Руханият • 27 Қаңтар, 2020

Домбыра – дала шежіресі

68 реткөрсетілді

Осы бір қозықұйрық аспапта халқымыздың ұшы-қиырына же­ту үшін ұшқан құстың қанаты талатын жазиралы кең даламыздың, оның тау-тасының, айдын шалқар көл­дерінің қаншама тарихы, мұңы, жұмбақ сырлары тұнып жатыр екен десеңізші. Екі ішекті қоңыр үн­ді домбыра, бүкіл бір халықтың тір­шілік болмысын көз алдына жайып салады. Киелі егіз ішек – екі дүние философиясы. Бұ дүние мен о дүние, шаттық, қуаныш пен мұң, жақсылық пен жамандық, сұлулық пен сұрықсыздық, аспан мен жер, күн мен түн, ақ пен қара... Оның әр­бір үнінен  шежіре-тарихтың бағ­зы замандардан сақталып бізге жет­кен көне сарынын естимін, бү­кіл бір ұлттың, халықтың осынша­ма баға жетпес мол мұрасын шашау шығармай араға мыңдаған жыл­дар салып бізге жеткізген, се­нің жұмбақ қандай құдіретің бар бол­­ды екен, домбыра! Тарихтың қи­лы кезеңдерінен, көне замандардан аман-сау бүгінге жеткен, домбыра. Сен әрбір Алаш азаматы үшін қадірлі, қасиетті, киелісің. Сені қолына алған әрбір қазақ өзінің өткенімен сырласады, мұңдасады, болмысын таниды, рухтанып, намысын жаниды, өзін тереңірек түсінеді. Қазақ  шаңырағының қақ төрінде ілулі тұрған домбыра, бұл әрі-беріден соң,  ұлттық болмыс.

Міне, дәл осылай!Қазақты та­ни­­мын десең, ең алдымен домбыра үніне құлақ түр. Атақты дәулескер күйші немесе домбыра әуезімен тамылжытып ән салатын тамаша өнерпаз болмасаң да, төрде ілулі тұрған домбыраны жәйлап қолға алып, саусақтарыңның ұшымен шертіп, перне буындарын басқан сайын жаңа бір әуез естіледі, соны бір сырларын ашады,  жаныңды тер­бейді, көңіл күйіңді көтеріп, хош етеді. Құлағыңда бір жағымды әуез пайда болады. Ең кереметі, кеу­деңде асқақ бір күш-жігер, құл­шыныс, өмірге деген іңкәр құш­тарлық, туған еліңе, жеріңе, ұл­тыңа, мынау ғажайып сырлы әлемге деген шексіз махаббат сезімі пайда болады. Бойың керемет бір жеңілдеп, мына дүниеге шыр етіп жаңа түскен сәбидей, жан­ дүниеңнің ғажайып бір тазаруын, мұңнан арылуын байқайсың. Осы бір ұлтымыздың – көне ішекті ас­пабының шығу тарихы мен ол жай­лы, ерте кездерден сақ­талып, бүгінге жеткен  талай-талай қызықты әпсана, аңыз-әңгімелер жетіп-артылады. Соның бірі былай дейді...

Ерте, ерте, ертеде... Бір ханның ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай бойжеткен қы­зы болады. Сол қызы, кедейдің бір жігітін сүйіп, содан жүкті болып қалады. Хан болса, қызын кедей жігітке бергенді ар санап, оған қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. Айы-күні жеткен бойжеткен, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бір ұл, бір қыз табады. Хан мыстан кемпірді астыртын тез арада өзіне шақыртып алып, ел бі­ліп құлақтанбай тұрғанда дүние есігін жаңа ғана ашқан сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес жерге апарып таста деп әмір береді. Ол тілегі орындалады. Күндердің күнінде, қатал әкенің шешіміне қарсы келе алмаған қызы «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен» тұла бойы тұңғышы – екі құлынын сағынып, ақырында оларды қайткенде іздеп табуға бекініп, жаяу-жалпылап жолға шығады.  Күн жүреді, түн жү­реді. Күн артынан күн өтіп, түн артынан түн өтіп, әбден шаршап, аузы кеуіп, қаталап келе жатқанда, жапан түзде қуарып өспей қалған биік ағашты көріп, сол жерге келіп отырып, оның түбіне басын сүйеп жатып, ұйықтап кетеді. Қанша уақыт өткені белгісіз. Ұзақ ұйықтайды. Өңі-түсі екені беймәлім,  құлағына бір үн алыстан та­лып жетеді. Келе-келе әлгі үн  тұ­сынан анық естіледі. Көзін ашып біраз жатады. Жоқ, алыстан емес, дәл қасынан шыққандай. Бұл не, қайдан жетіп жатыр, неғылған үн, мұңлы-зарлы. Денесін шымырлатып, бір өзгеше күйге түсіреді. Желдің соғысы сәл күшейсе, әлгі дауыс та қаттырақ шығады. Мейі­рін қандырып бауырына баса алмаған, қос құлынына деген сағынышын күшейтіп, көңілін одан сайын мұң басады. Орнынан тұрып, ағаштың ұшар басына қа­райды. Жоғарыдан төмен қа­рата екі ішек ілініп қалған. Сол ішек­тер желмен тербеліп, дыбыс шығарады екен. Ойланып біраз отырып, тағы дем алды. Содан кейін, қуарып қалған қуыс ағашты қолына алып, ішін үңгіп, ағашты жонып мойын шығарады, оған екі құлақ жасайды. Ағашқа ілініп тұрған биіктегі екі ішекті төмен қарай өзіне тартып алып, оның бірін үстіңгі, ал екіншісін төменгі ішек етіп тағып, тартып көреді. Бос­тау бұралған жоғарғы ішек – мұң­лы үн шығарады. Қаттылау бұралған төменгі ішектен зарлы үн естіледі. Тартқан сайын жүйкесін босатып, алпыс екі тамырын идіріп,  елжіретіп, екі құлыны көз алдына келіп, кетпей қояды. Осылай, мұңлы, шерлі әуен құшағында көп отырған ана, бостау бұралған үстіңгі ішекке – Мұңлық, ал астыңғы – қаттырақ тартылған екінші ішекке – Зарлық деп ат қояды.

Сөйтсе, ханның әмірін орын­даған мыстан кемпір, жазықсыз бей­күнә егіз сәбиді құлан жорт­пас қу мекендегі, жапан түз­де өскен жалғыз түп осы биік ағаш­тың ұшар басына шығарып, бірін шығысқа, бірін батысқа қаратып іліп кеткен ғой. Жылай-жылай көздерінен аққан жастан әлгі ағаш та қуарып солып, созылып ағашқа ілінген ішектер ғана қалған. Міне, домбыраның шығу, жасалу тарихына жетелейтін бір аңыз-дерек осылай сыр шертеді.

Бір деректе үш мың, ал бір дерек көздерінде бес мың жылдық тарихы бар деп жүрген, көнекөз қасиетті домбыра тарихы жайлы сыр мен жыр бір мұнымен ғана бітпейді. Әуелде домбыра үш ішек­ті, бітеу болған деседі. Оның үш іше­гінің біреуінің тағылмауы мен дом­быра шанағының бетіндегі тесіктің пайда болуы мына бір аңызбен байланыстырылады.

Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бірде аңға шығып, құлан ату­ға кеткеннен қайтып оралмай қалады. Бір күн, екі күн өтеді. Одан да көп күн өтеді. Хан болса, ба­ласының тірі емес, опат бол­ға­нын жүрегімен сезеді. Бірақ жа­манат хабарды естігісі келмеген хан, кімде-кім менің ұлымның суық хабарын жеткізсе, соның кө­мейіне қоғасын ерітіп құямын деп жар салғаннан кейін, халық жаманатты білсе де, хан алдына келіп, қазаны ешкім де батылы барып естірте  алмайды.

Содан бір күні, әлгі хабарды естіп, бір домбырашы хан са­­райы­ның алдына келіп, оған кірмекші болғанымен, күзетшілер қақпадан ішке енгізбейді. Қақ­паның сыртына отырып алып, домбырасын тарта береді. Дом­быра үнін хан да естиді. Бұл кім, қайдан келген, неғылған адам, шаруасы болса маған ша­қырыңдар, деп хан әмір береді. Хан алдына келген домбырашыдан жөн сұрағанда, ол үндеместен дом­быраға ерік береді. Домбыра дауысы майдақоңыр үнмен басталып, жаймашуақ өмірді көз алдына елестетеді. Оқи­ға қоюланып, мұңды-қайғылы әуезге ауысып, бір әлемтапырық сұмдық оқиға басталады. Осы кезде, ұлының өлгенін біліп, ақырып қалып, домбырашыны тоқтатқан қатулы хан: – Мынаның көмейіне ыстық қорғасын әкеліп құйыңдар, – деп әмір береді. – Оны айтқан мен емес, мына қара домбыра, хан ием, – дейді күйші. Ендеше дом­быраның көмейіне құйыңдар. Уәзірлері шөмішпен, ыстық қор­ғасын әкеліп, оның шанағына құй­ғанда, үш ішектің біреуі тырс етіп үзіліп кетіп, бітеу бетте ойық тесік пайда болады.

Осы оқиғамен байланысты тағы бір аңыз былайша тар­қатылады. Шыңғыс хан­ның үлкен ұлы Жошының өлі­мін естірткен дом­бырашыны айдаһардың іні­нің аузына апартып тастатады. Домбырадан төгілген күй үнінің әсерімен балқыған айдаһар, әбден риза болып, інінің терең түкпірінен аттың басындай алтын әкеліп бе­ріп, күйші аман қалады... Міне домбыра үнінің, күйдің құдіреті. Оның тылсым күші.

Сөйткен, қазақтың қоңыр үнін­дей домбыра кешеден бүгінге же­тіп, бүгіннен болашаққа жол тартып барады. Оған дәлел, қазақта 5 мыңдай күй бар десек, күні кеше ғана «Қазақтың 1000 күйінің» жа­рық көруі, кешегі өткен күй кемеңгері Тәт­тімбет Ресей Патшасын қара дом­быраның құ­діретті үнімен баурап, риза етіп, оның қолынан күміс медаль алып, ұлтымыздың ішекті аспабының атын әйгілеп аспанға бір-ақ шығарса,  бүгінде домбыра өзінің құдіретті  дауысымен әлемді шарлап, жағымды әуе­німен талай халықтың жүрегін жаулап алды.

1995 жылдан дүние жүзі­нің барлық аймағында Құр­манғазының «Сарыарқа» күйі оркестрдің орындауында тұрақ­ты беріліп тұру құқығын жеңіп алғанын біреу білсе,  біреу біл­меуі мүмкін. Әр жыл­дар ішінде Американың «Кор­неги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Ауди­торим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәскеудің «Съез­дер са­райы», «Үлкен театры», П.Чайков­ский атындағы концерт залы, Бейжің мен Шанхайдың концерт залдары ғажайып күйдің құдіретімен талай мәрте дүр сіл­кініп, құдіретті әуенге бас игенін еске түсіретін болсақ, ға­жайып күй қанаты әлемге танылды деп кеу­демізді қуаныш кернеп, мақ­таныш­пен айта аламыз.

Өнертанушы профессор Айт­жан Тоқтаған: «Бір жы­лы Ита­лияда болғанымда, домбыраның үнін естіген бір ғалым: «Бізде де осындай аспап болды ғой, жо­ғалтып алдық», деп шынайы қи­налысын білдірді. Көңілі толқып, көзіне жас іркілгендей болды», деп жазады.

1990 жылы өнер сапарымен Жапония мен Америкада бол­ғанын, олардың аса құрметпен  қа­былдап, орындарынан тік тұрып, керемет ықыласпен тыңдағанын айтады.

«Скифтер жылқының кісіне­генін күйдің күмбіріне теңейді», дейді Гомер, «Ғұндар әрбір атар таңды жаңа күй  шығарып қарсы ала­ды», дейді Квинт Курций Руф (б.з.д. I ғ.), «Түркілер арасында жыл бойы шығарылған күйлердің іші­нен Ұлыстың ұлы күні тоғыз күй таңдалып алынатын болған», дейді Абдулқадыр Марағи (ХVI-ХV ғ.).

Әрине, күй мен домбыра егіз. Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар. Ал жер бетінде қазақ деген ұлт барда – қа­сиетті, киелі үкілі домбыра да, сан ғасырлардың куәсі – баға жетпес мол мұрамыз – күй де, мәңгілік жа­сай бермек.

Домбыра – қазақтың жаны, бол­мысы, ұлттық ырғағы. Оның жоғалуы, өшуі, ұмытылуы әсте мүмкін емес. «Ұлытау» тобының орындауындағы қазақ күйінің ғажайып үнін естіген еуропа жұр­тының Ұлы даланың аспабы мен өнерін ұлықтай қол соғып, орындарынан өре түрегеліп, қошемет көрсетуі тегіннен-тегін емес.

2012 жылдан қазақ қалаларын «Домбыра пати» аталатын жас­тардың еркін флешмобы жаулап алып, әрбір аптаның бейсенбісінде әр қаланың қо­ғамдық-мәдени алаң­қайында қолдарына домбыра ұстаған қа­зақ жастары кешке жиналып күй шертіп, термелетіп, ән салуды дәстүрге айналдырса, қара домбыраны әлемге кеңі­нен таныта түсуді көздеген қазақ­тың қаракөздері шараны Түркия, Португалия, Ұлыбритания мем­лекеттерінде өткізіп үлгерсе, осы бір елордадан бастау алған бейресми шараның әлі де талай-талай елдерге таралып, домбыра үні әлемді шарлап, асқақтай беретініне дау жоқ. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының Жарлығымен Ұлттық мереке болып жарияланып, елі­мізде екінші жыл Ұлттық домбыра күнінің аталып өтуі де осы айт­қандарымыздың нақты дәлелі.

Қытай тарихына көз жү­гіртсек,  күйді «сақ пен ғұн­дар­да сөзі жоқ, арнайы аспаппен ойнайтын әуе­ні бар музыка», деп жазған. Ықы­лым заманнан үзілмей ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мұра болып келе жатқан күй әлі күн­ге жалғасын тауып келеді. Әлем­нің бір мем­лекетінде жоқ бұл өнер­мен қазақ қана мақтана алады. Себебі күй өнері қазақ халқына тән өнер. Қорқыты, Кетбұғасы, Асан қай­ғысы, Қазтуғаны, Байжігіті,  хан Абылайы, Құрманғазысы, Ди­нас­ы, Дәулеткерейі, Қазанғапы, Тәт­тімбеті, Сүгірі, Нұрғисасы мен Секені бар елдің жоғалмас бай дәстүрі бар. Және ол бола да бермек. Ендеше, домбыра  барда, ұлтымыз мәңгілік. Мәңгілік ұлттың өлмес әнін құйқылжытып сала бер, домбырам!

 

Бекәділ СЕМҚҰЛ,

журналист

 

ҚАРАҒАНДЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда зертханалар саны артады

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 17:10

Пәлсапа – Бекзат сана

Қазақстан • Бүгін, 15:46

Талдықорғаннан Тайыншаға дейін...

Қазақстан • Бүгін, 14:55

Тегеуріні темірдей Темірбаев

Қазақстан • Бүгін, 14:26

Карантинде шырқалған әнұран

Қазақстан • Бүгін, 13:16

Ұқсас жаңалықтар