Руханият • 27 Қаңтар, 2020

Жарты ғасырда – цирк өнері туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітап шықты

644 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Амандық болса, алдағы күндері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі өзінің 50 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы дата қарсаңында алғаш рет қазақ тілінде жазылған Нұрбақыт Бокебаевтың «Қазақстандағы цирк өнерінің бастаулары мен дамуы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесерге өнердегі танымал тұлғалар мен БАҚ өкілдері көптеп жиналып, цирк артистері салтанатты шараның сәнін асырды.

Жарты ғасырда – цирк өнері туралы қазақ тіліндегі алғашқы кітап шықты

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, Мәдениет қайраткері Нұрбақыт Бокебаевтың бұл ғылыми монографиясы – автордың іргелі ізденістерінің жемісі. Әрі аталған кітап – соңғы 50 жылда цирк тақ­ы­рыбына жазылған үшінші және қазақ тіліндегі алғашқы монография. Кітапта тосын да қызықты деректер жеткілікті.

Мегаполистің мәдени өміріндегі ай­шықты оқиғада осынау кітаптың ғы­лы­ми-зерттеудегі салмағы мен цирк та­рихындағы орны жайында Мамай Ахе­тов, Әлия Масалимова, Данияр Әлиев, Берік Жүсіпов, Аман Құлбаев сынды зиялы азаматтар орнықты пікір білдірді.

Сол сияқты кітаптың тұсаукесеріне жиналған мәдениеттанушы мамандар Қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге дейін жүйелі әрі ғылыми негізде зерттелмей келгендігін, көпұлтты Қазақстанның мәдени жетістіктерінде цирк өнерінің айтарлықтай үлесі бол­ғанына қарамастан, оны індете зерделеген іргелі зерттеулер тапшы екендігін айтады.

Сондықтан Алматы шаһарының қай­­таланбас көрнекті өнер ордасы, ақ­шаңқан күзбезімен сәулеті жарасқан, ұлт­тық цирк өнерінің қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдық мерей­тойы қарсаңында жарық көріп, оқырманға ұсынылып отырған бұл монография жоғарыдағы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған игі қа­дамның бірі. Бекзат өнерге деген жа­нашырлықтың жарқын үлгісі, ұлт мә­дениетінің кемелденуіне қосылған үлес­тің кішкентай бөлігі десек те болар. Кі­тапта ежелгі цирк өнері алғашында культтік, бақсылық дәстүр, діни жоралғы, спорттық жарыстар мен жәрмеңкелік сауық-сайран сияқты мәдени қайнардан бастау алғаны айтылады. Тылсым күш­терді шақырып, тотемдік акробатиканы меңгерген алғашқы қауымдық дә­уір­дегі бақсылардың жаңа әлемдік дін­дердің пайда болуына байланыс­ты бұрынғы асқақ әлеуметтік мәртебесінен айырылып, кейін кезбе сиқыршы, секіргіш адамға, жонглерге, мимге, аң үйретушіге, атбегіге, сайқымазаққа, ертедегі культтік әрекеттердің жаппай ойын-сауық пен драмалық көріністерге айналу үдерісі – әлемдік мәдениет тарихындағы кең таралған құбылыс болғаны, цирк өнері мистикалық сипаттан мәдени құндылыққа ұласқаны жан-жақты көрсетілген.

Қазақтың атбегілік өнері, саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирк­тің бастаулары жатыр. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен «Аударыспақ», «Теңге алу», «Көкпар»  сынды ат үстінде ойналатын ұлттық ойындары дене тәр­биесіне жаттығумен қатар, көшпелі мәде­ниеттің айшықты өнімі түрінде цирк трюк­тарына айналды. Сондықтан да си­қырлы цирк өнері қазақтың қанында бағзыдан бар, ата салтымен дарыған қасиет. Ұлы дала – ежелден көшпенді ха­лық мекендеген, ұрпақтарына өздерінің қайталанбас дәстүрлі және синкреттік (тұтас) мәдениетін мұраға қалдырған. Автор өз еңбегінде далалық цирк өнер­намасы – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, күнделікті тұрмыс-салттың да­му барысында шыңдалған мәдени құ­ры­лымы деген тұжырым жасайды. Мо­нография мазмұнында бірқатар тұжы­рым назар аудартады.

Біріншіден, палеолит дәуірінен бү­­гінге дейін далалық цирк өнерінің бас­­таулары мен қалыптасу кезеңдері көр­сетілген. Энеолит дәуірінде көш­пенді ба­баларымыздың жабайы жыл­қыны алғаш қолға үйретуінен бастап арғы­мақтық цирк өнерінің культурогенезі басталды деген түйін жасалады.

Екіншіден, Ұлы даланың көшпелі мәдени өмір салты әр қазақ бала­сын еркін шабандоз ретінде қалып­тас­тырғандығы айтылады.

Үшіншіден, далалық цирк өнерінің жарқын өкілдері – сал-серілер екені, олар­дың шығармашылығы синкретизмнің үлгісі екені дәлелденген.

Төртіншіден, сал-серілердің арасында цирк трюктарын кәсіби түрде орындайтын «ағашаяқ» атанған өкілдері болғаны анықталған. 

Бесіншіден, қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар көсе, Қожанасыр, Құлақай қу, Шаншардың қулары ретінде көрініс тапқаны айқындалады.

Бұл монография цирк өнерінің тарихы мен қалыптасуы, жаһандану жағ­дайындағы заманауи бұқаралық мәдениет құрылымындағы рөлі тұрғысынан ал­ғанда, Қазақстандағы осы өнер түріне өзін­ше мәдениеттанулық зерттеу жасаған ең алғашқы жұмыс болып табылады.

Нұрбақыт Бокебаевтың зерттеу еңбегі цирк өнерін, оның ішінде қазіргі заманғы қазақстандық циркті зерттеушілерге, мәдени білім беру мекемелерінің педагогтары мен студенттеріне, сонымен қатар, цирк жетекшілері мен менеджерлеріне ғылыми, ақпараттық, әдістемелік құ­рал ретінде пайдасын тигізе алады. Моно­графия авторы 17 мүшеден тұратын ха­лық­аралық цирк қауымдастығының қазы­лар алқасының Орталық Азия бойынша бірден бір өкілі. Бұл – автордың ғана емес, Қазақстан циркінің әлемдік цирк са­ла­­сында абырой-беделінің жоғары екенін көрсетсе керек.

 

АЛМАТЫ