары түсі­ністікпен қараса жарар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай об