Медицина • 24 Қаңтар, 2020

Отандық дәрігерлеріміз алғаш рет неміс кардиологтарымен бірге отаның жаңа түрін жасады

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында отандық кардиологтардың машығын байытқан тамаша шеберлік дәрісі өтті. Қазақстанда алғаш рет дәрігерлеріміз неміс кардиологтарымен бірге криоблацияны қолданып, митральды қақпақшаға хирургиялық түзету операциясын жасады.

Отандық дәрігерлеріміз алғаш рет неміс кардиологтарымен бірге отаның жаңа түрін жасады

Алматыға «Қақпақшалы және қақпақшалы емес жүрекше фибрилляциясын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері» тақырыбындағы шеберлік дәрісіне қатысу үшін Қазақстанның барлық  өңірлерінен кардиолог дәрігерлер, интервенциялық кардиологтар мен аритмологтар, кардиохирургтар, терапевт дәрігерлер және жалпы практика дәрігерлері келді.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ұйымдастырған шеберлік класс шеңберінде Қазақстанда алғаш рет Германияның Гамбург қаласынан келген жетекші кардиохирург, профессор Thorsten Hanke криоблация (экстремалдық суықтың әсеріне негізделген жүрек аритмиясын емдеу) жасай отырып, митралдық қақпақшаға хирургиялық түзету операциясы жасалды.

Қатысушылар профессор Thorsten Hankeнің терапияны тиімді таңдау мен электрофизиология туралы дәрісін тыңдады. Ол жүрекше фибрилляциясының қаншалықты қауіпсіз екенін айтып өтті. Оның айтуынша, жүрекше фибрилляциясын сәтті емдеу пациенттердің өмірін жақсартып, ғұмырын ұзартып, инсульт қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар доктор Thorsten Hanke мамандарды оқытуда хирургтың алғашқы бес операциясы міндетті түрде тәжірибелі маманның жетекшілігімен жасалуы керектігін атап өтті.

Институттың кардиология кафедрасының профессоры Күлзида Қошымбаева жүрекше фибрилляциясына абляция жасалғаннан кейін пациенттерді операцияға дейін және операциядан кейін емдеп-қарау туралы, ал жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі Роин Реквава – жүрекше фибрилляциясының катетер арқылы емдеу туралы айтып берді.

Шеберлік сағаты барысында нақты клиникалық жағдайлар қарастырылды және қатысушылар Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бөлімше меңгерушілері Рүстем Төлеутаев пен Роин Рекваваның және профессор Thorsten Hankeмен бірлесіп жасаған операцияларын көруге мүмкіндік алды.

1

Келесі күні, яғни 25 қаңтарда операция алды және операциядан кейінгі ұсынымдар берілетін болады, сонымен қатар операция жасалып клиникалық жағдайлар  қарастырылатын болады. Жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев еліміздің барлық өңірлерінен келген әріптестеріне жүрекше фибрилляциясын торакоскопиялық емдеудің тәсілдерімен таныстыратын болады.

Осындай шеберлік дәрісін өткізу кардиохирургиядағы оперативтік араласулар техникасын меңгеруге, мамандардың кәсіби дағдысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде профессор Thorsten Hanke әлемдік тәжірибеде белгілі кардиохирург, Торакальдық және жүрек-тамыр хирургиясы жөніндегі неміс қоғамының, Еуропалық кардиоторакальдық хирургия  қауымдастығының, Неміс кардиологиялық қоғамының Аритмия жұмыс тобының, сондай-ақ Неміс кардиологтар қоғамының мүшесі болып табылады. Ол медицина саласында жасаған еңбегі мен ғылыми жаңалықтары үшін көптеген сыйлықтар мен гранттардың иегері.