Экономика • 28 Қаңтар, 2020

Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі Ақша-несие саясаты стратегиясының жобасын әзірлейді

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Үкіметтің 24.01.2020 жылғы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі Ақша-несие саясаты стратегиясының жобасын әзірлейді

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес біз Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті іс-шаралар жоспарын келістік», — деді Е. Досаев. 

Ұлттық Банкке бекітілген іс-шаралар шеңберінде бірқатар бағыт бойынша жұмысты жүргізу көзделген. Оның ішінде-ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму қажеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, валюта нарығын дамыту және т. б. бойынша.

Ақша-несие саясаты

Ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, инфляциялық күтулерді тұрақтандыру және экономиканы ұзақ мерзімді қорландыруды қамтамасыз ету үшін біз ағымдағы жылғы наурыздың соңына дейін Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасын әзірлейміз. Сараптамалық қауымдастықпен талқыланғаннан және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық Банк Басқармасына ұсынылады.

Қаржы тұрақтылығы мен экономикалық өсу арасындағы теңгерім

Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру мақсатында ағымдағы жылғы наурызда Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында келісім жасалады. 

Құжатта 2019 жылы басталған макроэкономикалық саясатты үйлестіру жұмысы жалғастырылады және қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму қажеттілігі арасындағы балансты қамтамасыз ету тәсілдері әзірленеді. 

Келісімде мыналар:

  • азық-түлік нарықтарындағы бәсекелестікті арттыру және реттелетін қызметтерге тарифтерді тиімді бақылау шаралары;
  • Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту және 2-5 жылдық облигацияларды басым түрде шығару мәселелері;
  • экспортты одан әрі әртараптандыру және импорт ауыстыру бойынша жұмсалатын күш;
  • банкроттық рәсімдерін, атап айтқанда «бір теңге – бір дауыс» рәсімін жетілдіру жұмысын жалғастыру, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру үшін банкроттық рәсімін жүргізу мерзімдерін шектеу қамтылуы тиіс.  

Валюта нарығын дамыту 

Қаржы нарығын теңгерімді дамытуды қамтамасыз ету және Қазақстанға шетелдік капиталды тарту жұмысы шеңберінде Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2020 жылғы 1 шілдеге дейін валюталық тәуекелдерді хеджирлеудің нарықтық инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар енгізеді.

Бұл, бір жағынан, қаржы ұйымдарының балансындағы валюта қаражатын экономиканы ұлттық валютада кредиттеуге жұмсауға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, шетелдік инвесторларды валюталық тәуекелдерден қорғау құралына айналады, соның нәтижесінде негізгі капиталға инвестициялар көлемін ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізуге ықпал ететін болады. 

Төлем жүйесін дамыту

«Көлеңкелі экономикамен күрес және қолма-қол ақшасыз есеп айырысулардың үлесін арттыру мәселелері Ұлттық банктің негізгі басым міндеттерінің бірі», — деді Е. Досаев.

Ұлттық банк алға қойған мақсаттарға жету үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Үкіметпен бірлесіп 2020 жылғы 1 қазанға дейін Ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын әзірлейді. Ұлттық төлем жүйесі барлық мүдделі тараптар үшін өзара тиімді негізде құрылатын болады.  

Қаржылық технологиялар мен инновациялар

«Қаржы технологияларын одан әрі дамыту мәселесі оларды қаржы нарығына енгізу тұрғысынан ғана маңызды емес, бүкіл қаржы секторын кешенді дамытудың негізгі факторы болып табылады», — деп Е. Досаев, Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2020 жылғы 1 шілдеге дейін Қаржы технологиялары мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлейтінін айтты. 

Инвестициялар статистикасы

Мемлекет басшысы атап өткендей, тікелей инвестицияларды тарту — елді дамытудың негізгі құралы. 

Барынша айқын мәліметті алу үшін Ұлттық банк 2020 жылғы сәуірден бастап мұнай-газ саласын есепке алмастан тікелей шетелдік инвестициялардың әкеліну статистикасын тоқсан сайын жариялайтын болады.

Қаржылық тұрақтылық және қаржы секторын одан әрі реформалаудың барлық шараларын үйлестіру Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес құрылған Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес арқылы қамтамасыз етіледі.