Руханият • 22 Қаңтар, 2020

Қазақтың тұңғыш абайтанушысы

1485 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Марқұм Абай өзінің қара сөзінде: жылап туасың, кейіп өлесің, – деген екен. Адам ғұмырында сол жылап туу мен кейіп өлудің аралығында қаншама сүрлеу соқпақпен жүріп өтіп, дүниеден өтеді. Тағдыр – біреу, айырмашылығы – бағыты мен жарлығында ғана.

Қазақтың тұңғыш абайтанушысы

Бір пенде жалғанды жалпағынан басып жүріп, өлшеулі күні бітерінде шарасы таусылып, аманат жанын қимаған күйі Раббысына тапсырса, бір пенде тірісінде айналасына шуағын шашып, адамзаттың игілігіне қызмет ете жүріп, дүниеде иманын бекемдеп, кәлимасын айтып, бақытты пенделердің санатына қосылған күйі бақидың сапарына аттанып кете барады. Сондай пенделердің қатарында мақсаты мен мұратына адал болған ұлы тұлға Мүрсейіт Бікіұлы еді. Мүрсейітке қатысты деректер саны саусақпен санарлық. Алайда Семейлік ғалым Ә.Медеуханұлы Мүрсейітке қатысты 2009 жылы құнды жинақты құрастырып шығарды. Бұдан өзге санаулы дүниелер жазылғаны болмаса Мүрсейіт Бікіұлының қазақ әдебиетіндегі орны бізді толғандырмай қоймады. Абайтану тарихында 2019 жылы ұлы Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасына Мүрсейіт қолжазбасының 1907 жылғы нұсқасына сүйеніп тұңғыш рет транскрипция жасадық. Өте сұлу почеркімен жазылған қолжазбаға сүйенгеннен кейін тұлға туралы бір кішкене дүние жазғым келген еді. Биыл Абайдың дүниеге келгеніне 175 жыл болса, Мүрсейіт Бікіұлының туғанына 160 жыл. Абай шығармалары жоғары деңгейде дәріптелуде. Шүкір. Кезінде Мұхтар Омарханұлы «Абайтану» ғылымының негізін салып, оны бір жүйеге қойып кетті. Дәл осы «Абайтану» ғылымы Мүрсейіт болмағанда мүлде болмас па еді, Мүрсейіт болмағанда, оның ұлы Рахымбай болмағанда 175 жылдық тойланбақ былай тұрсын, Алаш жұрты Абайдың кім екенін білмей кетер ме еді, кім білсін?! Осы жайлы, Мүрсейіт тұлға жайлы азды-кем қолымдағы бар мағлұматтарға сүйене отырып оның және ұрпақтарының ұлт руханиятына жасаған теңдессіз жақсылықтарын баяндауды жөн көрдік.

  Мүрсейіт Бікіұлы 1860 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келіпті. Мүрсейіттің арғы-тегі жайлы Семейлік Абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев: «Тобықты Мүрсейіттің жетінші атасы – Әнет баба. Әнет баба Абайдың жетінші атасы Әйтекпен бір туысады. Әнеттің бір ұлы – Байболат. Байболаттан – Бақай. Бақайдан – Тоққожа. Тоққожадан – Көбікен. Мүрсейіттің әкесі –Бікі осы Көбікеннің немересі». Ал Ә.Медеуханұлы: «Көптеген зерттеу мақалалар мен естелік жазбаларда Мүрсейіттің әкесінің есімі Біке деп қате басылып жүр. Дұрысы – Бікі. Дала данасы, ғұлама ұстаз, ұлы билердің ұстазы Әнет баба – Мүрсейіттің жетінші атасы. Әнеттен тарайтын Шоманның үш баласы – Тікі, Бікі, Мікі. Мүрсейіт – осы Бікінің баласы», - деген тың мәліметтерді келтіреді. Мүрсейіттің Әнет бабаның ұрпағы екендігін оқырманның бірі білсе, бірі біле бермес. Яғни Абайдың аталас туысы. Сол заманның ескі көз, құйма құлақтары Мүрсейіт молданы өте сауатты, биязы, боқтық сөз айтпайтын момын жан болған деседі. Мұхтар Әуезовтің деректеріне сүйенсек: «Мүрсейіттің өзі, жас жағынан алғанда, Абайдан 10-15 жас кіші адам болған. Өмірі Абайдың өз қасында өткен емес, Абай ағайындарының бірнеше ауылдарында кезектеп бала оқытып жүрген» дейді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Абай шығармаларын жазардан бұрынғы уақытта молда Семейде үлкен қызметтерде жұмыс жасаған екен, оязға тілмәш яғни бүгінгі күннің сөзімен айтқанда баспасөз хатшы болған ғой. Сол қызметте жүрген Мүрсейіт «Зағипа қыздың дауы» деген мәселеге араласып істі әділ әрі осы Зағипаның ыңғайына шешіп берген деседі. Әрхам Ысқақовтың дәл осы оқиға жайынан туған «Зағипа» атты дастанында:

Келісіп бұған би, болыс,

Мақұлдап оны хатшы орыс,

Шақыртып көпке естірді.

Сұрланған жүзі құбылып,

Ауызға жүрек тығылып,

Зағипаға ес кірді.

Қызғалдақтай қызарып,

Екі көзде нұр жанып,

Айтты алғыс Абай ағаға, – деген жолдардан қазақ қызының басына түскен тағдырлы сынақтың оң шешілгені анық аңғарылады. Зағипа қыздың дауы оң шешілгенімен бұл Мүрсейіттің қызметіне кері әсер етіп,  жұмысынан босап Өскеменге айдауға жеберіледі. Бұл жайлы абайтанушы ақсақал Мұздыбай Бейсенбаев былай дейді: «Мүрсейіт осы қызметінде жүргенде тағы бір жесір дауында қызға көмектесемін деп генерал-губернатордың мөрін оның келісімінсіз-ақ қағазға басып беріп, құтқарады. Кейіннен бұл ісі ұлық алдында әшкере болып қалып, жазаға тартылып, Өскемен жағына үш жыл мерзімге жер аударылады. Сол жақта Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Көнек деген руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында молдалық құрып, бала оқытады. Айдау мерзімі біткеннен кейін Тобықты еліне қайта оралады. Иә, бұл кезде Мүрсейітті қазақ әдебиетінің алдында жауапты да һәм ұлы миссия күтіп тұрған еді.«Осы елдің Сапарғали, Баймүсілім деген қарияларының айтуынша Мүрсейітті осы келген сапарынан бастап, Абай өзінің аулына алғызып, балаларын оқытуды сеніп тапсырады. Абайдың өз балалары, немерелері Мекайл, Зікайл, Уәсила, Ақила Мүрсейіттен балаларға жарапазан өлеңін жазып бергенін байқап: «Сен ақын екенсің, оның үстіне жазуың құсыни көрінеді. Сен бүгіннен бастап менің барлық өлеңімді жинап жаза баста, қолақыңды өзім төлеп тұрам дейді. Содан ел ортасынан жинап, жаза бастапты. Абай өлеңдері жазылған дәптерді қолқалап, қалаушылар көбейген соң, Абайдың рұқсаты бойынша еңбек ақысын алып, жазып беретін болған екен. Мұндай көшірме дәптерлерді ұзатылған қыздар өздерімен бірге ала кету дәстүрге айналған. Абайдың Әбдірахманынан (Әбіштен) қалған жалғыз қыз – Рахила Бәстами Ысқақовқа тұрмысқа шыққанда бір дәптер Абай өлеңін өзімен бірге ала кетіпті. Оны Мүрсейіт көшіріп жазған. Құлатай Ақбердин деген Абайдың туысы өз естелігінде былай дейді: «Мүрсейіт біздің ауылда бала оқытып жүргенде, Ақбердінің Өміртай деген баласы Абайдың өлеңдері жазылған екі қалың дәптерді Мүрсейіттен сұрап әкеткен. Оны мен жақсы білем. Сол дәптердің біреуін Жақсыбай – Әбуали деген мұғалім 1930 жылдары бізден сұрап алып еді. Енді біреуін кім алғанын білмеймін».

Ұзатылған қызға дейін қолжазбаны бір данадан өздерімен әкетіп отырғаны – ұлы ақынның ел ішіндегі беделі мен құметін көрсетсе керек-ті. Адам баласының тағдыры – жұмбақ қой, әрі өте қызық. Алланың берген қиындығының артында бір сый жатады деген екен хадисте. Сол жұмбақ тағдыр барлығын бейне бір алдын ала орайластырып қойғандай. Мүрсейіт бір бейбақ қыздың ісіне араша түспегенде, одан Өскеменге айдауға жіберіліп, одан қайта Тобықты еліне оралмағанда Мүрсейіт қолжазбасы һәм Абайтану, қара сөздер мен өлеңдер жалпы алтынға бергісіз жақұт дүниелер бізге жетер ме еді, жетпес пе еді? Шынтуайтын айтқанда Мүрсейіт молда болмағанда Абай жарыққа шығу, шықпауы неғайбыл екені әмбеге аян.  Әрине, бәрі бір Аллаға мәлім! Әйтседе марқұм Абай көзі тірісінде-ақ жастардың арасында өте абыройлы болған екен. Осындай биік абыройға кенелуіне де Мүрсейіттің еңбегі орасан.Бұл туралы Әлкей Марғұлан «Абайдың қолжазба мұралары» мақаласында: «Абай қолжазба мұраларының біздің әдебиетшілердің жақсы білетіні Мүрсеиттің қолжазбасы, не онан кейінгі көшірмелері. Бұны, Абай өлеңін толық қамтыған, аса бағалы, негізгі бұлақ көзі деуге болады. Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі, үлкен кітапханада сақталмай, ауылда, сандық ішінде сақталып келген. Сандық түбінде жатқан сирек қолжазбалардың  көбі бізге жетпей, көшпелі тұрмыстың жағдайында жоғалып отырғаны зерттеуші ғалымдарға бұрыннан мәлім. Егер Мүрсеиттің қолжазбасының тағдыры тап осындайболса, онда Абай ақынды жарыққа шығару тіпті қиын болар еді»,  – деп Мүрсейіт молданың жақсылығын ерекше атап өтеді. Сол кездің жастарына оп-оңай көшіріп беріп отыратынына қарағанда Бікі баласының өте сауаттылығы мен терең білімділігін аңғартса керек.

    Соңғы кездері қарапайым оқырманнан Мүрсейіт қолжазбаларын түпнұсқа деп танылмайтындығын жиі естіп жүрміз. Тіпті бұл пікірді кейбір абайтанушылардың өзі қостайтынын аңғарғарғанымыз да жасырын емес. Алайда ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Абай Құнанбаев монографиясында: «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мүрсейіт Бікіұлының еңбегін айрықша атап өту керек. Бұл адам Абай тәрбиесін, үлгісін дұрыс ұғынуы бойынша, ескі діншіл молдалыққа берілмей, Абайдың өзге достары сияқты, өздігімен ізденіп, орысша да оқыған. Жазуы аса анық, шебер болғандықтан және өзі Абай сөздерін оның халқына ұқыптылықпен көшіріп таратуды өмірлік мақсат-міндеті етіп алды. Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз – сол Мүрсейіттің көшірмелері. Өйткені Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмай, жоғалып кеткен. Тек бір ғана «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген жалғыз бөлек қара сөзінен басқа қолжазба болмағандықтан, Абайдың өззаманындағыоның шығармаларын көшіре бастаған Мүрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз» деген екен. 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы осы Мүрсейіттің қолжазбасына сүйенудің негізінде ұлы ақынның жинағын Петербургтен тұңғыш рет баспадан шығарған болатын. Бұл қазақ әдебиеті мен абайтану ғылымының ең үлкен жетістігі болған еді...

 

Әзімхан ИСАБЕК,

Оңтүстік Қазақстан