Тарих • 24 Қаңтар, 2020

Черняевтің хаты һәм Әулиеата қасіреті

1673 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тарихта көне Тараз, жалпы Әулиеата аймағының кезінде ең әуелі Ферғана соғдыларының мекені болғаны, кейіннен Қарахан мемлекетінің астанасы болғаны, жалпы бұл өлкенің бай тарихы туралы көп айтылады. Сонымен қатар ұлттың басына төнген тағдырлы жылдардың да шежіресі сақталған. 1864 жылы Әулиеата аймағына ақ патша әскерінің келгені де тарихтағы тағдырлы кезеңнің бірі еді.

Черняевтің хаты һәм Әулиеата қасіреті

1

Ресей отаршылдарының бұл келуі Әулиеата өңірінен қоқандықтарды ығыс­тырғанымен, қылыш сүйреткен қаһар­лы орыстардың басты мақсаты басқа болатын. Сол 1864 жылы полковник Черняев басқарған орыс әскерлері Верный қаласынан шығып, Әулиеата жеріне келеді. Олардың әуелі Қырғыз елінің Тоқмақ қаласына аялдап, кейін Меркіні алғаны тарихтан аян. «Бұған дейін ақ патша барлаушылары Қазақстанның оңтүстік өңірін бір емес, бірнеше рет сүзіп өткен. Шағын әскери топпен елді аралап, өздеріне жақтастарды да іздестірді. Қырғыз манаптарымен, қазақ батырларымен, билерімен пікірлесіп, сый-сияпат үлестірді. Мұндай жұмыстарды өзге орыс офицерлері де жүргізген. Осы жо­рықтың алдында, нақтырақ айтсақ, екі жыл бұрын полковник М.Герасимов бастаған шағын топ Меркіге дейінгі қа­зақ жерін аралап, барлау жүргізгені жай­лы деректер бар. Сол сияқты старшина Бутаковтың Әулиеатаға барар жол­дағы қырғыз манаптарымен тілдесіп, Ре­сейге бодан болу үшін берген анттарын қабылдап қайтқаны, бұл аз десеңіз, тың­шылар қырғыз бен қазақ арасындағы дау-дамайды, барымтаны да өз пайдаларына шешіп отырғаны туралы жазбаларда кездеседі. Генерал-майор Кройепус Черняевтің мәліметін толықтыра отырып, осы жайттарды хабарлаған», деп жазған болатын мұрағат деректері негізінде жа­зушы, марқұм Мақұлбек Рысдәулет. Әри­не патша әскері Әулиеатаны алатын кезде қаланың ішкі, сыртқы қорғанысы, халықтың құрамы және өзге де тиісті мәліметтерді жақсы білген. Бұл туралы генерал-майор А.Кройепустың Ресей өкі­метінің вице-канцлеріне 1864 жылы 7 наурызда хат та жолдаған. Ал бұл кездегі Әулие­атаның ахуалы қандай еді? Генерал-майор Кройепус өз ақпарында Әулиеата қаласының ішкі қорғаны 170х50, 70х275 көлемінде тік төртбұрышты екенін, қор­­ғанда ұзын бес көше мен оны қиып жат­қан тар бес көшедегі 517 үйде жайма дүкен барын, 66 үйде дүкеннің жоқтығын хабарлаған. Қорғанның ішінде шойын құятын 1 зауыт, 8 ұстахана, керуен сарай және 3 мешіт барын да айғақтаған. Сонымен қатар ол қорғанға іргелес ор­наласқан қаладағы төрт түзу көшеде 250 үй, 5 мешіт, 22 жайма дүкен, 15 тері илейтін, 2 сабын қайнататын және 2 шам жасайтын кәсіпорынның болғанын айт­қан. Бұл мәліметтерге қарап отырып сол кездегі Әулиеатаның әлеуетінің дамығанын көруге болады.

Черняев бастаған орыс отаршылда­ры 1864 жылы Әулиеатаға келеді. Полковник сол жылы 6 маусым күні Сібір корпусы ко­мандирі Шу отрядының бастығына ақ­пар береді. Ол ақпарда «Жоғары мәр­­­тебелім! Сізге 28 мамырдағы жол­да­мада айтқандай, Меркіден шығы­сымен Ұзынбұлақ шатқалында жауды кез­дестірдік. Осы жерде бізді қоқан­дықтар Әулие­атаға жақындағанда қарсы ала­тын­дығы жөнінде хабар алдық», делінген. Сонымен қатар ол артық деген ауыр жүк­­­ті екі рота мен елу шақты казакты және екі батарея зеңбірегін қалдырып, қал­ған күшпен Әулиеата жеріне қарай жорық­қа шыққанын хабарлаған. Сол кезде Әулиеата бекінісінің бегі Ниязалы датқаға Чер­няев хат жолдаған. Бұл хат қасіреттің бас­тауы еді. «Әулиеата бекінісінің құр­метті бегі Ниязалы датқаға! Біздің айт­пағымыз мынадай: Ұлы патшаның еркі бойынша мен Әулиеатаны басып алу­­ға келдім. Алдын ала айтатыным, бос­­қа қан төкпей сіздердің ақ патша әс­керіне берілулеріңізді ұсынамын. Сіздер бәрібір бекіністі қорғай алмайсыздар. Қосқорған, Қамысқорған, Ақмешіт, Жа­ңа­қорған, Дінқорған және хандықтың үл­кен қорғаны Пішпек қанша ерлікпен шайқасса да, басынан өткізген тағдыры. Қоқан әскерінің Құмсауыт, Ақмешіт және Ұзынағашта жасаған әрекетінен ешнәрсе шықпағанын естеріңізге алсаңыздар, орыс қаруына бас иетіндеріңіз анық. Менің ұлы қуатты патшамның атынан сіздерге, егер атыссыз бекіністі босатсаңыздар өмір­леріңізді, бостандықтарыңызды, дүние-мүлік­теріңізді сақтауға уәде бере­мін. Өткен жылы менің басқаруыммен орыс әскерлері Созақ пен Шолаққорғанды ба­сып алған болатын. Сол кезде де мен сөзімде тұратындығымды дәлелдегенмін. Менің ұсынысымды қабылдамасаңыз, сіз Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыз. Гарнизонның және тұрғындардың қырылуына мұрындық боласыз, егер сіз ақылға қонымды шешім қабылдап, бекіністі берсеңіз, ханыңызға алдағы уа­­қытта ішкі және сыртқы жаулармен шай­қасатын батыр сарбаздарды сақтап қала­сыз. Қорғанғыларыңыз келе ме, ол өзде­ріңіздің шаруаларыңыз. Ал оның салдарын өздеріңіз тартасыздар. Жауапты 3 сағат күтемін. Полковник Черняев» де­лінген хатта. Черняевтің Ниязалыға жаз­ған бұл хатының түпнұсқасы бүгінде Тараз қаласының мемлекеттік архивінде сақ­таулы тұр. Бірақ белгіленген уақытта жауап келмейді. Бұған орай берілген хабар­ламада Черняев бекіністі 4 жеңіл және 4 батарея зеңбіректерімен атқылауға бұйрық бергенін жеткізген. Сонымен қатар деректерде Ниязалы датқа ойлану үшін елші арқылы Черняевтан 14 күн сұра­ғаны айтылған. Алайда Черняев бұған дейін бекіністі атқылаған зеңбіректердің қата­рына тағы да 8 зеңбірек қосып, 2 пұт­тық қарудан атқылауға бұйрық берген. Ал бұл мәселені архив деректері негі­зінде зерттеген Мақұлбек Рысдәулет келесі күні арттан жеткен арнайы көліктің көмегімен бір ротаның жартысы мен станокты қарумен қаруланған казактар жүз­дігі Таластың сол жағалауына өткенін жазады. Жалпы, орыс патшалығының бұл шап­қыншылығы Әулиеатаның қасіретті тарихы ретінде белгілі. Бір ғажабы, Чер­­­няевтің Ниязалыға жазған хаты, одан кейін ұлықтарға беріп отырған ақ­па­ры, Әулиеатаға шапқыншылық ке­зін­дегі барлық ахуалдың құжаттары бұл күнде Тараз мемлекеттік архивінде сақ­таулы. Сарғайған құжаттар бүгінде талай сырды ішіне бүгіп тұрғанымен, ке­зінде Әулиеата аймағына айтарлықтай қасірет әкелген еді. Ал теріс пиғылды орыс патшалығының Черняев экспедициясына қалай қолдау көрсеткені туралы ақпарат та бүгінге жеткен. «М.Г.Черняев басқарған экспедицияға Ресейдің бас штабы 150 мың рубль күміс ақша бөлді. Бұл экспедиция қосынында 60 офицер, көптеген солдат болды, оларға 835 ат-көлік берілді. Қосын штабында 10 офицер, жаяу әскерлердің 31 офицері, казактардың 9, артиллерияның 7, дәрігерлік 2, жорықта ас-ауқат қамдаушы бір офицер бар еді. 1638 жаяу әскердің, 351-і казак, 150-і сапта тұрмайтын жауынгер болды. Олар­ға 2180 снаряд, 2 пұттық 180 бомба, ши­рек пұттық 2 мың бомба, 100 пұт оқ-дәрі берілді. Әулиеата қаласына келгені туралы полковник М.Г.Черняев Сібір кор­пусының командиріне 1864 жылы жол­даған хатының бірінде «Меркіден шық­қалы ешқандай адам кездестірместен Әулиеатаға жеті шақырым қалғанда мен әскерлерді ауыр жолдан соң демалуға тоқ­таттым. Лагерь орналасқан жерден 5 шақы­рымдай жерден Тектұрмас төбесіне жи­налған қоқандықтар тобын байқадық. Бұл төбеден Әулиеата қаласы көрініп тұр» деп жазылған. Бұл хаттардың түпнұсқасы да бар», дейді Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев.

Черняев хатында бекіністі үш күн бойы зеңбірекпен атқылағанын, жаңбырға да қарамастан екі сағаттың ішінде-ақ бе­кіністі алғанын жазады. Алайда бұл қи­сынсыз еді. Оның хатында бір күнде қаланың 307 тұрғынының жерленгені, 390 адамға дәрігерлік көмек көрсетілгені және 341 сарбаздың тұтқынға түскені де айтылған. Сонымен қатар бекіністі алу кезінде ерлік көрсеткен офицерлерінің есімін де ұмытпаған. Ал Әулиеатаны шапқаны үшін Шоқан Уәлиханов бір топ жолдастарымен орыс әскерінің құрамынан кетіп қалады. Сол себепті оның есімі Черняевтің тізіміне енбей қалыпты.

Жалпы, Черняев бастаған орыс бас­қын­шыларының Әулиеатаны алғаны жайлы көп жазылды. Бір хаттан басталған қырғын тарихтағы қасіретті кезеңнің бірі еді. Алайда сол кездегі Әулиеатаның құр­метті бегі Ниязалы туралы мәлімет бүгін­де жоқ. Оның кім болғаны, қандай орта­дан шыққаны жайлы да айтылмайды. Черняевтің оған хат жазып, алдынан өтуіне қарағанда Ниязалының да тегін адам болмағаны анық...

 

Жамбыл облысы

 

Суреттерде: Черняевтің Әулие­ата бегі Ниязалыға жазған хатының түп­нұсқасы. 2 бет.