Қоғам • 24 Қаңтар, 2020

Д.Ахметов: ШҚО-да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны қамтамасыз етілді

169 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Үкіметінің кеңейтілген отырысында Шығыс Қазақстан облысының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы өңір әкімі Даниал Ахметов баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Ахметов: ШҚО-да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны қамтамасыз етілді

Әкімнің айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында тұрақты даму траекториясы сақталуда. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу динамикасы қамтамасыз етілді.

Өткен жыл ішінде, жалпы өңірлік өнім 4 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 109%-ға, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 104%-ға, инвестиция – 123%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 106%-ға артты. 443 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 108%-ды құрады.

«Нақты сектордағы оң нәтижелер ел бюджетіне салық түсімін 121%-ға, соның ішінде жергілікті бюджет түсімін 114%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тұрғындардың ақшалай кірістері 116%-ға, айлық орташа еңбекақы 114%-ға, жеке тұлғалардың салымдары 111%-ға өсті. 27 мың жаңа жұмыс орны құрылды» деді әкім. 

Облыста халықтың тұрмыс сапасына қатысты мәселелерге, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыруға ерекше мән беріледі.

«Біз алдымызға облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту принципін озық дамушы ретінде өзгерту міндетін қойдық. 3 жыл ішінде салаға 22 млрд теңге инвестицияланды. 1086 бірлік заманауи жабдық сатып алынды. Роботты хирургия және трансплантология, политравма, ортопедия орталықтары, III деңгейдегі инсульт орталығы, гибридті операциялық ашылды, Алтай және Аягөз аудан орталықтарында II деңгейдегі инсульт орталықтары құрылды» деді Д. Ахметов.

Сонымен қатар мекемелерді халықаралық «Алтын стандартқа» – Joint Commission International сәйкестігіне аккредиттеу жүргізіледі, бұл медициналық туризмді дамытуға нақты қадам жасауға мүмкіндік береді. Медициналық кадрлардың тиімді медициналық көмектің жаңа енгізілген жүйесіне сәйкестігі үшін үш деңгейлі бағдарлама шеңберінде 5,5 мыңнан астам маман біліктілігін арттырды, оның 276-ы — алыс шетелдерде.

«Қабылданған шаралар медицина деңгейін көтеруге, нәресте өлімін 28%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімді 7%-ға, туберкулезден болатын өлімді 66%-ға төмендетуге мүмкіндік берді» деді әкім.

Білім беру саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша орта білімнің жаңартылған мазмұнға көшуі жүзеге асырылды. Облыстың барлық 648 мектебін АТ-сыныптармен жабдықтау аяқталды. Үш тілді білім беру жобасын жүзеге асыру жалғасуда.

Сонымен қатар аталған шаралар, сондай-ақ «Білікті маман» облыстық жобасы бойынша өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы жоғары білімнің қолжетімділігін 48-ден 64%-ға дейін арттыруға және мектеп түлектерінің таяу шетел ЖОО-ларына кетуін 3 есе азайтуға мүмкіндік берді.

«Тұрмыс сапасы мәселелерін шеше отырып, біз аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлеміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлер мен пәтерлерді 1700 кезекте тұрғандар қатарынан 495 көп балалы отбасы алды. Қалған отбасылар 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі» деп атап өтті Д. Ахметов.

Өңір әкімінің айтуынша, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге тек бюджет қаражаты ғана емес, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының инвестициялары да, мемлекеттік-жекеменшік әріптестердің салымдары да жұмылдырылған.

Бүгінгі таңда МЖӘ-нің 266 жобасы бойынша жұмыс атқарылуда, бұл Қазақстан бойынша жобалардың 30%-ын құрайды. Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкімен өңірлік келісімдер мен шарттардың 29%-ы — Шығыс Қазақстан облысы.

«Облыстың даму келешегін қарастыра отырып және өңірді түбегейлі жаңа деңгейге шығаруға қабілетті стратегиялық ұзақ мерзімді резервтерді талдай отырып, нақты сектордың векторлық бағыты ретінде аграрлық кешен анықталған» деді әкім.

Сарапшылар Қытай нарығын соя бойынша 97 млн тонна көлемінде бағалайды. ҚХР жыл сайын 3 млн тоннаға жуық жүгері импорттайды. Осы екі бағыт алдағы бірнеше жылда ШҚО-ның ауыл шаруашылығы құрылымын өзгертеді.

Экономиканың тағы бір болашағы бар дамуы — облыстың минералдық-шикізат базасына негізделген жаңа технологиялар жасау, өндірістік процестерді жаңғырту.

Әкім атап өткендей, 2040 жылға қарай бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған ірі кен орындары іс жүзінде таусылатын болады. Осы бағытты толыққанды дамыту үшін 1 км-ден астам тереңдікте геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарының жоғары деңгейін ұйымдастырып, сирек және жерде сирек кездесетін металдар кен орындарын өндіру және қайта өңдеу бағдарламасын қабылдап, инфрақұрылымды салу қажет.

Сондай-ақ Д. Ахметов Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық мәселесіне жекелей тоқталып өтті.

«Барлық мерекелік іс-шаралардың идеологемасы Тұңғыш Президентіміз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мен “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы міндеттермен үндес. Жалпы 560 іс-шара өткізу көзделген, оның 24-і халықаралық, 21-і ұлттық, 515-і өңірлік деңгейде. Іске асырылатын жобалар идеологиялық, рухани және ағартушылық міндеттермен бірге, облыстың экономикалық, инфрақұрылымдық, туристік әлеуетін одан ары дамытуды қамтамасыз етеді. Олардың жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайды» деп түйіндеді өңір әкімі.