Парламент • 23 Қаңтар, 2020

Мәжілісте атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер таныстырылды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Вице-спикер Владимир Божконың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілісте атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер таныстырылды

Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский аталған заң жобасы атом энергиясын пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

Заң жобасында құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын болдырмау көзделеді. Заң жобасының негізгі тұжырымдары туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баяндады. Ол аталған салада қолданылатын терминологияны нақтылау, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен функцияларының ара-жігін ажырату, атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс жасайтын персоналдың қайта аттестаттаудан өтуі және осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелеріне тоқталды.

Вице-министрдің айтуынша, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктерінің ара-жігін ажырату қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын атом энергиясын пайдалану объектілерінің зиянды әсерінен қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады. Таныстырылымға Ұлттық экономика, Қаржы, Сыртқы істер, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер, Әділет, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Қазатомпром» АҚ және «КАЭС» ЖШС өкілдері қатысты.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің аясында өткен іс-шарада айтылған ұсыныстар мен пікірлер одан әрі депутат Артур Платонов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында талқыланатын болады.