Футбол • 22 Қаңтар, 2020

Футбол: «Астана» «Боруссия» мен «Миланнан» мықты

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық футбол тарихы мен статистика федерациясы (IFFHS) 2019 жылдың қорытындысы бойынша клубтық командалардың рейтингін жариялады.

Футбол: «Астана» «Боруссия» мен «Миланнан» мықты

Үздіктер тізімінде Англияның «Ливерпуль» клубы көш бастап тұр. Юрген Клоптың командасы 316 ұпай жиған екен. Екінші орында – Испанияның «Барселонасы». Каталониялық ұжымның еншісінде 293 ұпай бар. Үшінші сатыға Англияның тағы бір клубы – «Манчестер Сити» табан тіреді. «Қалалықтар» 284 ұпайды қоржынға салды. Сондай-ақ «ТОП-10» команданың қатарына «Фламенго» (Бразилия, 275 ұпай ), «Селтик» (Шотландия, 269 ұпай) , «Валенсия» (Испания, 298 ұпай), «Аякс» (Нидерланд, 249,5 ұпай), «Челси» (Англия, 249 ұпай), ПСЖ (Франция, 243 ұпай) және «Вулверхэмптон» (Англия, 236 ұпай) еніп отыр.

Қазақстандық командалар арасында ең үздік көрсеткіш «Астанаға» тиесілі. Елордалықтар 129,9 ұпай жиып, 104 орынға жайғасты. Осы орайда жерлестеріміз «Боруссия» (Дортмунд, Германия), «Милан» (Италия), «Галатасарай» (Түркия), «Монако» (Франция) және тағы басқа бірқатар әйгілі клубтардан озып тұрғанын айта кету абзал.