Әлем • 27 Қаңтар, 2020

Түркия: зілзаладан қаза тапқандар саны 31-ге жетті

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның шығысында осы жылдың 24 қаңтарында сағат 20:55-те 6,8 балл қуатымен болған жер сілкінісінен қаза тапқандар мен жарақат алғандардың саны бойынша жаңа деректер тіркелуде. Нақтылай айтқанда, «Анадолы» агенттігінің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, аталған жер сілкінісінен қаза болғандар саны 31-ге жеткен, ал медициналық көмекке 1566 адам жүгінген.

Түркия: зілзаладан қаза тапқандар саны 31-ге жетті

Соңғы деректер бойынша, құтқа­ру­шы­лар үйінділер астында қалып қойған 44 адамды алып шыққан. Зілзаладан 76 ғимарат қирап, 643 нысанға қатты нұқсан келген. 425 нысан жеңіл және орташа деңгейде зақымданған. Зілзаладан кейін іле-шала 599 афтершок тіркелген.

Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайларды алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі басқарманың (AFAD) мәліметіне қарағанда, жерасты эпицентрі Сивридже уезінде Элазығ провинциясында орналасқан.

Сонымен қатар жерасты дүмпулері Элазығқа жақын орналасқан провинцияларда (Адана, Хатай, Османие, Тунжели, Газиантеп, Шанлыурфа, Малатья, Мардин, Самсун, Токат, Чорум және Кайсери), сондай-ақ Сирияның солтүстігінде сезілген.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.

Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.

Айта кетейік, Түркия сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан мемлекет. 1999 жылы Түркияның батысындағы Измит қаласында куатты жер сілкінісі болып, 17 мыңнан астам адам қаза тауып, шамамен 500 мың адам баспанасыз қалған еді.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар