Аймақтар • 24 Қаңтар, 2020

Шымкент: АӘК жаңа форматы көп балалы аналарға түсіндірілді

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр бірқатар көпбалалы ананың басын қосып, АӘК жаңа форматын түсіндірді. Оның ішінде кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің кімдерге қандай тәртіппен берілетіндігі және АӘК тағайындау механизмі туралы кеңінен айтылды. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент: АӘК жаңа форматы көп балалы аналарға түсіндірілді

Аталған басқосуға көпбалалы аналардан өзге тиісті сала басшылары мен аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары қатысты. Шаһар басшысының орынбасары кепілдендірілген әлеуметтік пакетке кеңінен тоқталды. Аталған пакетте 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия заттары қарастырылған. Азық-түліктер баланың толыққанды дені сау болып жетілуі үшін тиісті витаминдерге толы. Яғни, олар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша реттелініп алынған. Бұл азық-түлік жиынтығын табысы төмен отбасылар ай сайын алатын болады. Ал, тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады.

Ербол Садыр көпбалалы отбасыларға АӘК бойынша төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы жайында да түсіндірді. Яғни, жаңа жылдан бастап аталған жәрдемақының отбасылық кіріске қарамай барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп, кәмелет жасқа толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі.

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары аналардың «Көпбалалы отбасылар жәрдемақымен қоса АӘК ала ала ма?» деген сауалына жауап берді. «Көпбалалы отбасының табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен болса, отбасы арнайы жәрдемақымен қоса, АӘК алуға құқылы» деді Ербол Садыр. Жиында көпбалалы аналар өздерін мазалап жүрген өзгеде сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.