Қоғам • 24 Қаңтар, 2020

Алысқа құлаш сермеуге үндейді

363 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемеңгер ойшыл, ғұлама ағартушы жөнінде «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған көлемді де көркем мақаласы жыл басында жұртшылықты елең еткізер дүние болды. Оның өзектілігі мен өміршеңдігінде сөз жоқ. Біле білсек, Абай тағылымы біздің ұлттық идеологиямыздың түпқазығы, берік ұстанымы.

Алысқа құлаш сермеуге үндейді

Біз Абайды қанша танып-білдік десек те терең ойлы ғұламаның тұ­жы­рымдары бүгінгі заманды жаңа­ша көзқараспен зерделеуге же­телейді. Айтулы мақала үстіміздегі жылы кең көлемде аталып өтілетін Абай мерейтойының маңызы мен мәнін ой елегі­нен өткізіп, алды­мыздағы ауқымды жұмыс­тардың бағыт-бағдарын көрсетіп отыр.

Абай ұрпақ тәрбиелеуге, жас­тарды саналы, сапалы, салиқалы болуға үндейтін, жол сілтейтін, бағыт-бағдар беретін кесек-кесек ойларымен орамды. Жаңа ғасырдағы ұрпақ үшін Абай ілімі мен білімі, әсіресе ізденімпаз жастар үшін көкейкесті.

Мақалада атап көрсеткендей, Абай тағылымдары барша қазақ­қа, алдымен білімге құштар жас­тар­ға үлгі. Мектеп қабырғасында жүріп, бірінші кезекте Абайдың өмір жолын, балалық шағын біліп өссе, кейініректе заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын тұшына оқып шығады, тәрбие алар тұстарын зердесіне тоқиды. Ақынның ойлы өлеңдері мен тағылым аларлық қара сөздерінде ұлттың болмыс-біті­мі, тұрмыс-тіршілігі, мінезі мен келбеті айқын байқалады. Осы ерек­шеліктердің бәрін жастарымыздан бастап, жасамысқа дейін бойына сіңіріп, өмірлік тәжірибе ретінде қалыптастырады.

Ал кәмелеттік жасқа толып, шаңырақ көтерген, отау құрған жастардың дені алдымен Абай ескерткішіне барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Кейінгі жылдары біз осындай үрдісті көріп, біліп, сүйсініп жүрміз. Әрине, зерделі ұрпақ қалыптастыру тұр­ғы­сында қоғамдық сананы сіл­кінту, ғылым мен білімнің, фило­со­фиялық тұжырымдарды жүзеге асырудың алар орны ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық болмыс­тың үлгісі ретінде жаңа құн­дылық­тарға жол ашу дегені­міз, жаңғыру деп өткеннен қол үзіп қалмай, қайта ұлттық мұралары­мызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре отырып, ой елегінен өткізіп, жаңаша дамытуды көздейтін құбылыс деп атап көрсетті. Бұл ретте, Абай біз­ге темірқазық. Біле білсек, ойшыл Абай осыдан жүз жылдан ас­там уақыт бұрын-ақ ұлтымызды дамытуға, жаңғыртуға, жаңару­ға, кемелденуге үндеген. Заман көші­нен қалмай, ілгері қадам басуға, ілім мен білімді үйренуге шақырған.

Осы орайда Абай өзінің хал­қымен әрдайым бірге екенін бағамдаймыз. Елбасы айтқандай, «заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыз­дың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Абайдың ойлы шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Осылайша кемеңгер тұлға қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін, халқының озық ойлы болғанын бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», деп тұжырымдап, кері­сінше, ел дәулетті болуы үшін ғы­лымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Ғұлама ойшыл, ағартушы­ның халқын ілгері дамуға үндеген тұ­жырымдары қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі біз ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.

 Ендігі жерде біздің міндетіміз – осы ілгері ұмтылған ұлы көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан ойып тұрып орын алу. «Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек», деп атап көрсетті Мем­лекет басшысы.

Қазіргі әлем күн сайын емес, сәт сайын, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек.

Ұлы Абай өз тұсында замандастарына сыни көзбен қарап, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі көңілі толмай отырды. Бұл бүгін де күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бос сөз, өсек, өтірік, мақтаншақ, даңғойлық, ысырап­шылдық секілді келеңсіз жайттардан арылатын кез жетті.

 Осы арада ойы терең, зерделі ақынның:

«...Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады,  білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек», –

деп ХIХ ғасырда айтқан ойлары қазір де, болашақ жастарға да сабақ болар терең тағы­лым ретінде өміршең екендігінде дау жоқ.

Абай ақын, ағартушы, ғұла­ма ойшыл, білікті аудармашы, көреген адам ғана емес, өмірді терең зерделеген философ. Адам жанын мұқият зерттеген үлкен пәлсапашы. Біле білгенге Абай мұраларының тағылым алар тұстары жетерлік. Біз соның бір парасына ғана тоқталдық. Абай әлемі біздерді алысқа құлаш сермеуге үндейді.

 

Ақан БИЖАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор

 

АЛМАТЫ