Экология • 24 Қаңтар, 2020

Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

2330 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы аптада Алматы маңында тіркелген бірқатар жер сілкіну фактілері тұрғындардың үрейін туғызып, өңір жұртшылығын алаңдатып отыр. Оның үстіне ақпарат көздері мен әлеуметтік желілер арқылы жойқын жер сілкінісінің қаупі ықтимал екендігі айтылған мәліметтер жаппай тараған болатын. Сейсмикалық қауіпті аймақ саналатын Алматыда шынымен де дүлей дүмпудің белгісі байқала ма? Бұл туралы сала мамандарынан сұрап көрген едік.

Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

 

Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА,

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:

 – Төтенше жағдайды болжау біздің құзыретімізге кірмейді. Біз тек Сей­с­мо­ло­гия институтынан дерек күтеміз. Олардан келген мәлімет­тер­ге сай, дабыл жүйесін іске қосып, тұрғындарды құ­лақтандырамыз. Институттың бол­жау комиссиясы отырысында шығарылған қорытынды бойынша бізге мәлімет беріледі. Институт ма­мандарының орта ұзақтықтағы бол­жамына сәйкес биыл алғашқы жарты­жылдықта аймақта 7 балдан асатын жер сілкінісінің болмайтыны туралы көрсетілген. Дегенмен бұл – болжам ғана. Сондықтан апат туралы нақты кесіп-пішіп айту қиын. «Дабыл дорбасы» туралы әңгіме болғаны рас. Сейсмикалық белсенді аймақта тұратынын білгеннен кейін, әрбір азамат кез келген тосын оқиғаға дайын болуы керек. Не үшін әрбір тоқсан сайын сейсмикалық жаттығу өткіземіз? Апат орын ала қалса, азаматтар үйде және жұмыс орындарында не істеу керек, қалай қорғануы қажет? Осыны түсіндіреміз. Мәселен, жер сілкінуі кезінде ғимараттардың сырт­қы қабырғалары ең қауіпті сана­ла­ды. Алматы қаласының тұр­ғын­да­ры тербелісті сезіне салысымен қа­уіпсіздікті ойлауы керек. Олар алдын ала отбасы мүшелерімен бірге үй ішіндегі қауіпсіз аймақтарды ан­ық­тап, апат бола қалған жағдайда сол жерге жету керектігін білгені абзал. Үйде ең қауіпсіз жерлер – не­гізгі құрылымдық қабырғалар, есік жақ­тау­лары. Төтенше жағдай ке­зін­­дегі дұ­рыс әрекет сіздің аман қалуыңыз­­­ға себеп болуы мүмкін.

Біздің мақсатымыз – халыққа қа­лай сақтану керектігін түсіндіру, олар­ды арнаулы ережелермен таныс­ты­ру. Басты мәселе – тұрғындарды үрей­лен­дір­меу. Өйткені жаппай үрей белең алса, мәселе ушыға түседі.

 

Алла САДЫҚОВА,

Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі:

 – Әлемде жер сілкінісін болжау 3 деңгейде жүргізіледі. 6-7 жылға жасалатын ұзақ уақытты болжам, 1-2 жылды қамтитын орта ұзақтықтағы, сондай-ақ ең қысқа мерзім – 1 айға жа­салатын болжам бар. Біз орта ұзақ­тық­тағы болжам жасаумен айналыса­мыз. Жыл сайын өткен жылдың мате­риалдарын сараптай келе, ақпан айы­ның басында осы жылға болжам жасаймыз. Біздің бақылау желілеріміз қысқа уақытқа болжам жасауға мүм­кін­­дік бермейді. Ға­лымдарымыздың құрамы артса, нақ­ты болжам бере алатын едік деген ой­дамын.

Еліміздің оңтүстік-шығыс аймағы сейс­микалық белсенділігі жоғары аумақ­қа жатады. Аймақта жылына 10-12 мыңнан астам түрлі дәрежедегі жер дүмпуі тіркеледі. Соңғы күндері Алматы тұрғындары бірнеше жер тербелісін сезді. Күші аз болғанымен, бұл халықтың тынышын алғаны анық. Себебі Алматы сейсмоқауіпті аймақ екені бұрыннан айтылып келеді. Бұған тарихтағы Верный сілкінісі дәлел. 1887 жылы болған зілзаладан қаланың жермен-жексен болғаны туралы деректер бар. Осы оқиғалардан кейін жүз жылдан аса уақыт өтті. Жер сілкінісінің қайталануын зерттеген кезде, сол аймақта күші сондай жер сілкінісі қанша уақыттан соң қайталануы мүмкін екенін шамалап есептеуге болады. Біздің зерттеулеріміз бойынша, Верный деңгейіндегі жер сілкінісі 100-120 жылда қайталануы мүмкін. Оның магнитудасы 7 балл болған. Ал 8 магнитудалы жер сілкінісі сирек болады, оның қайталануы 150 жылдан асады. Алайда нақты болжам айту қиын. Тіпті айтып келмейтін апаттың болатын дәл сәтін анықтауға дамыған елдерде де мүмкіндік жоқ. Қалай айтқанда да қазір тыныштық кезеңі аяқталып, белсенділік басталды. Сондықтан тұрғындар мен қала билігі барлық жағдайға дайын болуы керек.

 

Асхат АСЫЛБЕКОВ,

қоғам белсендісі:

 – Табиғатқа сабырлық берсін. Егер де бір жағдай бола қалса, ешкім біз­ді сақтап қала алмайды. Ұзақмер­зімді болжам бойынша Алма­ты­ның қатты жер сілкіну жағ­да­йы жо­ғары аймақ екені кеңес заманынан бері айтылып келе жатыр. Ол кезде бұл мәселе қатты зерделеніп, та­лаптар қатаң сақталатын. Бұған дәлел – қала маңынан 600 мың адамға арналған қос бірдей қорым да­йындалып қойылғаны. Бұл бүгін біз жеңіл ғана сөз ететін мәселенің салмағы тым ауыр екенін көрсетеді. Тұр­ғын үйлер мен ғимараттардың сейс­­микалық төзімділігіне аса көңіл бөлінгені дұрыс. «Кеңес зама­нында 25 қабатты «Алматы» қонақ үйі сынақ ретінде салынып, оның өзі арнайы қон­дырғылармен, берік құрсаулармен бекі­тіліп бой көтерді. Негізінен Алма­ты­да тоғыз қабаттан биік үйлер салуға болмайды. Бұл құрылыстардың өзі қаланың тектоникалық аумағынан тыс жерлерге салынуы тиіс. Өкінішке қарай қазіргі таңда бұл қағида еске­ріл­мей отыр. Шаһардың ең қым­бат ауданына баланатын әл-Фараби даң­ғы­лының жоғары бөлігі құрылыс жүр­гі­зу­ге аса қауіпті жолақта орналасқан.

Бізге де Жапония секілді табиғат апа­тына бейімделген мемле­кет­тер­де­гі­дей арнаулы стандарттар қажет-ақ. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жылдары қолға алынған. Тек 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу инс­титуты құрылды. Мамандар озық ел­дер­дің әдістерін өз жеріміздің ерек­ше­лік­те­ріне бейімдеп қолданып келеді.

 

АЛМАТЫ