Тарих • 23 Қаңтар, 2020

Өткеннің сабағы есіңде қалады

466 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Туған жердің әр белесі, әр төбесінің астында қаншама тарих бұғып жатыр десеңізші. Әсіресе жер-су атауларына байланысты аңыз көп. Бәрінің сорабы сабақтаса келе, бір арнада тоғысады. Ол елдік пен ерліктің, кісілік пен адамгершіліктің арқауы.

Өткеннің сабағы есіңде қалады

Көкшетаудан шығып Зерен­ді­ге бет алсаңыз, қамшылар жақ қапталдан тойған қозыдай томпайып жатқан, қысы-жазы жасыл өңін бір бермейтін Қошқарбай тауы көрінер еді. Тау етегінен басталған ит тұмсығы өтпейтін ну орман ұшар басына дейін қапталдаса қаумалап, өрлей түсіп дәл өркешіне жеткенде сел­дірей сұйылады. Жалпақ жон­дағы тәмам елге ық-пана болсын деп жаратқан иенің өзі қондырған іспетті. Ық екені рас. Тау баурайында өскен таудай, марқасқа ұлдарының елге пана болғандығын айғақтайтын аңыз желісі былайғы жұртты сиқырлы сазымен елітіп, баурайтыны да бар. Ерлікке үндейді, елдікті меңзейді.

Есте жоқ ескі кезеңде атауы жоқ тау екен. Тау етегін қалың қарауыл жайлаған. Қошқарбай есімді әрі балуан, әрі батыр жігіт болыпты. Сандықтаудың арғы бетіндегі жалпақ жұрт елге сыйлы, халыққа қадірлі ақсақалдарының жылын беріп, үлкен ас өткізіледі. Әлгі асқа кілең сайдың тасындай жолдастарын ерткен Қошқарбай да барады. Әуелі аламан бәйге өткізілді дейді. Аузымен құс тістеген жүз жүйрік жарыс жолына шықса керек. Тұлпарлар оралғанша, күрес өткізілген. Елінде талай балуанның қабырғасын қау­сатқан Қошқарбай батыр да бел буыпты. Түйе балуан ата­ғына үміткерлер мұндай көп болар ма? Кілең балтыры бесіктей, кеудесі есіктей, сом білекті мықтылар. Ең соңында талай жыл бойы бәйгесін шаппай алып келген түйе балуан өз елінің жастары қоғадай жапырылып жеңілген соң тәуекел етсе керек. Намыс қысқанда. Әлгі қарсы жақтың балуанын төрт жігіт шынжырлап әкеліпті дейді. Жуан мойынға қосқабаттап орай буындырған шынжырға төрт балуан жігіт әрең ие болғандай. Шамасы бұл да қарсыластың күні бұрын зәресін ұшыруы үшін, мысын басу үшін жасалатын әдіс болуы әбден ықтимал. Ас басқарушы тобылғы сапты қамшысын сілтеген сәтте айқас басталады. Қошқарбай батыр іштен шалған. Қапысыз. Ежелгі түйе балуан шаң қауып қалыпты. Әлде кәрілік, әйтпесе, жас перінің күші кемел. Осы тойда мейманасы асқан Қошқарбай батыр ас беріп жатқан елдің мақтанышы Зерен сұлумен тілде­седі. Күндізгі белдесуде Қошқар­бай­дың сұрапыл күшін көрген, енді бір сәт ақылына, парасаты мен кісілігіне құлаған Зерен сұлу жас жүректің қалауын тап­қан­дай. Екі жас тіл табысыпты. Ғашықтардың жолына көлденең түскен кедергі аз ба? Басы бос емес екен. Қыз әкесімен терезесі тең, шынжыр балақ, шұбар төстің бірі бесік құда болып қой­ған. Ендігісі нар тәуекел деп алып қашу.

Ас тарқап, ел ентігі басылған кезде Қошқарбай батыр аузымен құс тістеген қос күреңмен Зерен сұлуды алып қашады. Оқыс оқиғадан тәмам жұрт ілезде хабардар болады. Қыз ағасы Айдабол батыр да құлағдар болды.

Намыс өлтіріп барады. Балуан болса қайтейік, батыр болса қайтейік, дәл осылай тізе батыруға бола ма?! Айдабол батыр торғай көзді ақ сауытын киген, бес қаруын бойына асынған. Қошқарбай батырдың барар жері, паналар ортасы белгілі. Із сорабына түскен, Айдабол батыр бастаған қалың топ жау қайдалап жөнеп берді дейді.

Бұл құба қалмақтың ауық-ауық Көкшенің баурайындағы қалың елге азуын көрсетіп тұрған уақыт екен. Екі ғашық елге бет алғанда бейқам жатқан қазақтың ауылдарын шауып, олжаға кене­ліп қайтып келе жатқан қал­мақ тобына кездеседі. Жау қарасы көрінгеннен Қошқарбай батыр бастаған топ тұтқындағы жан мен малды айырып алмақ болып төс айылдарын қаттырақ тартып, төскейді аттандаған қиқумен ті­тірентіп жіберген. Онсыз да жи­нақы, бес қаруы бойында келе жатқан құба қалмақ олжа малды тастай қашуға көз­де­рі қимай, тұтқиылдан тап бол­ған шағын қолмен шарпыса кетеді. Бұл шақта ілезде күн еңкейіп, төңіректі қою қараң­ғы­лық басқан. Түн ішінде қайдан соғыссын, айқастың ақырғы демі ертең соғылмақ. Із індеткен Айдабол батыр да арқырай жетіпті. Мән-жайды ұғынған соң кеше ғана туындаған ашу-ыза сап басылып, екеуі қосылып құба қалмаққа қарсы соғыспақ. Таң бозарып атысымен тұлпарларына ер салған қос батыр басқыншы жауды түре қуады. Әп-сәтте жу­сатып тастайды. Сөйтіп жү­ріп кейін қалған Зеренге қарай­тын да шама жоқ. Соғыс бас­тал­ғанда қос күреңнің бірін мінген Зерен сұлу әлдекімнің сілтеуімен Қошқарбайдың еліне бет алған. Малдан күдер үзген қалмақ қолының біразы малды олжаламасақ та жанды олжалайық деп, арудың соңынан қуып берсе керек. Жарау ат жеткізбеген. Сүтпісірім уақыттан соң көл шетінде тізгін тартқан. Он шақты қалмақ оқ бойы таяп қалды дейді. Құтылудан күдер үзген соң Зерен сұлу ақбас толқындары аспанға атып, ашуға булыққандай кейіп танытып, буырқана теңселіп жатқан күміс көлге қойып кетсе керек. Артынан жеткен аламан толқын шайған бөркін ғана көріпті. Көл беті қабара қарауытып жатты дейді.

Қалмақ жағы жеңіліс тапқан. Қазақтың мерейі үстем. Ажа­ры­нан ай ыққан Зерен сұлудың қазасы ғана жанға батады. Қош­қар­бай мен Айдабол батырлар бұдан былайғы уақытта ел қорғаны болуға бәтуаласады.

Көнекөз қариялар Зеренді көлі­нің атауын Зерен сұлудың опат болуымен байланыстырады. Әу бастағы түбірі «Зерен енді», яки «Зеренді» болған деседі. Көлге Зерен сұлу еніп кеткен. Қос батыр алмағайып заманда сан мәрте жан алып, жан беріскен шайқастарға қатысқан, ел қорғаған, ерліктің анық, ай­қын үлгісін көрсеткен. Туған жер­ді сүйсең, менше сүй дескен.

Ал ел қорғаны Қошқарбай батырдың есімі көлден қозыкөш жердегі тауға берілген. Қазір тау етегін жайлаған Қошқарбай ауылы бар. Ал Айдабол батырдың ауылы Зерендіден тұп-тура отыз шақырым жерде. Көзі тірісінде Көкшенің баурайындағы қалың елдің жоқтаушысы, қамқоршысы болған, туған топырақтың тоқымдайын басқыншы жауға бастырмаған қос батырдың есімі кейінгі ұрпаққа елдік пен ерлікті ту ету азамат парызы екендігін аңғартып тұрғандай.