Үкімет • 24 Қаңтар, 2020

СІМ-де Ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің төрағалығымен Шет елдермен Ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттердің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігінің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

СІМ-де Ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті

Мүдделі қазақстандық мемлекеттік органдар өкілдері мен Қазақстан Республикасының СІМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары отырыс жұмысына қатысты. 

Іс-шара барысында Қазақстанның қатысуымен үкіметаралық комиссиялардың ағымдағы қызметі, сондай-ақ халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру жөніндегі жаңа мүмкіндіктерді толық талдауды қоса алғанда, олардың жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар қаралды. Отырысқа қатысушылар ВАК-тың тиісті хаттамасында көрсетілген өз ұсыныстары мен ұсынымдарын ұсынды.

Үкіметаралық комиссиялар (ҮАК) халықаралық тәжәрибеде елдер арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты үйлестірудің танылған құралы болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан басқа мемлекеттермен өзара тиімді байланысын ҮАК тетігін белсенді пайдалана отырып дамытуда.

Қазіргі уақытта Қазақстан ҮАК шеңберінде шет елдердің үкіметтерімен бірлесіп, 62 үкіметаралық комиссия мен комитет, 22 кіші комиссия және кіші комитетті, сондай-ақ бірқатар салалық бағыттар бойынша 52 жұмыс тобын қоса алғанда, 136 құрылым құрды. Еліміздің сыртқы экономикалық саясат саласында қол жеткізген табыстарында ҮАК-тардың еңбегі зор.

Қазақстан Республикасының ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 86,7 млрд долларды құрап, 2018 ж. ұқсас мерзімімен салыстырғанда 1,45%-ға көбейген болатын. Өткен жылдың 10 айында негізгі капиталға тікелей шетелдік инвестициялар 8,2%-ға өсіп, 9,7 трлн теңгені құрды.

Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі ҮАК қазақстандық бөлігінің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы 2018 ж. 12 желтоқсанында Нұр-Сұлтанда өтті.