Үкімет • 24 Қаңтар, 2020

Ақтоты Райымқұлова ANSA ақпарат агенттігінің өкілдерін қабылдады

157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Италияның Agenzia Nazionale Stampa Associata (ANSA) халықаралық ақпарат агенттігінің өкілдерін қабылдады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтоты Райымқұлова ANSA ақпарат агенттігінің өкілдерін қабылдады

Делегация құрамында аталған ақпарат агенттігінің атқарушы директоры Стефано Де Алессандри, халықаралық маркетинг бөлімінің директоры Луиджи Сильвестри мен ТМД елдері бойынша бюро басшысы Маттиа Баньоли болды. 

Министр Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Италия арасындағы мемлекетаралық келісім аясында мәдениет саласында біршама бірлескен жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

«Италия дегенде ең алдымен классикалық музыка, опера, театр ойға оралады. Екі ел арасында мәдени, шығармашылық байланыс жақсы орныққаны қуантады. Мәселен, Астана қаласында 2017 жылы ЭКСПО көрмесі өткенде «Астана Операға» әйгілі Ла Скала опера театры ұжымының келуі біз үшін үлкен сый болды. Ал 2019 жылы 31 қазанда Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі Римде концерт өткізіп, Италия тұрғындарын қазақтың дәстүрлі ән өнерімен таныстыруға өз үлесін қосты. Сонымен қатар «Астана Опера», «Астана Балет» ұжымдары жыл сайын Италияға гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетіп келеді» деді ол.

ANSA-ның атқарушы директоры Стефано де Алессандри Қазақстанға келудегі мақсатымен таныстырды. Қазіргі уақытта италяндықтардың Қазақстанға деген қызығушылығы ұлғайып келе жатқанын жеткізді. 

«Қазақстанға бір күнге ғана келсек те бұл сапарымыз жемісті болды. Біздің мақсатымыз- Қазақстан мен Италия арасындағы ақпарттық қарым қатынасты нығайту. Өйткені, біздің агенттік пен «Қазинформ» ХАА-ның бірлескен келісім-шартқа қол қоюы екі мемлекет үшін тиімді болары анық. Қазір агенттік сайтында Қазақстанға арналған жеке бөлім ашуды жоспарлап отырмыз. Осы ретте ең алдымен Италияны Қазақстанның мәдениет, спорт және туризм жаңалықтарымен хабардар етсек дейміз. Себебі, Италияда Қазақстан туралы жан-жақты біледі деп айта алмаймын. Осы сапарға аттанар алдында менен Қазақстан туралы сұраған таныстарым көп болды. Тіпті өзім Сіздің еліңізге деген қызығшылықтың жоғары екеніне таң қалдым» деді  Стефано Де Алессандри.

Сонымен қатар ақпарат агенттігінің өкілдері Қазақстанның тарихи мәдени мұраларымен Европа жұртшылығын таң қалдырып отырғандығын айтты. Мәдени байланыстың тамыры тереңде екеніне мән берді.  

Айта кетейік, 2020 жылы Италия астанасы Римге сақ дәуірінен сыр шертетін «Алтын адам» халықаралық жобасы барады. Сонымен қоса биыл Қазақстан ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы орайда ANSA агенттігі басшылығы бұл жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Кездесу соңында Мәдениет және спорт министрлігі мен Agenzia Nazionale Stampa Associata (ANSA) ақпарат агенттігі өзара ынтымақтастықты бұдан әрі де нығайту жолында қызмет етуге келісті.