03 Тамыз, 2013

Маңызды жұмыстарға мән беру қажет

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, құрылыс индустриясын дамыту және орақ науқанын өткізу мәселелері бойынша селекторлық режімде кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы Өңірлік даму вице-министрі С.Нокин баяндады.

 

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, құрылыс индустриясын дамыту және орақ науқанын өткізу мәселелері бойынша селекторлық режімде кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы Өңірлік даму вице-министрі С.Нокин баяндады.

Үстіміздегі жылдың алты айында қаржыландырудың барлық көздері бойынша 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол жылдық жоспардың 46 пайызы. Салынған тұрғын үйлердің жалпы көлемінің 60 пайыздан астамы немесе 1,8 млн. шаршы метрі жеке құрылыс салушылар үлесіне тиесілі, деді С.Нокин.

Оның айтуынша, кезекте тұрғандар үшін арендалық тұрғын үй салуға 2013 жылға 17,5 млн. теңге қарастырылған. Егер бұған дейін жыл сайын шамамен 2-2,5 мың пәтер салынса, биыл жалпы алаңы 285 мың шаршы метрді құрайтын 4 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Іс жүзінде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша көлемі 38,4 мың шаршы метрді құрайтын арендалық тұрғын үйде 632 пәтер пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 13 пайызы. Әкімдіктердің ақпараттары бойынша тұрғын үйлерді іске қосудың негізгі бөлігі 3-4 тоқсандарға белгіленіп отыр, деді С.Нокин.

Жас отбасылар үшін арендалық тұрғын үйлер салуға 2013 жылға 10 млрд. теңге қарастырылған. 117 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, ал 6 айда көлемі 19,3 мың шаршы метрді құрайтын 314 пәтер салынды, бұл жоспарланған құрылыстың 17 пайызы. Тұрғын үйлерді негізгі іске қосу үстіміздегі жылдың 3-4 тоқсандарына жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары желісі бойынша 2013 жылы 451,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Есепті кезеңде 80 мың шаршы метр немесе 1200 пәтер салынды. Осы мақсаттар үшін үстіміздегі жылға 30,1 млрд. теңге қарастырылған.

Бағдарламада 2013 жылы 6,6 млн. шаршы метр көлемінде тұрғын үй салу көзделген. Деген­мен, біз өткен жылғыдан кем емес көлемді – 6,8 млн. шаршы метр деңгейіндегі көлемді қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік бар деп есептейміз, деп хабарлады вице-министр.

Сондай-ақ, осы мә­се­ле бойынша «Тұрғынүй­құры­лыс­жи­нақ­банкі» АҚ-тың басқарма төрайымы Н.Наурызбаева, «ҚТҚК» АҚ басшысы Қ.Айте­ке­нов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Ердебай, сондай-ақ бірқатар облыстар әкімдері сөз сөйледі. Құрылыс индустриясын дамыту мәселесі бойынша Индустрия және жаңа технология­лар бірінші вице-министрі А.Рау баяндады.

2013 жылдың жоспары 6,8 млн. шаршы метр деңгейінде орын­далуы тиіс, деп атап көрсетті С.Ахметов.

Осы орайда ол Өңірлік даму министрлігіне бағдарламаның барлық бағыттар бойынша орындалуына тұрақты мониторинг пен қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдеріне осы айдың соңына дейін бөлінген қаржылардың игерілуі бойынша қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Екінші мәселе – орақ науқанын өткізу барысы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияев хабарлады.

Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарының қорытын­ды­лары бойынша барлық ауыл­шаруашылық дақылдарының жалпы егістік алаңы 21,4 млн. гектарды құраған. Үстіміздегі жылы 15,7 млн. гектардың дәнді дақылдары орылатын болады. 2 тамыздағы жағдайға сәйкес 525 мың гектар алқаптан 830 мың тонна астық жиналған, орташа түсім гектарына 15,7 центнерден келіп отыр. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5,8 центнерге жоғары.

Бүгінгі күні бүкіл егістіктің 67 пайыздан астамы жақсы, ал 30 пайыздан астамы қанағаттанарлық жағдайда. Соған байланысты жалпы астық жинау болжамы шамамен 16,3 млн. тоннаны құрамақ, деді М.Өмірияев.

Биыл көктемгі дала жұмыс­тарын қаржыландыруға «Қаз­Агро» желісі бойынша 60 млрд. теңге бөлінді. Ал егін ору жұ­мыс­тарына 410 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді.

Алдын ала бағалаулар бойынша, түсім және бүтіндей алғанда астықтың жалпы көлемі 2012 жылдың деңгейінен көп болады деп күтілуде. Үкімет орақ науқанын ұйымдасқан түрде өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Қазіргі қарқынды сақтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлер әкімдеріне егін ору жұмыстарының барысын үнемі бақылауда ұстау қажет, деп атап көрсе тті С.Ахметов.

Талқылау қорытындылары бойынша Үкімет басшысы­ өңірлер әкімдеріне ауылшаруашылық техникаларын дайындау, жа­нар-жағармаймен және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуде аграр­шыларға ықпал жасауды тапсырды.

Көлік және коммуникациялар министрлігіне «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп астық тасымалы үшін қажетті вагондар санын қамтамасыз ету жөнінен шаралар қабылдау, Мұнай және газ министрлігіне жанар-жағармайды облыстарға уақытында жеткізіп беруді қамтамасыз ету тапсырылды.