Қазақстан • 28 Қаңтар, 2020

Алматыда «Сергек» камералары 4,5 мың ереже бұзу фактісін анықтады

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда биылғы жылдың алғашқы 20 күнінде қылмыс деңгейі 38%-ға төмендеген. Құқықбұзушылықтарды анықтауда бейне бақылау құрылғыларының  көмегі зор.  Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің «Инстаграм»  парақшасында жазды.

Алматыда «Сергек» камералары 4,5 мың ереже бұзу фактісін анықтады

Қалада жаңа жылдан бастап аппаратты-бағдарламалы «Сергек» кешенінің 400 бекеті жұмыс жасай бастады. Алғашқы 22 күн ішінде олар 4,5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын тіркеді. Нәтижесінде осы күндер ішінде ЖКО 11,6%-ға төмендеген.

Жалпы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс 38%-ға қысқарған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасады, оның ішінде жолдар мен қалалықтар көп жиналатын жерлерде видеобақылау мониторингінің жүйесі кеңінен қолданылатын болады.

«Ағымдағы жылы «Сергектің» қосымша 360-тан астам бекетін орнатуды жоспарлаудамыз. Әр жыл сайын қоғамдық тәртіптің бұзылуын қадағалайтын автоматты видеобақылау жүйесінің үлесі артатын болады», - деді Б. Сағынтаев.

Еске салсақ 2019 жылдың 5 шілдесінде шаһар басшысы қаланың полиция департаментінің басшылығымен және жұртшылықпен кеңес өткізген еді. Полицияға учаскелік инспекторлар мен патрульдердің жұмыстарын қайта қарау, патрульдеу бағыттарын аулалардан бастау жөнінде тапсырмалалар берілген еді. Сонымен бірге, қылмысты алдын алудың пәрменді тетігі ретінде бейнебақылаудың автоматты жүйелерін жетілдіру ісі баса назарға алынған болатын.

Өткен жылдың күзінде барлық аудандарда барынша криминогенді учаскелер анықталып, полицияның 23 мобильді бекеттері орнатылды. Оларға 2424 адам жүгініп, нәтижесінде 300 әкімшілік іс қозғалды, 956 өтініш бойынша жедел шаралар қабылданды. Өтініш жасаған 1167 адамға заңнамалық көмек көрсетілген.