Қазақстан • 23 Қаңтар, 2020

ҚазАқпарат және ANSA итальялық ақпарат агенттігі меморандумға қол қойды

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ANSA агенттігінің Басқарма төрағасы Mr. Stefano Piero Carlo De Alessandri мен «ҚазАқпарат» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Қуанышұлы Умаров Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ҚазАқпарат және ANSA итальялық ақпарат агенттігі меморандумға қол қойды

Меморандум аясында ANSA агенттігі өз сайтында итальян тіліндегі «Қазақстан жаңалықтары» айдарын ашуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде, «ҚазАқпарат» ХАА сайтының ағылшын тіліндегі нұсқасында Италия Республикасының саясат, экономика, мәдениет салаларындағы жаңалықтары жарияланбақ.

Айта кетейік, ANSA – мемлекеттік және халықаралық іс-шаралар туралы ақпарат тарататын Италияның жетекші ақпарат агенттігі. Ақпарат агенттігінің мемлекет аумағында 22 жеке кеңсесі бар, ол әлемнің 74 мемлекетіндегі 80-нан астам қалада өз қызметін жүзеге асырып келеді. ANSA күн сайын 3 мыңнан астам ақпарат таратып, 700-ден астам фото және видеороликтер жариялайды.

Агенттік итальян тілінен басқа ағылшын, испан, неміс, португал және араб тілдерінде хабар таратады.

ҚазАқпарат – Қазақстандағы алғашқы халықаралық мәртебе алған мемлекеттік ақпарат агенттігі. Биыл ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толады.

«Бүгін біз маңызды меморандумға қол қойып отырмыз. Бұл меморандум бойынша италиялық ANSA агенттігімен ынтымақтастықты бастаймыз. Құжат бойынша ANSA агенттігінде бөлек ағылшын және итальян тілінде бөлек айдар ашылады. Бүгінгі келісімді екі елдің ақпараттық тұрғыда жақындай түсу процесінің үлкен қадамы деп есептейміз. Біздің италиялық әріптестеріміз Қазақстанның экономикасы мен туризм саласына қатты қызығушылық білдіріп отыр. Бұл құжат еуропалық агенттіктермен жасалған алғашқы меморандум» деді Асқар Умаров.

ҚазАқпарат еліміздегі ақпарат агенттіктері арасында ең ауқымды тілшілер қосынына ие. Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 15 меншікті тілші мен Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иорданиядағы өкілдіктер агенттікке елімізде және шетелде болып жатқан оқиғалардан объективті әрі толыққанды ақпарат таратуға мүмкіндік береді.