Бүгін Солтүстік Кореяның үкіметі Шығыс Азия чемпионатында жеңіске жеткен футболдан әйелдер құрамасының мүшелеріне «Окрё» ресторанында құрмет көрсетті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Турнир Оңтүстік Кореяның Сеул және Хвасон қалаларында 20-28 шілде аралығында өтті. Оның барысында КХДР қыздары Корея республикасының құрамасын 2:1, Қытай командасын 1:0 етіп ұтып, жапон жасағымен 0:0 есебімен тең ойнады.
Қонақасы кезінде Корея Еңбек партиясының хатшысы Ким Ён Чжин спортшыларға арнап сөз сөйлеген. Сөзінде ол қыздарды «халық пен армияны осындай жеңісімен қуандыра беруге» шақырған. Оған жауап сөзінде футболшы қыз Ра У Син елдің даңқын асыру үшін бұдан да зор жеңістерге жете беретіндеріне сендірген. Ол Ким Чен Ын жолдастың зор қамқорлығы арқасында бұған қол жеткізуге болатынын жеткізді.
Бұл Солтүстік Корея қыздарының Оңтүстік Корея алаңдарында соңғы төрт жылдан бері бірінші рет өнер көрсетуі болды.
Мұрат Айтқожа.