Хоккей • 22 Қаңтар, 2020

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Йокеритті» ойсырата ұтты

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хельсинкиде өткізген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жергілікті «Йокеритті» ойсырата ұтты.

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Йокеритті» ойсырата ұтты

Бірінші кезеңде тең есеп тіркелді. 4-минутта Корбэн Найт қонақтарды алға шығарса, 20 минутта айдын иелері таразы басын теңселтіп кетті.

Үзілістен кейін қос команда тарапынан толассыз шабуылдар жалғасқанымен, қақпаға бір ғана шайба енді. 26 минутта Кертис Волктан керемет пас алған Никита Михайлис нысананы дәл көздеді.

Ал үшінші кезеңде қаһарына мінген қонақтар қарқынын күрт күшейтіп, айналдырған бес минут аралығында қатарынан үш мәрте мергендік танытты. Бұл голдардың авторлары – Аркадий Шестаков (55 минут), Линдус Виделль (58 минут) және Дастин Бойд (60 минут). 

Осылайша қатарынан төртінші кездесуде жеңіске жеткен «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде бесінші орынға көтерілді. Шығыс конференциясында біздің жігіттер үшінші сатыға жайғасты. Чемпионат басталғалы бері барлығы 50 бәсеке өткізген жерлестеріміз 67 ұпайға иелік етіп отыр.