06 Тамыз, 2013

Елбасы қабылдады

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинді қабыл­да­ды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Ұ.Қа­рабалин Мемлекет басшысына министрліктің мұнай мен газ өндіру, мұнай-химия өнеркәсібі және көмірсутек шикізатын тасымалдауды қамтамасыз ету тәрізді сала­лар­дағы қызметі туралы баян­дады.

Сонымен қатар, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақты қосқанда, ірі кен орындарын игеруге байланысты мә­селелер талқыланды. Теңіз жобасында, сондай-ақ, өзге де болашақ кен орындарын игеру барысында еліміздің мүддесін мейлінше ескеру қажеттігіне басты назар аударылды.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан үшін стратегиялық сала­ның бірі болып саналатын мұнай-газ саласын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

– Бүгінгі күні Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді бастауға дайындық процесі жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұнай және газ министрлігіне үлкен жауапкершілік жүк­те­леді. Оның қызметі жетіл­ді­ріліп, тиімділігі арттырылатынына сенемін. Сондай-ақ, министрлік тәжірибе және технологиялар алмасу үшін көршілес елдердегі се­ріктестерімен тығыз ын­тымақтастықта болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ұ.Қарабалин саланы дамытудың оң қар­қыны туралы хабардар етті.

– 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының қоры­тындысы бойынша мұнай және газ конденсатын өндіру 40 миллион тоннадан астамды құрап, 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайыз болды. Сонымен бірге, табиғи және ілеспе газ өндіру жоспарланған кестеге сай жүргізілуде. Мұнай-газ өнімдерін экспорттау жөніндегі жоспарлар, жалпы алғанда, орындалуда, жекелеген көрсеткіштер жыл аяғына дейін теңестірілетін болады, – деді Мұнай және газ министрі.

Ұ.Қарабалин Каспийдің қазақстандық қайраңының Жамбыл учаскесіндегі жұ­мыс­тары туралы да мәлім етті.

– Жамбыл құрылымындағы барлау ұңғымасын сынақтан өткізу кезінде тәулігіне 60 тонна мұнай ағыны алынды. Біз бұл нысанды зерттеуді одан әрі жүргізе береміз, бірақ қазірдің өзінде жаңа кен орны табылғандығы туралы айта беруге болады, соған орай Сізді құттықтағым келеді. Мұнайшылар және біздің бәріміз үшін бұл өте қуанышты оқиға, – деді Мұнай және газ министрі.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.