Осы бір қозықұйрық аспапта халқымыздың ұшы-қиырына жету үшін ұшқан құстың қанаты талатын жазиралы кең даламыздың, оның тау-тасының, айдын шалқар көлдерінің қаншама тарихы, мұңы, жұмбақ сырлары тұнып жатыр екен десеңізші. Екі ішекті қоңыр үнді домбыра, бүкіл бір халықтың тіршілік болмысын көз алдына жайып салады. Киелі егіз ішек – екі дүние философиясы. Бұ дүние мен о дүние, шаттық, қуаныш пен мұң, жақсылық пен жамандық, сұлулық пен сұрықсыздық, аспан мен жер, күн мен түн, ақ пен қара... Оның әрбір үнінен шежіре-тарихтың бағзы замандардан сақталып бізге жеткен көне сарынын естимін, бүкіл бір ұлттың, халықтың осыншама баға жетпес мол мұрасын шашау шығармай араға мыңдаған жылдар салып бізге жеткізген, сенің жұмбақ қандай құдіретің бар болды екен, домбыра! Тарихтың қилы кезеңдерінен, көне замандардан аман-сау бүгінге жеткен, домбыра. Сен әрбір Алаш азаматы үшін қадірлі, қасиетті, киелісің. Сені қолына алған әрбір қазақ өзінің өткенімен сырласады, мұңдасады, болмысын таниды, рухтанып, намысын жаниды, өзін тереңірек түсінеді. Қазақ шаңырағының қақ төрінде ілулі тұрған домбыра, бұл әрі-беріден соң, ұлттық болмыс.
Міне, дәл осылай!Қазақты танимын десең, ең алдымен домбыра үніне құлақ түр. Атақты дәулескер күйші немесе домбыра әуезімен тамылжытып ән салатын тамаша өнерпаз болмасаң да, төрде ілулі тұрған домбыраны жәйлап қолға алып, саусақтарыңның ұшымен шертіп, перне буындарын басқан сайын жаңа бір әуез естіледі, соны бір сырларын ашады, жаныңды тербейді, көңіл күйіңді көтеріп, хош етеді. Құлағыңда бір жағымды әуез пайда болады. Ең кереметі, кеудеңде асқақ бір күш-жігер, құлшыныс, өмірге деген іңкәр құштарлық, туған еліңе, жеріңе, ұлтыңа, мынау ғажайып сырлы әлемге деген шексіз махаббат сезімі пайда болады. Бойың керемет бір жеңілдеп, мына дүниеге шыр етіп жаңа түскен сәбидей, жан дүниеңнің ғажайып бір тазаруын, мұңнан арылуын байқайсың. Осы бір ұлтымыздың – көне ішекті аспабының шығу тарихы мен ол жайлы, ерте кездерден сақталып, бүгінге жеткен талай-талай қызықты әпсана, аңыз-әңгімелер жетіп-артылады. Соның бірі былай дейді...
Ерте, ерте, ертеде... Бір ханның ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай бойжеткен қызы болады. Сол қызы, кедейдің бір жігітін сүйіп, содан жүкті болып қалады. Хан болса, қызын кедей жігітке бергенді ар санап, оған қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. Айы-күні жеткен бойжеткен, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бір ұл, бір қыз табады. Хан мыстан кемпірді астыртын тез арада өзіне шақыртып алып, ел біліп құлақтанбай тұрғанда дүние есігін жаңа ғана ашқан сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес жерге апарып таста деп әмір береді. Ол тілегі орындалады. Күндердің күнінде, қатал әкенің шешіміне қарсы келе алмаған қызы «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» тұла бойы тұңғышы – екі құлынын сағынып, ақырында оларды қайткенде іздеп табуға бекініп, жаяу-жалпылап жолға шығады. Күн жүреді, түн жүреді. Күн артынан күн өтіп, түн артынан түн өтіп, әбден шаршап, аузы кеуіп, қаталап келе жатқанда, жапан түзде қуарып өспей қалған биік ағашты көріп, сол жерге келіп отырып, оның түбіне басын сүйеп жатып, ұйықтап кетеді. Қанша уақыт өткені белгісіз. Ұзақ ұйықтайды. Өңі-түсі екені беймәлім, құлағына бір үн алыстан талып жетеді. Келе-келе әлгі үн тұсынан анық естіледі. Көзін ашып біраз жатады. Жоқ, алыстан емес, дәл қасынан шыққандай. Бұл не, қайдан жетіп жатыр, неғылған үн, мұңлы-зарлы. Денесін шымырлатып, бір өзгеше күйге түсіреді. Желдің соғысы сәл күшейсе, әлгі дауыс та қаттырақ шығады. Мейірін қандырып бауырына баса алмаған, қос құлынына деген сағынышын күшейтіп, көңілін одан сайын мұң басады. Орнынан тұрып, ағаштың ұшар басына қарайды. Жоғарыдан төмен қарата екі ішек ілініп қалған. Сол ішектер желмен тербеліп, дыбыс шығарады екен. Ойланып біраз отырып, тағы дем алды. Содан кейін, қуарып қалған қуыс ағашты қолына алып, ішін үңгіп, ағашты жонып мойын шығарады, оған екі құлақ жасайды. Ағашқа ілініп тұрған биіктегі екі ішекті төмен қарай өзіне тартып алып, оның бірін үстіңгі, ал екіншісін төменгі ішек етіп тағып, тартып көреді. Бостау бұралған жоғарғы ішек – мұңлы үн шығарады. Қаттылау бұралған төменгі ішектен зарлы үн естіледі. Тартқан сайын жүйкесін босатып, алпыс екі тамырын идіріп, елжіретіп, екі құлыны көз алдына келіп, кетпей қояды. Осылай, мұңлы, шерлі әуен құшағында көп отырған ана, бостау бұралған үстіңгі ішекке – Мұңлық, ал астыңғы – қаттырақ тартылған екінші ішекке – Зарлық деп ат қояды.
Сөйтсе, ханның әмірін орындаған мыстан кемпір, жазықсыз бейкүнә егіз сәбиді құлан жортпас қу мекендегі, жапан түзде өскен жалғыз түп осы биік ағаштың ұшар басына шығарып, бірін шығысқа, бірін батысқа қаратып іліп кеткен ғой. Жылай-жылай көздерінен аққан жастан әлгі ағаш та қуарып солып, созылып ағашқа ілінген ішектер ғана қалған. Міне, домбыраның шығу, жасалу тарихына жетелейтін бір аңыз-дерек осылай сыр шертеді.
Бір деректе үш мың, ал бір дерек көздерінде бес мың жылдық тарихы бар деп жүрген, көнекөз қасиетті домбыра тарихы жайлы сыр мен жыр бір мұнымен ғана бітпейді. Әуелде домбыра үш ішекті, бітеу болған деседі. Оның үш ішегінің біреуінің тағылмауы мен домбыра шанағының бетіндегі тесіктің пайда болуы мына бір аңызбен байланыстырылады.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бірде аңға шығып, құлан атуға кеткеннен қайтып оралмай қалады. Бір күн, екі күн өтеді. Одан да көп күн өтеді. Хан болса, баласының тірі емес, опат болғанын жүрегімен сезеді. Бірақ жаманат хабарды естігісі келмеген хан, кімде-кім менің ұлымның суық хабарын жеткізсе, соның көмейіне қоғасын ерітіп құямын деп жар салғаннан кейін, халық жаманатты білсе де, хан алдына келіп, қазаны ешкім де батылы барып естірте алмайды.
Содан бір күні, әлгі хабарды естіп, бір домбырашы хан сарайының алдына келіп, оған кірмекші болғанымен, күзетшілер қақпадан ішке енгізбейді. Қақпаның сыртына отырып алып, домбырасын тарта береді. Домбыра үнін хан да естиді. Бұл кім, қайдан келген, неғылған адам, шаруасы болса маған шақырыңдар, деп хан әмір береді. Хан алдына келген домбырашыдан жөн сұрағанда, ол үндеместен домбыраға ерік береді. Домбыра дауысы майдақоңыр үнмен басталып, жаймашуақ өмірді көз алдына елестетеді. Оқиға қоюланып, мұңды-қайғылы әуезге ауысып, бір әлемтапырық сұмдық оқиға басталады. Осы кезде, ұлының өлгенін біліп, ақырып қалып, домбырашыны тоқтатқан қатулы хан: – Мынаның көмейіне ыстық қорғасын әкеліп құйыңдар, – деп әмір береді. – Оны айтқан мен емес, мына қара домбыра, хан ием, – дейді күйші. Ендеше домбыраның көмейіне құйыңдар. Уәзірлері шөмішпен, ыстық қорғасын әкеліп, оның шанағына құйғанда, үш ішектің біреуі тырс етіп үзіліп кетіп, бітеу бетте ойық тесік пайда болады.
Осы оқиғамен байланысты тағы бір аңыз былайша тарқатылады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өлімін естірткен домбырашыны айдаһардың інінің аузына апартып тастатады. Домбырадан төгілген күй үнінің әсерімен балқыған айдаһар, әбден риза болып, інінің терең түкпірінен аттың басындай алтын әкеліп беріп, күйші аман қалады... Міне домбыра үнінің, күйдің құдіреті. Оның тылсым күші.
Сөйткен, қазақтың қоңыр үніндей домбыра кешеден бүгінге жетіп, бүгіннен болашаққа жол тартып барады. Оған дәлел, қазақта 5 мыңдай күй бар десек, күні кеше ғана «Қазақтың 1000 күйінің» жарық көруі, кешегі өткен күй кемеңгері Тәттімбет Ресей Патшасын қара домбыраның құдіретті үнімен баурап, риза етіп, оның қолынан күміс медаль алып, ұлтымыздың ішекті аспабының атын әйгілеп аспанға бір-ақ шығарса, бүгінде домбыра өзінің құдіретті дауысымен әлемді шарлап, жағымды әуенімен талай халықтың жүрегін жаулап алды.
1995 жылдан дүние жүзінің барлық аймағында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі оркестрдің орындауында тұрақты беріліп тұру құқығын жеңіп алғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Әр жылдар ішінде Американың «Корнеги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Аудиторим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәскеудің «Съездер сарайы», «Үлкен театры», П.Чайковский атындағы концерт залы, Бейжің мен Шанхайдың концерт залдары ғажайып күйдің құдіретімен талай мәрте дүр сілкініп, құдіретті әуенге бас игенін еске түсіретін болсақ, ғажайып күй қанаты әлемге танылды деп кеудемізді қуаныш кернеп, мақтанышпен айта аламыз.
Өнертанушы профессор Айтжан Тоқтаған: «Бір жылы Италияда болғанымда, домбыраның үнін естіген бір ғалым: «Бізде де осындай аспап болды ғой, жоғалтып алдық», деп шынайы қиналысын білдірді. Көңілі толқып, көзіне жас іркілгендей болды», деп жазады.
1990 жылы өнер сапарымен Жапония мен Америкада болғанын, олардың аса құрметпен қабылдап, орындарынан тік тұрып, керемет ықыласпен тыңдағанын айтады.
«Скифтер жылқының кісінегенін күйдің күмбіріне теңейді», дейді Гомер, «Ғұндар әрбір атар таңды жаңа күй шығарып қарсы алады», дейді Квинт Курций Руф (б.з.д. I ғ.), «Түркілер арасында жыл бойы шығарылған күйлердің ішінен Ұлыстың ұлы күні тоғыз күй таңдалып алынатын болған», дейді Абдулқадыр Марағи (ХVI-ХV ғ.).
Әрине, күй мен домбыра егіз. Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар. Ал жер бетінде қазақ деген ұлт барда – қасиетті, киелі үкілі домбыра да, сан ғасырлардың куәсі – баға жетпес мол мұрамыз – күй де, мәңгілік жасай бермек.
Домбыра – қазақтың жаны, болмысы, ұлттық ырғағы. Оның жоғалуы, өшуі, ұмытылуы әсте мүмкін емес. «Ұлытау» тобының орындауындағы қазақ күйінің ғажайып үнін естіген еуропа жұртының Ұлы даланың аспабы мен өнерін ұлықтай қол соғып, орындарынан өре түрегеліп, қошемет көрсетуі тегіннен-тегін емес.
2012 жылдан қазақ қалаларын «Домбыра пати» аталатын жастардың еркін флешмобы жаулап алып, әрбір аптаның бейсенбісінде әр қаланың қоғамдық-мәдени алаңқайында қолдарына домбыра ұстаған қазақ жастары кешке жиналып күй шертіп, термелетіп, ән салуды дәстүрге айналдырса, қара домбыраны әлемге кеңінен таныта түсуді көздеген қазақтың қаракөздері шараны Түркия, Португалия, Ұлыбритания мемлекеттерінде өткізіп үлгерсе, осы бір елордадан бастау алған бейресми шараның әлі де талай-талай елдерге таралып, домбыра үні әлемді шарлап, асқақтай беретініне дау жоқ. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының Жарлығымен Ұлттық мереке болып жарияланып, елімізде екінші жыл Ұлттық домбыра күнінің аталып өтуі де осы айтқандарымыздың нақты дәлелі.
Қытай тарихына көз жүгіртсек, күйді «сақ пен ғұндарда сөзі жоқ, арнайы аспаппен ойнайтын әуені бар музыка», деп жазған. Ықылым заманнан үзілмей ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұра болып келе жатқан күй әлі күнге жалғасын тауып келеді. Әлемнің бір мемлекетінде жоқ бұл өнермен қазақ қана мақтана алады. Себебі күй өнері қазақ халқына тән өнер. Қорқыты, Кетбұғасы, Асан қайғысы, Қазтуғаны, Байжігіті, хан Абылайы, Құрманғазысы, Динасы, Дәулеткерейі, Қазанғапы, Тәттімбеті, Сүгірі, Нұрғисасы мен Секені бар елдің жоғалмас бай дәстүрі бар. Және ол бола да бермек. Ендеше, домбыра барда, ұлтымыз мәңгілік. Мәңгілік ұлттың өлмес әнін құйқылжытып сала бер, домбырам!
Бекәділ СЕМҚҰЛ,
журналист
ҚАРАҒАНДЫ